21 тамыз күні қала әкімдігінде көпбалалы аналарды марапаттау рәсімі өтті. Ардақты аналарды қала басшысы Аян Бейсекин құттықтап, жүрекжарды лебізін білдірді.
– Отбасы – қоғамның алтын діңгегі, ұлттың ұйытқысы. Бүгінгі таңда отбасы институтының нығаюы – ел болашағының баянды болуының кепілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Берекелі отбасы – мықты мемлекеттің кепілі» деп атап өткен болатын. Ана болу – өмірдің ең асыл мұраты, адамзатқа берілген ұлы сый. Ананың жүрегіндегі шексіз мейірім, алақанындағы жылу мен жанарындағы мейірбандық – бұл дүниедегі ең кіршіксіз, ең қасиетті құндылықтардың бірі. Сіздердің бүгін алып отырған марапаттарыңыз – сол ұлы еңбектің, өлшеусіз махаббат пен төзімнің айқын белгісі, – деген Аян Уахитұлы марапатталушы аналарға зор денсаулық, ұрпақ қызығын көруді тіледі.
Осыдан соң марапаттау жүргізілді. ҚР Президентінің «Көпбалалы аналарды «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен наградтау туралы» № 1320 Жарлығына сәйкес, жеті бала туып, тәрбиелегені үшін «Алтын алқа» Зибира Ауепова, Алтын Бахыт, Шынар Қайнышева, Орынгүл Кусанова, Талшын Сильеваға табыс етілсе, алты бала туып, тәрбиелегені үшін «Күміс алқа» Индира Айдаубай, Кенжегүл Әлменбетова, Маржан Бекзат, Мәдина Бутенова, Наталья Гарбузова, Алтын Жұмалиева, Жанара Есқожинова, Сая Нәкенова, Альмира Рахимжанова, Нұргүл Садбахасқа тапсырылды.
Әнші Алтынгүл Бақытхан «Асыл ана» әнін орындап, соңынан ардақты аналар қала басшысымен естілік суреттерге түсті.
Салтанатты рәсім кезінде «Күміс алқамен» марапатталған Индира Айдаубаймен әңгімелесудің сәті түсті.
– Шиқылдақ ауылынан келдім. Ауыл мектебінде информатика пәні мұғалімімін. Жұбайым Разихан Октябрь – «Атамекен» шаруа қожалығының иесі. Отбасында Ләйла, Аяла, Нұрсұлтан, Ажар, Малика, Бағым атты алты бала өсуде. Бесеуі – оқушы, кенжеміз үйде. Балаларды бағып-қағуға ата-енемнің көмегі тиіп келеді, – деген Индира 17 жылдан бері бір әулеттің келіні екенін, отбасындағы татулық берекенің бастауы екенін айтып өтті.
Біз өз кезегімізде халықтың санын арттыруға айрықша үлес қосқан көпбалалы аналар қатары көбейіп, мемлекет қамқорлығы арта берсін деп тіледік.
Ж.Бұланбай







