Еліміздегі саяси маңызды оқиға – Құрылтай қарсаңында Академик Әлкей Марғұлан ауылында ақ түйенің қарны жарылып, құрылысы үш жыл бұрын басталған медициналық пункт пайдалануға берілді. Нысан облыстың даму бағдарламасы бойынша ескі, бейімделмеген ғимараттың орнына салынды.
– Бүгінгі күн – баршамызға зор қуаныш, нағыз мереке. Ауылдарыңызда еңселі заманауи медициналық пункт ашылып жатыр. Бұл – Мемлекет басшысының тапсырмасының, денсаулық сақтау бағдарламасының жемісі. Мақсатымыз – әр ауылды, әр үйді сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз ету. Нысанды салған құрылысшыларға ризашылығымды білдіремін. Ал медицина қызметкерлері ақ желеңді абзал жан деген атқа лайық болып, тұрғындар алғысына бөлене берсін! – деп ақжарма тілегін ақтарды нысан тұсаукесеріне қатысқан Павлодар облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ермек Кучуков. Тұсаукесер рәсіміне Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин де ортақтасып, марғұландықтардың қуанышын бөлісті.
Бүгінгі таңда Академик Әлкей Марғұлан ауылында 447 адам (120 аула) тұрады. Оның 47-cі – зейнеткерлер, 14 тұрғынның мүгедектігі бар. 15 балдырған шағын орталықта тәрбиеленсе, 66 бала мектепте білім алады. Көпбалалы отбасы саны – 12. Тұрғындарға бұл нысанда бір медбике қызмет көрсетеді. Штат жал-
пы үш қызметкерден құралған.
– Жоба құны – 142,9 млн. теңге. Жұмысты әу баста «ГрадСтройСервис» ЖШС бастағанымен, мердігер өз міндетін тиісінше атқармай, нысан қолдан-қолға өткен. Былтыр жүргізілген қосымша рәсімдер нәтижесінде анықталған жаңа мердігер –«Ер Алаш» корпорациясы» ЖШС жұмысты аяғына жеткізді. Тапсырыс беруші – Павлодар облысының құрылыс басқармасы. Медициналық нысанның ауданы – 201, 98 шаршы метр. Медициналық пункт айналасы асфальтталып, қоршалған. Инженерлік желілер (су, кәріз, жылу және вентиляция) тартылған, – деп нақтылады Әлкей Марғұлан атындағы ауыл әкімі Бауыржан Бозтаев.
Тамаша жаңалықты сүйіншілеген тұрғындар бір-біріне «Құтты болсын!» айтысып, жаңа ғимараттың алдында суретке түсті.
Саналы ғұмырын ауыл халқының денсаулығын нығайту жолына арнаған медицина ардагері Бибіш Әсербаева жерлестеріне денсаулық тілеп, ауыл ақсақалы Құрманхан Далабай бата берді. Жарқын оқиғаны ақ жаулықты әжелер шашумен әрледі.
Дені сау ұлт – мықты мемлекеттің негізі. Денсаулық сақтау саласының материалдық жүйесінің жылдан-жылға нығайып келе жатқанына Екібастұз өңірінің екі ауылында есігін айқара ашқан қос медициналық мекеме айғақ.
Тұсаукесер лентасын Екібастұз қаласы №3 емханасының бас дәрігері Тоғжан Қабылтаева мен медицина саласының ардагері Бибіш Бапанқызы кескен жаңа нысан халық денсаулығын нығайтып, ел игілігін еселей түспек.
Ж.ӘБДІКӘРІМ







