Жомарт күздің келіп жеткенін жәрмеңкеден де аңғаруға болады. 22 тамыз күні әдеттегідей «Халық базарында» ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
Базар ауласындағы сөрелер түрлі көкөніс пен жеміске сықиып тұр. Пияз бен сәбізді, картопты арзандау бағаға сатып алушылар көп. Мәселен, жас картоптың 1 килосы – 180-200 теңге. Бұл ерте жетілетін «Коломбо» деп аталатын картоп екен. Естуімізше, егіс басында диқандар 1 килосын 100 теңгеден босататын көрінеді. Осыдан-ақ кәсіпкерлердің өнімге қанша үстеме қосатынын бағамдай беруге болады.
Күз – малдың да семіретін кезі. Жабық базар ішінде жылқы, сиыр еті тіптен мол. Сүйек-саяғымен аралас сатылатын еттің килосы 3400 теңгеден екен. Бір апта бұрын 3500 теңгеден сатылған еді. Соған қарағанда ет көбейген сайын бағасы ептеп түсетін сияқты.
Ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы берген мәліметтерге сүйенсек, жәрмеңкеде 9 жылқы, 14 қара мал,
4 қой еті сатылыпты. Қой еті Шиқылдақ ауылынан, ал жылқы мен сиыр еті Ақкөл, Екібастұз, Қоянды ауылдық округтерінен жеткізіліпті. Сонымен қатар, Теміржол, Екібастұз ауылдық округтерінен, Бәйет ауылынан сүт пен қаймақ, май мен айран, ірімшік әкелген шаруалар болды. Оған қоса, жәрмеңке сайын Баянауыл, Ақтоғай, Шарбақты аудандарынан да сүт пен сүт өнімдері, ал Жетекші ауылындағы құс фабрикасынан ІІ санатты арзан жұмыртқа жеткізіліп жүргенін жәрмеңкеде жиі болатын тұтынушылар біледі.
Көзіміз шалған тағы бір жаңалық: «Халық базары» ауласында жаңа жабық ғимарат салынып жатыр. Ол пайдалануға берілгенде қызмет көрсету тіптен жақсара түспекші.
Ж.Жәлелұлы






