Екібастұзда Құрылтай депутаттарын сайлау таңғы сағат 7.00-де басталды. Қаладағы сайлау учаскелерінде дауыс беруге келген тұрғындарды қарсы алуға барлық жағдай жасалды. Сайлау басталған сәтте Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны орындалып, алғашқы сайлаушылар дауыс беруге кірісті.
Таңертеңнен учаскелерге келген сайлаушылардың қарасы қалың болды. Жасы да, жасамысы да ел болашағына қатысты маңызды шешім қабылдауға өз үлесін қосуға ниетті екенін көрсетті.
ЕИТИ ғимаратында орналасқан №589 сайлау учаскесінде дауыс беру алғашқы сағаттардан-ақ қызу басталды. Мұнда алғашқылардың бірі болып Қуаныш пен Жанаргүл Мақажановтар дауыс берді. Ерлі-зайыптылар жиені Муксинаны да ерте келіпті.
Алғаш болып дауыс берген азаматтарға естелік сыйлықтар табыс етілді.
Сайлау учаскелерінде алғаш рет дауыс берген жастарға да ерекше құрмет көрсетілді. Олар үшін бұл күн – азаматтық өмірге жасаған алғашқы қадамымен есте қалатын маңызды сәт.
№523 сайлау учаскесінде, яғни, №7 мектепте ЕКИТИ студенті Алина Сурдейкина алғаш рет дауыс берді. Биыл 30 наурызда 18 жасқа толған Алина – болашақ бастауыш сынып мұғалімі. Ол өзінің азаматтық таң-
дауын жасап, сайлауға алғаш рет қатысты. Жас сайлаушыға естелік сыйлық табысталды.
Осындай қуанышты сәтті №513 сайлау учаскесіне келген Никита Рауш та бастан өткерді. Биыл 18 жасқа толған жас сайлаушы алғаш рет сайлауға қатысып, өз таңдауын жасады. Оған да сыйлық табыс етілді.
– Қазақстан азаматы ретінде өз қалауымды білдіріп, азаматтық міндетімді орындау үшін дауыс беруге келдім, – дейді Никита Рауш.
18 жасқа толып, алғаш рет дауыс берген Алина мен Никитаның таңдауы – жас буынның ел өміріне араласуға жасаған алғашқы қадамы. Олардың өз таңдауын жасауы азаматтық жауапкершіліктің маңызын аңғартады.
Жастарға қоса өмірлік тәжірибесі мол, елге еңбегі сіңген азаматтар да дауыс берді. №23 мектепте орналасқан №573 сайлау учаскесіне Еңбек Ері Рышат Әмренов келіп, Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысты. Азаматтық ұстанымын білдіріп, ел болашағына бей-жай қарамайтынын айтқан Рышат Бабайұлы:
– Әр азаматтың сайлауға қатысуы – елдің болашағына өз үлесін қосуға берілген мүмкіндік. Сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауымды жасауды азаматтық борышым деп есептеймін, – дейді.
№529 сайлау учаскесіне жас отбасы – Ерғанат Абай мен Ділназ Асылбекова да келіп, дауыс берді. Ерлі-зайыптылардың шаңырақ көтергеніне көп уақыт бола қойған жоқ. Ерғанат Шотландияда көкөніс фермасында жұмыс істеп келген. Қазір Алматыда білім алып, бағдарламалау саласын меңгеріп жүрген студент. Ол №26 мектептің түлегі екен. Жұбайы Ділназ – №2 мектептің түлегі. Қазіргі уақытта «Қуатбасқармасында» еңбек етеді.
Жас жұбайлардың сайлау учаскесіне бірге келіп, азаматтық таңдауын жасауы жарасымды болды.
Сайлау күні №4 мектепте орналасқан №541 учаскеге Самат Рамазанов жұбайы Үміт Райханқызымен, қызы Гюлли және немересі Камиланы ертіп келді. Рамазановтар отбасы үшін бұл сайлаудың орны ерекше. Биыл олардың шаңырақ көтергеніне 50 жыл толып отыр. Ал 1976 жылы ерлі-зайыптылар алғаш рет дәл осы сайлау учаскесінде дауыс беріпті.
Содан бері жарты ғасыр өтсе де, олардың сайлау учаскесі өзгерген жоқ. Рамазановтар отбасы осы жылдар бойы азаматтық міндетін дәл осы жерде атқарып келеді. Бір отбасының ондаған жылдар бойы жалғасқан бұл дәстүрі кейінгі ұрпаққа да үлгі боларлық.
№17 мектепте орналасқан №574 сайлау учаскесіне азаматтық таңдауын жасау үшін Екатерина Яценко да келді. Екатерина Яценко – патронаттық отбасының тәрбиелеушісі. Осы уақытқа дейін қырыққа жуық баланы тәрбиелеп, қамқорлығына алған. Қазір оның отбасында 13 бала тәрбиеленіп отыр. Олардың ең кішкентайы бес жаста.
