Өмірде түрлі-түрлі адам бар. Кейбірінің мінез-құлқын, әрекетін түсіну қиын. Біздің ауылды мекен еткен Қалдыбай әулетінің адамдары туған-туысты да, былайғы жұртты да таңғалдырудан жалыққан емес.
Жиын-той, көпшілік жиналған дұға ас кезінде бұл үйдің қыздары (бүгінде көпшілігі немере сүйген әже ғой) ұрыс-керіс шығарып, жүрген жерлерін ту-талақай қылады да қояды. Бірінің әкелген азық-түлігін екіншісі жақтырмай, «Сатып алған құрмасы күлтөбеден жиналғандай», – деп, әйтеуір бір-бірімен керісуге бір себеп тауып алатынын қайтерсіз.
Бұл әулеттің қыздары өткен-кеткен адамға ғана емес, соққан желге де соқтықпай отыра алмайтындай.
Бір күні аналарының қырық күндік дұға асы берілді. Аналары Жарияның құрбысы Қатша сөз сөйлеуге микрофон сұрап еді, осы үйдің бір қызы: «Микрофонды неге іздеп тұрсыз? Бұл концерт пе соншама?» – деп, мін тақты. Одан ересегі үстелдегі бауырсақ пен кәмпитті шалғай жерден келген туыстарына «Жасын берсін!» – деп ырымдап салып беріп жатқан сіңлісін сөгіп, «Үстелді үптегеннен басқа ештеңе істемедің!» – деп лаң салды.
Бұл үйдегі Нұргүлдің лақап аты – «Міністір». Өйткені отырған жерінде бәлсіне сөйлеп, ақыл үйретіп әдеттеніп кеткен, өзін көпшіліктің ортасында министр сияқты ұстайды. Осыдан он жыл бұрын күйеуі нашарлап жатқанда көңілін сұрай барғандарды босағадан аттатпай, «Жұқпалы аурудан аман ба едіңдер?!» – деп, жаңа «өнер» шығарғаны бар. Жалпы, бұл әулеттің қыздары осындай оқшау қылықтарынан өздері ләззат алатындай.
Күндердің күнінде Қалдыбай әулетінде аруақтарға дұға оқылып, ас берілді. Молда құраннан соң ақ параққа аты жазылған аруақтардың аттарын атап шықты. Осы кезде Қалдыбайдың тұңғышы Қамқаның түрі бұзылып кетті. Ас аяқталар-аяқталмастан өңі сұрлана сыртқа бет алды. Ешкіммен қоштасқан жоқ. Себебі Қамқа нағашы әжесінің, нағашы ағасының қолында өскен. Сол жақтан ұзатылған. Өз сіңлілері сияқты ұрыс-керіске араласа қоймайды.
«Бақсақ», бақа екен» демекші, бұл астағы аруақтар тізімін «Міністір» құрып, еліміздегі келімді-кетімді ми-
нистрлер құсап аруақтар тізімін «реформалаған» болып шықты. Реформалағанда, өзінің қайын жұртын, бай-қуатты құдаларына жағынбақ ниетпен сол жақты ұзыннан-ұзақ тізіп шыққан. Ал нағашы әжесін тізімге мүлдем кіргізбей, жалпы нағашылар тарапына «қысқарту» жүргізіпті. Өзінің медицина училищесінде алған білімінің білдей министрдің болмысына тең екенін туған-туыс, ауылдас атаулыға дәлелдей алмай, «тасыған» ақылы ішіне сыймай, әсіресе, өзін мойындай қоймайтын нағашылар тарапынан өшін осылай алған амалы болса керек.
Жұрттың аузына кім қақпақ қоя алған? Қалдыбай ел аузында «жынды Қалдыбай» атанып өткен. Осы атау ол өлген соң ұмытыла ма десек, жоқ, қыздары ұмыттырар емес. О заман да бұ заман, аруаққа «сокращение» жасағанды кім көрген?! Тап жындының ісі!





