Спорттың ойын түрлері ішінде волейболдың ойып алар өзіндік орны бар. Сондықтан да болар, ала допты алақанында ойнатуға құштар бала көп.
Екібастұз қаласында мұндай ұл-қыздар №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде волейболмен шұғылданады. Жас волейболшылардың жетістіктері де қомақты, ауыз толтырып айтарлықтай. Командалық табысқа айрықша үлес қосып, болашағынан зор үміт күттіріп жүрген волейболшылар да баршылық. Солардың бірі – Алдияр Букаев.
2009 жылы өмірге келген Алдияр биылғы жылы №11 қазақ орта мектебін тәмамдап, Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің денешынықтыру факультетіне грантқа оқуға түсті. Ол бірнеше жылдан бері №1 БЖСМ-да волейболмен шұғылданып жүр.
– Алдияр – қабілетті бозбала. Жауапкершілігі мол, жаттығуларда ерінбей тер төгеді. Одан келешекте кәсіби шебер волейболшы өсіп шығарына сенімім мол, – дейді бірінші санатты жаттықтырушы Олжас Асылболатұлы шәкірті жайлы әңгіме қозғап.
Алдияр Букаев – спорт шеберіне үміткер, ҚР ұлттық жастар құрамасының мүшесі. Волейболдағы жетістіктері жайлы айтар болсақ, ол облыстық команда сапында ҚР-ның жасөспірімдер арасындағы чемпионатында 2025 жылы жаз бен күзде, 2026 жылы қыс пен көктемде І орын иеленді. Сонымен қатар, 2026 жылы Барнаул қаласында өткізілген халықаралық турнирде жеңімпаз атанды.
– Қазіргі уақытта Алдияр Павлодар қаласында оқу-жаттығу жиынында жүр. 21-29 тамыз аралығында Астанада жастар арасында ел чемпионатының бірінші туры өтеді. Алдияр сонда Павлодар облысы құрама командасының сапында ойнайды. Айтпақшы, Алдияр «Ертіс» кәсіпқой волейбол клубының резервінде тұр. Жас волейболшының бойы – 2 метр. Ол алаңда орталық тосқауылшы болып өнер көрсетеді, – деп жалғастырды сөзін бапкері Олжас Кумаров.
Жалпы, №1 БЖСМ-де тәрбиеленген жасөспірімдер арасынан шеберлігімен танылған Савелий Федоров, Айсұлтан Әбікеев, Әділет Серік, Қайсар Ақтанбек сияқты волейболшылар облыс намысын жарыстарда сәтті қорғап жүр.
– Жас волейболшылар шоғырын дайындауда өмірден мезгілсіз өтіп кеткен жаттықтырушы – Ермек Жангуровтың еңбегі зор еді. Мен әріптесімнің ісін ары қарай жалғастырып жатырмын, – дейді Олжас Асылболатұлы кішіпейілділікпен.
Жоғарыда айтқанымыздай, жуырда Олжас Кумаровтың шәкірттері Астанада жасөспірімдер арасындағы чемпионатта өнер көрсетпекші. Жас волейболшыларға сәттілік тілейміз!
Ж. Бұланбай








