Өткен сенбіде 822 тұрғыны бар Бәйет ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды. Бұл – соңғы жылдары құрылыс қарқынды жүрген ауылда ашылып тұрған екінші әлеуметтік нысан. Бірер жыл бұрын жаңа клуб ғимараты салынса, алдағы уақытта спорттық-сауықтыру кешені пайдалануға берілмек. Сонымен қатар Бәйет тұрғындарының жаңа тұрғын үйлердің игілігін көріп отырғанына куәміз.
Жаңа нысан Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасын іске асыру мақсатында және «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынды. Ғимарат қабырғасына құрылыстың ҚР Бас прокуратурасы қайтарған активтер есебінен жүргізілгені жайлы ақпараты бар тақта ілінген.
Құрылысқа тапсырыс беруші – Павлодар облысының құрылыс басқармасы. Жоба құны – 209,650 млн. теңге. Мердігер – «Қайрат ЭК» ЖШС (келісімшарт құны – 175,730 теңге). Авторлық қадағалауды «Казахстанпроект» ЖШС, техникалық қадағалауды «Сәулет-16» ЖШС атқарыпты (4,410 млн. теңге).
Ауданы 261 шаршы метр нысан тәулігіне 40 адамды қабылдау қуатына ие. Мұнда тіркеу орны, фельдшер және медбике кабинеттері, акушер және қарау кабинеті, егу және ем-шара кабинеттері, техникалық бөлме, қақырық жинау бөлмесі бар. Қызметкерлер бөлмесі де қарастырылған. Дәретханасы ішінде.
Фельдшерлік-акушерлік пункттің штатында төрт қызметкер болса, оның екеуі – медицина мамандары. Бірі – осы мекемеде 32 жыл тер төккен фельдшер Бибігүл Мұқашева, екіншісі – медбике Айнагүл Баянхан.
Денсаулық сақтау нысанының ашылу салтанатына Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин, Павлодар облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ермек Кучуков, «Дербес медицина орталығы» ЖШС операциялық директоры Әрсен Сәрсенов, Екібастұз қаласы №3 емханасының бас дәрігері Тоғжан Қабылтаева қатысты.
Бәйет халқын айтулы оқиғамен құттықтаған қала әкімі Аян Бейсекин:
– Бүгін ауыл жұртшылығы үшін денсаулық сақтауды қолжетімді ету мақсатында Бәйет ауылында медициналық нысан ашылып отыр. Бұл – үкіметтің және облыс басшылығының ауылдық жерлерде әлеуметтік қызметтерді жетілдіруге көрсетіп отырған қолдауының бір көрінісі. Алдағы уақытта Бәйет ауылында ғана емес, Екібастұз өңіріндегі өзге де елді мекендерде жаңа нысандарды ашу жоспарларын жетілдіріп, жүзеге асыратын боламыз. Бәйет ауылдық округі басқа ауылдармен салыстырғанда мемлекеттік қолдау игілігін көбірек көріп, даму жағынан алда келе жатыр. Мұнда жаңа нысандар жыл сайын бой көтеруде. Ауылдық клубты жаңғырттық, ауыл әкімдігінде жұмыс істеп жүрген мамандар үшін жағдай жақсартылып жатыр, енді спорттық кешенді ашатын боламыз. Сондай-ақ, ауыл ішінде жолдар асфальтталды. Алда атқарылар біршама жұмыстар бар, солардың бірі – мектепті толық модернизациялау жайы. Бәйет ауылында әлі де үй салатын жоспарымыз бар. Бұл – перспективасы жоғары ауылдардың бірі. Жаңа нысан құтты болғай! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! – деп жүрекжарды лебізін білдірді.
– Құрметті жерлестер! Баршаңызды медициналық нысанның ашылуымен құттықтаймын! Мемлекет, саясат дегеніміз – бұл теледидар және интернеттен көретін алыстағы нәрсе емес. Бұл, міне, мәдениет үйі, мектеп, ұстаздар, дәрігерлер, халық үшін жасалып жатқан жұмыстар. Осы игіліктерді бағалап, денсаулығымызға көңіл бөлейік. Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін! – деді өз сөзінде «Дербес медицина орталығы» ЖШС операциялық директоры Әрсен Бейбітұлы.
Дәстүрлі тұсаукесер лентаны ауыл ақсақалы Жомарт Құзайыр мен №3 емхананың бас дәрігері Тоғжан Кабылтаева қиып, Жомарт ата көпшілікке бата берді.
Сандарды сөйлетсек, Бәйет ауылында зейнеткерлер – 77, бір жасқа толмаған сәбилер – 20,
15 жасқа дейінгі бала саны – 210, мүгедектігі бар тұрғындар – 21. Көпбалалы отбасылар саны – 24.
Фельдшерлік-акушерлік пункттің Батыр Аналар көшесінде орналасуын жақсы ырымға баладық. Жаңа нысан батыр аналар санын көбейтуге өз үлесін қоса бергей!
Жанаргүл ҚАДЫРОВА








