Қазақта «Көрші хақысы – Тәңір хақысы» деген сөз бар. Мән-мағынасы терең осы нақыл сөз ауылда туған, ауылда өскен ұл-қыздардың құлағына бала кездерінен сіңіріліп, жүректерінде ұялаған. Мұндай адамдар көрші қадірін жақсы білгендіктен, ауылдан қалаға қоныс аударса да, көршілерімен тығыз қарым-қатынас орнатуды, тату-тәтті болуды парыз санайды. Бүгінгі әңгіме Естай Беркімбаев көшесі, №95/1 үйдің 6-даланында тұратын көршілер жайлы болмақ.
Жаз бойы сырттай бақылап жүріп олардың тыныс-тіршілігіне әбден қанық болдым. Кешқұрым ер азаматтар аулада бас қосып, даланды көріктендірудің жоспарын құрып, пікір алмасып жүрді. Әрине, мұндайда ортақ шаруаның алға басуы үшін көршілердің басын біріктіретін ілкімді азамат керек. Бұл міндет Тай ауылының тумасы, зейнеткерлікке шыққанға дейін Өлеңті орта мектебінде еңбек пәнінің мұғалімі болған Бадылхан Қарабаевқа жүктелген. Он саусағынан өнер тамған ол – сөзімен ғана емес, ісімен де өзге көршілерге үлгі. Ал табиғатынан салмақты, жасы алпысты орталаған төртүйлік Хамит Жакупов атқарылған жұмыстың сапалы болуын қадағалап, жастар жағына ақыл-кеңесін беріп, көршілерді жылы сөзімен демеуді өзіне парыз көреді.
Сөз басында айтқанымыздай, әр тарапта туып-өскен азаматтарды тағдыр қаладағы биік үйде көрші етіп табыстырған ғой. Мәселен, Мұса Ыдырысов – Баянауыл ауданы Мәшһүр Жүсіп ауылынан, Толыбай Нокин – көкшетаулық, Руслан Базаралинов – Ақтоғай ауданы Қараоба, Сейітқали Исин – Баянауыл ауданы Жүсіпбек Аймауытов ауылынан. Осы азаматтардың бәрі әзілдесіп, қалжыңдасып жүріп-ақ жаз ішінде қыруар шаруа тындырып, даланның іші мен сыртын жайнатып қойды.
Нақтырақ айтқанда, кіреберіс төбесіне қаңылтырдан маңдайша жасап, қабырғасының ашық жағын жартылай кірпішпен қалап, табанына қиматас төсеп, әктеп, бояп, әп-әдемі етті. Әрине, мұның бәріне қаражат керек. Бір ғажабы, көршілер қаражат жинауда ұйымшыл. Осындай ұйымшылдықтың үлгісін тоғыз қабатты үйдің әр қабатындағы далан терезелерін жаңа пластик терезелерге ауыстыру кезінде де көзбен көрдік.
Айтпақшы, аулаға жасыл желек сән береді емес пе. Көршілер ерте көктемде кіреберістің қос қапталына неше түрлі гүл егіп, оны жаз бойы суарып, күтті. Қазіргі уақытта гүлдер жайқалып өсіп, аулаға көрік беріп тұр. Мұны экологиялық акцияға қосылған үлес деуге әбден болады.
Жалпы, тазалық табалдырықтан басталады демей ме. Биік үйдегі тату көршілердің тірлігіне қарап, тазалық кіреберістен басталады дер едім. Сол тазалықты мақсат етіп жұмыла іс-әрекет қылған ересектердің үлгісі балалары мен немерелеріне де жұғысты болғанын байқағанда тіптен сүйсінесің. Әрі осындай көршілердің іс-әрекеті Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын жүзеге асырудың қарапайым һәм кішкентай қадамы ма деген ойға қаласың. Өйткені әрбір ірі іс кішкентай істен бастау алады емес пе.
Ж. Сәдуақас







