11-17 тамыз аралығында Баянауыл ауданында бокстан ашық республикалық турнир өтті. Аталмыш турнир Баянауыл ауданының Құрметті азаматы Азымбек Несіпбекұлының құрметіне ұйымдастырылды.
Республиканың әр өңірінен келген жас спортшылар бас қосқан жарыста Екібастұз қаласының №3 балалар мен жасөспірімдер спорты мектебінің бокс бөлімінің шәкірттері де бақ сынап, өздерінің шеберліктері мен мықты дайындықтарын көрсете білді.
Шаршы алаңдағы жекпе-жектерде Ерлан Әділхан мен Мейіржан Әділхан қарсыластарынан басым түсіп, турнир жеңімпаздары атанды. Әсіресе, Мейіржан Әділханның өнері көпшіліктің назарын аударды. Ол жоғары техникалық шеберлігі үшін «Үздік техника» номинациясында марапатталды. Сонымен қатар, жас боксшы «Спорт шеберлігіне үміткер» нормативін орындап, спорттағы маңызды белесін бағындырды.
Жас спортшылардың табандылығы мен тынымсыз жаттығуының, сондай-ақ, жаттықтырушысы Оралбай Бауырғалиұлы Жаксиновтың тынымсыз еңбегінің арқасында осындай жетістікке қол жеткізілді. Жаттықтырушының оқу-жаттығуды жүйелі жүргізуі мен шәкірттеріне деген сенімі жарыста өз нәтижесін берді.
Жас спортшылардың жеңісін бағалаған №3 БЖСМ басшысы Азамат Серікұлы жеңімпаз боксшылар мен жаттық-
тырушысына арнайы сыйлықтар табыс етті.
Спорт – төзімділік пен тәртіпті, қайсарлық пен жігерді талап етеді. Осы жолғы жеңіс жас боксшыларды жаңа жетістіктерге бастайтыны кәміл. Алда талай дүбірлі додалар күтіп тұр. Жас спортшыларымыздың ел намысын абыроймен қорғап, биік белестерден көріне берулеріне тілектеспіз!