Бұл күні Екатеринамен бірге 18 жасқа толған Ксения да сайлау учаскесіне келді. Ксения үшін бұл – ерекше күн. Ол алғаш рет дауыс беріп, өзінің азаматтық таңдауын жасады.
Жас қыз педагогикалық мамандықты таңдаған. Осы №17 мектепте практикадан өткен Ксения қыркүйек айынан бастап аталған білім ордасында мұғалім болып еңбек етпек.
Сайлау күні азаматтық таңдауын жасауға келгендердің қатарында Жақсыберген Саттаров та болды. Жақсыберген Ұзақбайұлы – қазақ күресінен спорт шебері. Қазір қала мектебінде дене тәрбиесі пәнінен сабақ беріп, шәкірттерін спортқа баулып жүр. Ол өскелең ұрпақ арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға да үлес қосып келеді.
№541 сайлау учаскесіне Фаниль Каримов та жұбайы Адиямен бірге келіп, дауыс берді. Мүмкіндігі шектеулі екеніне қарамастан, Фаниль Муниллович сайлау учаскесіне келіп, өзінің азаматтық құқығын жүзеге асырды. Жұбайы Адия әрдайым жанынан табылып, оған қолдау көрсетіп келеді.
Дауыс бергеннен кейін Фаниль Каримовке естелік сыйлық тарту етілді. Ол өзінің сайлау құқығын пайдаланып, қоғам өміріне белсенді араласудың әр азамат үшін маңызды екенін атап өтті.
Екібастұз қаласының Құрметті азаматы, ауыл шаруашылығы саласының ардагері Әди Әлкебаев та зайыбы Рахима апамен бірге сайлау учаскесіне келіп, азаматтық таңдауын жасады. 90 жастағы сайлаушы №21 мектепте орналасқан сайлау учаскесінде дауыс берді. Қария қаладағы өзгерістерге оң бағасын беріп, елге бейбітшілік тіледі.
– Қаламыз көркейіп, жақсы жағына өзгеріп келеді. Өндіріс орындары көбейді. Сайлаудан тек жақсылық күтеміз. Бұл күн еліміз үшін жақсы өзгерістердің бастамасы болады деп сенемін, – деді ол.
№576 сайлау учаскесінде Екібастұз қалалық мәслихатының депутаты Қанат Тұрлыбеков те дауыс берді. Ол учаскеге алғашқы болып келген азаматтардың қатарында болды.
– Таңертеңнен-ақ сайлау учаскесінде дауыс беруге келген азаматтардың қарасы қалың. Жерлестеріміздің өз таңдауын жасап, ел болашағына белсенді араласқанына қуаныштымын. Әр азаматтың дауысы маңызды, – деді Қанат Хабибуллаұлы.
Сайлау күні қаладағы бірқатар білім беру ұйымында тұрғындарға арналған мәдени-спорттық шаралар да ұйымдастырылды.
№5 мектепте келушілер концерттік бағдарламаны тамашалап, спорттық ойындарға қатысты. Мектеп мұғалімдері Алмас Еділбаев пен Қымбат Нұрланқызы ән шырқап, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған спорттық сайыстарда асық ату, тоғызқұмалақ, қалашық және басқа да ойындар ойнатылды.
№11 мектепте де өнерпаздар концерт қойып, спорттық ойындар ұйымдастырды. Сайлау учаскесінің төрағасы Ержан Зәкеннің айтуынша, дауыс берушілер үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Оның ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға да ерекше көңіл бөлініп, арнайы үстелдер жабдықталған.
Учаскелерде азаматтарға үйден дауыс беру мүмкіндігі де берілді.
Сайлау күні Екібастұзда тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға бағытталған басқа да шаралар ұйымдастырылды. Қалада азық-түлік пен қажетті тауарларды қолжетімді бағамен ұсынатын жәрмеңкелер жұмыс істеді.
Жәрмеңкелердің бірі Қ.Сәтбаев атындағы Екібастұз инженерлік-техникалық институтының ғимаратында – Энергетиктер көшесі, 54 «А» мекенжайында өтті. Мұнда тұрақтандыру қорынан жеткізілген азық-түлік өнімдері, жергілікті тауар өндірушілердің көкөністері, кеңсе тауарлары және күнделікті тұрмысқа қажетті басқа да өнімдер ұсынылды.
Жалпы, жәрмеңке қала бойынша 20 шақты нүктеде ұйымдастырылды. Бұл тұрғындарға қажетті өнімдерді алысқа бармай-ақ, тұрғылықты жеріне жақын маңнан сатып алуға мүмкіндік берді.
Түйіндеп айтқанда, сайлау – жай ғана дауыс беру емес, елдің ертеңіне деген көзқарасты білдіретін маңызды азаматтық қадам. Әр адамның таңдауы – қоғамның болашағына қосқан өзіндік үлесі. Осы орайда екібастұздықтар Құрылтай сайлауында белсенділік үлгісін көрсете білді.
Ж.СӘДУАҚАСОВ,
Г.МЕДЕУБАЙТЕГІ








