«Жаңа халықтық Конституцияның нормалары мен құндылықтары: адами капиталды дамыту – білім беру жүйесінің стратегиялық негізі» тақырыбымен өткен биылғы тамыз мәслихаты Екібастұзда ерекше сипат алды. Білім беру бөлімінің басшысы Лаура Дисюпова білім беру үдерісіндегі цифрландыру мүмкіндіктері жайлы әңгімені өзінің жасанды интеллекті жөніндегі көмекшісі – экрандағы Ақылбекпен диалог арқылы өрбітті.
– Екібастұз өңірінде 76 білім беру ұйымы жұмыс істейді. Оның ішінде 42 жалпы білім беретін мектеп, 30 мектепке дейінгі білім беру ұйымы және 4 қосымша білім беру ұйымы бар. 2026-2027 оқу жылында өңірде 22 200 оқушы білім алатын болады: 12 586 бала мемлекеттік тілде, 9 614 бала орыс тілінде оқиды. Бірінші сыныпта 2 220 баланы оқыту жоспарланған. Он бірінші сыныптарда – 1300 оқушы. Мектепке дейінгі білім беру жүйесінде 47 ұйым жұмыс істейді: 30 балабақша және 17 шағын орталық. Оларда 6 838 бала мектепке дейінгі білім алады. 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту – 83,3 пайызды, 2 жастан 6 жасқа дейін – 95,3 пайызды, 3 жастан 6 жасқа дейін 100 пайызды құрайды, – деп сайрап тұр Ақылбек.
– Ақылбек, қосымша білім педагогтары үшін не өзгереді? – деп сұрады одан Лаура Аманқызы.
– Тәрбиешінің мәртебесі өзгереді. Кәсіби қызмет пен аттестациялауға қойылатын талаптар жаңармақ. 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап мектепке дейінгі ұйымды міндетті лицензиялау енгізіледі.
Ал білім саласындағы негізгі жаңалықтар ретінде Ақылбек мыналарды атады:
1-сыныптан бастап «Цифрлық сауаттылық және жасанды интеллекті» курсы енгізіледі. Орта және жоғарғы буын үшін информатика пәнінің мазмұны жаңғырмақ. Құқықтық бағытта да жаңашылдықтар баршылық: 5-7-сыныптар – «Конституция негіздері», 8-11-сыныптар «Заң және тәртіп» пәнін оқитын болады. Сондай-ақ «Жеке қауіпсіздік» курсы жүйеленеді. «Таза Қазақстан» жобасы шеңберінде «Жасыл мектеп» пилоттық жобасы қолға алынады. Мектепте «Адал азамат» бағдарламасының брендбугі жаңарды. Оқулықтар да жаңа Конституция нормалары мен құндылықтарын ескере отырып кезең-кезеңмен жаңармақ.
– Иә, Ақылбек! Қазіргі заманғы тәрбие жұмысының негізінде «Адал азамат» біртұтас тұжырымдамасы жатыр. Тұжы-
рымдама аясында біз ұлттық мәдениетті, дәстүрлер мен тарихи мұраны сақтауға бағытталған «Ұлы дала ойындары», «Дәстүрге толы өмір», «Шаңырақ» жобаларын іске асырудамыз.
«ЕңбекTime» жобасында кәсіптік бағдар беру, кәсіпкерлік, қаржылық сауаттылық, аграрлық білім беру, цифрландыру және медиа сауаттылық біріктірілген. «Ел баласы», «Жаңа таңдау» және «Іскер қыздар» жобалары кәсіпкерлік ойлау, бастамашылдық, қаржылық сауаттылық және өз идеяларын іске асыру дағдыларын қалыптастырады, бұл жасөспірімдерге өздерін нақты кәсіби бағыттарда сынап көруге мүмкіндік береді.
Кәсібилік – бұл білім мен тәжірибе ғана емес, жеке жауапкершілік. Сондықтан да біз құқықтық мәдениет пен «Заң және тәртіп» құндылықтарын қалыптастыруға ерекше көңіл бөлеміз. Оқу жылы ішінде барлық білім алушылар құқықтық іс-шаралармен қамтылды. Прокуратура және полиция органдарымен бірлесіп «Заң және жасөспірім», «Заң әлеміне саяхат», «Полиция және балалар – қауіпсіздік үшін бірге!», «Навигатор: сарапшымен кездесу», «Заңмен достас» жобалары іске асырылуда, – деп толықтырды Ақылбекті Лаура Аманқызы.
