Иммунопрофилактика – жұқпалы аурулардың алдын алудағы ең тиімді тәсілдердің бірі. Вакциналау арқылы адам ағзасы белгілі бір инфекцияға қарсы қорғаныс қалыптастырып, ауруды жұқтыру немесе оның ауыр өту қаупін төмендетеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы вакцинацияны қауіпсіз әрі тиімді профилактикалық шаралардың бірі деп бағалайды.
Бұл бағытта халық арасында түсіндіру жұмыстары жиі жүргізіліп жүр. Осы мақсатта №1 емханада иммунопрофилактика кабинеті ашылып, балалардың екпе алуына байланысты жұмыстар жалғасуда.
«Дисконт» ӨК-не қарасты №1 емханаға бүгінде 10 мыңнан астам бала тіркелген. Оның ішінде 800-ге жуығы – бір жасқа толмаған сәби. Балалардың 50 пайыздан астамы ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес жоспарлы екпелерін алыпты.
Иммунопрофилактика дәрігері, педиатр Меруерт Баткүлден ата-аналардың екпе туралы ақпаратты дұрыс түсінуі маңызды екенін айтады. Себебі вакциналаудың негізгі мақсаты – аурудың алдын алу.
Қазақстанда профилактикалық екпелер ұлттық күнтізбеге сәйкес жүргізіледі. Қазіргі күнтізбеде бірқатар жұқпалы ауруларға, соның ішінде туберкулез, вирустық гепатит В, көкжөтел, дифтерия, сіреспе, полиомиелит, пневмококк инфекциясы, қызылша, қызамық және паротитке қарсы вакциналау қарастырылған. Міндетті екпелер тіркелген жері бойынша тегін жасалады.
Бала дүниеге келгеннен кейін жасалатын алғашқы екпелердің бірі – БЦЖ, яғни, туберкулезге қарсы вакцина. Қазақстанның ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес БЦЖ екпесі нәрестеге өмірінің алғашқы күндерінде, әдетте перзентханада жасалады.
БЦЖ вакцинасы балаларды туберкулездің ауыр түрлерінен қорғауға бағытталған. ДДСҰ мәліметінше, нәрестелік кезеңде жасалған БЦЖ вакцинасы балаларға туберкулездік менингит пен милиарлық туберкулез сияқты ауыр түрлерден айтарлықтай қорғаныш береді.
Иммунопрофилактика саласындағы маңызды жаңалықтардың бірі – адам папиллома вирусына (АПВ) қарсы вакцинаның ұлттық күнтізбеге енгізілуі. Елімізде АПВ-ға қарсы вакциналау 2024 жылдан бастап профилактикалық екпе күнтізбесіне енгізілді. Қазіргі тәртіп бойынша 11 жастағы қыздарға жоспарлы вакциналау жүргізіледі, сондай-ақ, 12–13 жастағы қыздарға толықтырушы иммундау қарастырылған. Толық курс екі дозадан тұрады.
Дәрігерлер бұл екпенің маңызы ерекше екенін айтады. Вакциналау адам папиллома вирусының кейбір түрлерінен болатын жатыр мойны обырының алдын алуға бағытталған.
Күздің келуімен бірге маусымдық тұмауға қарсы егу жұмыстары да басталады. №1 емханада 15 қыркүйектен бастап балаларға тұмауға қарсы екпені тегін жүргізу жоспарланған.
Тұмау кей жағдайда жеңіл өткенімен, әсіресе, кішкентай балалар, қарттар және созылмалы аурулары бар адамдар үшін асқыну қаупін тудыруы мүмкін. Сондықтан маусым басталмай тұрып алдын ала қорғану маңызды. Маусымдық тұмауға қарсы вакциналау тиісті топтар үшін профилактикалық шара ретінде қарастырылады.
Меруерт Ғалықызының айтуынша, емханада екпе алудан бас тартқан балалардың ата-аналарымен арнайы түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Иммунопрофилактика кабинетін ашудағы мақсат та ата-аналардың сұрақтарына жауап беру, вакциналаудың пайдасы мен маңызын түсіндіру және екпеге қатысты күмәнді сейілту болып отыр.
Вакциналау мәселесінде ең маңыздысы – дұрыс әрі сенімді ақпаратқа сүйену. Әлеуметтік желілердегі немесе белгісіз интернет ресурстарындағы мәліметтерге ғана сенбей, сұрақ туындаған жағдайда медицина қызметкерлерінен кеңес алған жөн.
Екпе ағзаны белгілі бір инфекцияға қарсы иммундық жауап қалыптастыруға үйретеді. Яғни, адам аурудың өзімен кездескенге дейін қорғаныс механизмін дайындайды.
Бала денсаулығы аса маңызды. Жоспарлы екпелерді уақытында алу арқылы әр отбасы өз баласының денсаулығын қорғай алады.
Гүлсана ҚУАТҚЫЗЫ






