Екібастұз көмір алабының жерасты байлығы халық қажеттілігіне игерілгелі, мұнда кеншілердің бірнеше буыны еңбегімен өсіп-жетілді. Атағы алыс-жақынға кеткен кеншілер әулеттері көп. Бүгін біз сөз еткелі отырған майталман кенші Бауыржан Мақсұтжанұлының атасы Қабыш ел ішінде «Қара шахта» деп аталып кеткен қарабайыр шахтада көмір қазған екен. Ал Бауыржанның әкесі – Мақсұтжан сол «Қара шахта» кентінде туып, көп жыл ауыл шаруашылығы саласында тер төккенімен, сонау 1990-шы жылдары Баянауыл жағынан Екібастұз қаласына көшіп келіп, «Шығыс» кенішінің қосалқы шаруашылығында директор болыпты. Әулет кәсібін бүгінгі күні Мақсұтжан Қабышұлының үш ұлы жалғастырып жүр. Дәурен мен Дәулетжан жайлы сөз кейін, ендігі әңгіме Бауыржан туралы.
Бауыржан Мақсұтжанұлы 1973 жылы 17 сәуірде Майқайың кентінде өмірге келіпті. Мектептен кейін Екібастұз қаласындағы №14 кәсіптік-техникалық училищеде оқып, дәнекерлеуші мамандығын меңгеріп, екі жыл Әзірбайжанда, соның ішінде Таулы Қарабақта әскери борышын өтеп, елге оралады. Жас жігіт бастапқыда жөндеу-механикалық зауытында дәнекерлеуші болып, 1995 жылы «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» акционерлік қоғамының «Шығыс» кенішіне жұмысқа орналасады. Еңбекқор азамат осы кеніште тау-кен жабдықтарын жөндеу учаскесінде табаны күректей он бес жыл еңбек етіп, әбден ысылады.
– 2009 жылы кеніште экскаватор машинистерінің көмекшілерін дайындайтын үш айлық курсқа жазылып, куәлігімді алған соң, көмір өндіру учаскесінде экскаватор машинисінің көмекшісі болып іске кірістім. Тәлімгерім Серік Хамитұлы Бейсембеков жаңа мамандығымның қыр-сырын ыждаһаттылықпен үйретті. Арада екі жыл өткенде тәлімгерім бригадир болды да, маған ЭКГ-4У біршөмішті экскаваторының машинисі болу жүктелді. Содан бері экскаватор машинисі едім, биыл көктемде зейнеткерлікке шыққан тәлімгерім Серік Хамитовтың ізін басып, бригадирлік бұйырды, – деді әңгімесінде Бауыржан Мақсұтжанұлы.
Кейіпкеріміздің айтуынша, бригадада 4 машинист, 5 машинистің көмекшісі бар. Жұмыс төрт ауысымда атқарылып, әр ауысымда екі адам еңбек етеді.
– Жыл мезгіліне қарай еңбек өнімділігі де әрқилы. Бір ауысымда ЭКГ-4У экскаваторымен дәу самосвалдарға шамамен 100 текше метр көмір тиейміз. Кенші еңбегі жеңіл емес екені белгілі. Мұнда жауапкершілігі мен қажыр-қайраты мол жігіттер жұмыс істейді. Біздің кеніште қалыптасқан жақсы дәстүр – аға буын жас буынды кәсібіне тәрбиелейді. Мәселен, 5-6 жыл менің көмекшім болған Алдияр Сайранов – қазір экскаватор машинисі. Енді көмекшім Ергенбек Асанға білгенімді көрсетіп жүрмін, – деп сабақтады сөзін Бауыржан кенші.
Біздің кейіпкеріміз кеншілер арасындағы бір-біріне деген құрмет пен сыйластық жайлы ілтипатпен айтып өтті.
– Сонау бір жылдары бізбен бірге Төлеген Қайыргельдинов жұмыс істеді. Ол – тумысынан қайратты жігіт. Экскаватор шөмішінің білігін ауыстыруға едәуір күш керек. Сондай сәтте Төлегенді шақырсам, жетіп келуші еді. «Аға, сіздің беліңіз шойырылып қалады. Мен өзім-ақ ауыстыра қоямын» деп елпілдейді. Жалпы, кеншілер әрдайым бір-біріне қолұшын созуға әзір. Ұжымдық еңбек адамды ынтымақтасуға баулиды, – дейді Бауыржан сөзін жалғастырып.
Адамды алға жетелейтін күш – адал еңбегіңнің әділ бағалануы. Бұл жағын айтар болсақ, Бауыржан Мақсұтжанұлы әр жылдары «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ басшылығының алғыс хаты мен бағалы сыйлығын, Энергетика министрлігінің құрмет грамотасын алыпты. Сонымен қатар, ІІІ және ІІ дәрежелі «Шахтер даңқы» белгісін кеудесіне тағыпты.
– Соңғысын ел ішін пандемия жайлаған тұста алдым. Біздің кеніштен 7-8 жігіт марапатталды. Әрқайсымызды фотограф жеке-жеке суретке түсірді. Өзімнің экскаваторымның жанында түскен суретім кейін кеніште ілініп тұрды. Сол суретті көрген сайын кенші жігіт Ернар Солтанбаев «Сіз сондай келбеттісіз» деп мақтауымды жеткізіп жүрді, – деп Бауыржан өзара сыйластықтың адам жүрегіне жылы тиетінін білдірді.
Енді кейіпкеріміздің отбасы туралы сөз қозғайық. Жан жары Айгүл Маратханқызы – қостанайлық, дүкенде сатушы болып жұмыс істейді. Ерлі-зайыптылар үш перзент тәрбиелеп отыр. Отбасының тұңғышы Аяулым – тұрмыста, жиен сүйгізді. Ұлдары Диас өндірісте еңбек етеді, жанұяның кенжесі Аяжан №26 қазақ мектебінде оқиды.
Сұхбат соңында «Көп жылдан бері көмір өндірісінің қазанында қайнап келесіз. Көңіліңізде өкініш жоқ па?» – деп сұрағанымызда, Бауыржан Мақсұтжанұлы:
– Кенші болғанымды мақтан етемін. Көмірлі Екібастұз үшін бұл кәсіп қадірлі. Өз басым «Шығыс» кенішіне әбден бауыр бастым. Осы кәсіпорында еңбек етіп, отбасымды асырап отырмын. Тапқан табысымды қанағат тұтамын. «Қанағат қарын тойдырады» деген емес пе. Кеніште еңбек адамдары үшін жағдай жасалған. Ол үшін басшылыққа рахмет! Кәсіптік мерекеміз қарсаңында кеншілерді құттықтай отыра, «Шығыс» кенішінің жұмысы өрге басып, табысқа кенелсін демекпін, – деген Бауыржан кенші әңгімесін түйіндеді.
Айтпақшы, сөз басында Бауыржанның екі інісі де көмір өндірісінде жұмыс істейді дедік емес пе. Бір інісі Дәурен «Шығыс» кенішінде ауысым бастығы болып еңбек етіп жүрсе, кенже інісі Дәулетхан «Бога-
тырь» кенішінде локомотив машинисі екен. Қазақ халқы «Адалдың аты арымас» деген, адал еңбектерінің несібесін теріп жеп отырған Қабышевтар әулетінің, соның ішінде Бауыржан Мақсұтжанұлының көтерілген биігі кейінгі буынға үлгі боларлық.
Ж. Жәлелұлы