Шахталы шаһардағы білім беру саласының аяқ алысына және жалпы өзгерістерге осылайша шолу жасалған соң, сахнаға қала әкімі Аян Бейсекин көтерілді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ұстаздың қоғамдағы орнын жоғары бағалап, мұғалімдерді «Елдің зияткерлік авангарды» деп атаған болатын. Шын мәнінде, ұстаздың еңбегі бір сыныптың немесе бір оқу жылының аясымен шектелмейді. Ол тұтас ұрпақтың дүниетанымына, азаматтық ұстанымына және елдің ертеңіне ықпал етеді. Осы ретте саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған білім саласының ардагерлеріне шынайы ризашылығымды білдіремін. Сіздер қалыптастырған дәстүр мен кәсіби сабақтастық – бүгінгі ұстаздар үшін үлкен өнеге. Осы дәстүрдің жарқын мысалы біздің оқушылардың жетістіктері болып табылады. Өткен оқу жылында екібастұздық оқушылар қалалық, облыстық және республикалық пән олимпиадаларында, ғылыми жобалар мен зияткерлік сайыстарда жоғары нәтижелер көрсетті. 59 түлек «Алтын белгіні» растады, 52 түлек үздік аттестатқа ие болды. №13 мектеп ҰБТ көрсеткіші бойынша рейтингі көшін бастап, 82 пайыз нәтиже көрсетті. №36 лицей-мектебінің түлегі Ділназ Абзалова ҰБТ-да 131 ұпай жинап, қала түлектерінің арасында ең жоғарғы ұпайға қол жеткізді. 20 оқушы республикалық және халықаралық пән олимпиадаларында жүлдегер атанды, зияткерлік сайыстарда қол жеткен жүлделі орындар саны – 240. Жас буынның заманауи технологияға деген қызығушылығы қуантады. №2 мектептің оқушылары Бақтияр Мырзахмет, Айша Сансызбай және Нұрасыл Құрман World Robot Olympiad – 2026 олимпиадасында қала намысын лайықты қорғады. Бүгінде Екібастұзда цифрлық технологияларды, заманауи білім әдістемелерін және инклюзивтік оқыту принциптерін сенімді меңгерген педагогтардың жаңа буыны қалыптасып келеді. Биыл №25 қазақ қыздар гимназиясының мұғалімдері Айнұр Рахымбаева мен Әпидаш Рахымжанова, №36 лицей-мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Дулат Тыныбеков «Үздік педагог» атағына ие болды. №33 мектептің мұғалімі Айнагүл Хаби республикалық «Үздік психолог» байқауында жеңімпаз атанды.
Аян Уахитұлы өз сөзінде Екібастұз өңірінің білім саласына қатысты игі жаңалықтарды атауды да ұмытпады.
– Оқу үшін қауіпсіз және жайлы жағдай жасамай тұрып сапалы білім туралы айту мүмкін емес. Соңғы жылдары облыс әкімінің қолдауымен білім беру нысандарын жаңғыртуға бағытталған шаралар кешені жүзеге асырылуда. Әсіресе, Атығай ауылында 120 орындық жаңа мектеп құрылысының аяқталуы – ауыл тұрғындары үшін ерекше маңызды әрі көптен күткен оқиға.
Инклюзивті ортаны дамытуда да айрықша қадамдар жасалуда. 31-шағынауданда Екібастұздағы тұңғыш мамандандырылған инклюзивті балабақша құрылысы жүріп жатыр, нысан 140 орындық болмақ. Ғимарат кедергісіз орта принциптерін ескере отырып толығымен қайта қалпына келтірілуде. Мұнда ерекше білім алу қажеттіліктері бар балалар үшін 12 арнайы топ ашылмақ. Балаларға жасалатын жайлы жағдай білім мекемесінің ішін ғана емес, маңындағы аумақты да қамтуға тиіс. Бұл мақсатта мектептер мен балабақшалардың айналасын абаттандыруға қаржы бөлінуде: асфальт жабындары, кіреберіс жолдар, жарықтандыру жүйелері, қоршаулар жаңартылып жатыр. Биыл 29 білім беру нысанына ағымдағы жөндеу жүргізілді: 22 мектеп, 7 балабақша. Сондай-ақ 3 мектепке күрделі жөндеу жүргізілді.
Қала басшысы атаған осынау жағымды жайттарды бұдан әрі марапаттар легі жалғады. Білім жүйесін дамытуға қосқан жеке үлесі, адал еңбегі, белсенді өмірлік ұстанымы үшін №13 жалпы орта білім беру мектебінің математика пәні мұғалімі Сәружамал Имакова мен №7 гимназия-мектебінің қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі Бақыт Мұқатова «Екібастұз қаласының алдында сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Бірқатар педагог қала әкімінің құрмет грамотасына және алғыс хатына ие болды.
Ұстаздар қауымының дәстүрлі жиынында ардагер педагогтарға гүл шоқтары табысталып, қошемет жасалды. Сонымен қатар залда отырған 65 жас маманға Естай атындағы балалар музыка мектебінің хоры «Рух» әнін арнады. Жиынды мұғалімдер тобы орындаған «Егемен Қазақстан» әні түйіндеді.
Ж.ЖАПАРОВА








