Адам денсаулығы күнделікті тұтынатын заттардың, азық-түліктің сапасы мен қауіпсіздігіне байланысты. Өнімнің қауіпсіздігіне қойылатын талаптардың сақталуы – мемлекет, кәсіпкер және тұтынушыға ортақ жауапкершілік. Мұндай талаптарды сақтау үшін халық тұтынатын заттар дұрыс таңбалануы керек.
Бұл туралы азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігі және таңбалаудың маңыздылығына арналған брифинг барысында санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы техникалық регламенттер талаптарының сақталуын бақылау бөлімінің басшысы Гүлнұр Зәкиева айтып өтті.
– Өнімдердің қауіпсіздігі – халық денсаулығын қорғаудың маңызды құрамдас бөлігі. Әсіресе, азық-түлік өнімдерін өндіру, сақтау, тасымалдау және өткізу кезінде белгіленген талаптар қатаң сақталуы қажет. Бұл талаптар Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттерімен, санитарлық нормалармен және қағидалармен реттеледі, – дейді маман.
Дүкен сөресіндегі кез келген затты сатып алар алдында оның қаптамасындағы ақпаратқа назар аудару қажет. Өйткені таңбалау – тұтынушыға өнім туралы толық әрі түсінікті мәлімет беретін негізгі ақпарат көзі. Ол зат тамақ, ойыншық немесе косметика болуы да мүмкін.
Өнімнің қаптамасында оның атауы, құрамы, өндірілген күні, жарамдылық мерзімі, сақтау шарттары, өндіруші туралы мәліметтер және заңнамада көзделген өзге де ақпарат көрсетілуі тиіс. Сонымен қатар құрамында адам денсаулығына әсер етуі мүмкін аллергендер болса, олар туралы ақпарат та толық әрі анық жазылуы қажет.
Таңбалануы толық емес немесе оқуға түсініксіз, сондай-ақ, белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін өнімді сатып алмаған жөн. Себебі қаптамада қажетті ақпараттың болмауы, жарамдылық мерзімінің өтіп кетуі немесе өнімді сақтау талаптарының бұзылуы оның сапасына кері әсер етіп, тұтынушы денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін. Таңбалаудың мемлекеттік және орыс тілдерінде толық болуына мән берген дұрыс.
Өкініштісі, қаптамадағы жазуы түсініксіз заттардың бәріне бірдей тыйым салу мүмкін емес. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, тексеруші органдар құрылғанына 3 жыл толмаған кәсіпкерлерді тексере алмайды. Сондықтан соңғы кезде жауыннан кейін қаптаған саңырауқұлақтар секілді дүкен сөрелерін жаулаған, кәріс не қытай тілі екені белгісіз қаптамаларға ораған қызылды-жасылды орамалардағы зиянды заттарды түбегейлі құрту мүмкін болмай отыр. Әсіресе слайм мен сквиш сияқты антистресс ойыншықтар, күмәнді тәттілерді балалар сатып қызығып алуда. Олардың құрамында токсинді химиялық қоспалар барына ата-аналар да көңіл аудара бермейді.
Екібастұз қаласында сатылатын тамақ және тамаққа жатпайтын өнімдердің қауіпсіздігін бақылау жұмыстары тұрақты түрде жүргізіледі. Ағымдағы жылдың басынан бері 27 сауда объектісінде бақылау мақсатында сатып алулар жүргізілген. Іс-шаралар барысында 490 өнім үлгісі сатып алынып, санитарлық-химиялық, бактериологиялық және токсикологиялық көрсеткіштерін білу үшін зертханалық зерттеулерге жіберілген.
Зерттеу нәтижесінде талаптарға сәйкес келмейтін 101 өнім үлгісі анықталған. Брифинг барысында айтылғандай, анықталған бұзушылықтардың басым бөлігі өнімдерді таңбалау талаптарына қатысты болған. Талаптарға сәйкес келмейтін өнімдерге қатысты тиісті шаралар қабылданып, белгіленген талаптарға сай емес тауарлар сауда сөрелерінен алынып тасталды.
Тұтынатын өнімдердің қауіпсіздігі – мемлекет, бизнес және әрбір тұтынушыға ортақ жауапкершілік. Сондықтан бір затты сатып аларда сыртына ғана емес, қаптамасындағы ақпаратына да қарауды әдетке айналдырған дұрыс.
Г.МЕДЕУБАЙТЕГІ






