Мәуліт – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) туған күнін атап өту рәсімі. Бұл мереке һижри жыл санауы бойынша рабиғул әууәл айына сай келеді. Сол себепті рабиғул әууал айын мұсылмандар Мәуліт айы деп те атайды. Яғни, осы айда әлемдерге рахмет етіп жіберілген соңғы пайғамбар – Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар дүниеге келген. Екібастұз қалалық мешітінің бас имамы Нұрсейіт Омаровпен әңгімеміз адамзаттың асыл тәжі атанған Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың туған күні төңірегінде болды.
– Нұрсейіт Әбдімүтәлиұлы, Мәуліт мейрамы жайынан көпшілік жалпылама хабардар болғанымен, Ораза айт пен Құрбан айт мейрамы сияқты жаппай мерекелемейді. Тек дін қызметшілерінің ұйымдастыруымен өткен бұқаралық шараларда ғана мұндай мереке барын халық біліп жатады. Жалпы, мұсылман қауымы бұл мейрамды қалай өткізгені жөн?
– Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мәулітін атап өту дінімізде маңызды істердің бірі саналады. Мәулітті ең алғаш атап өткен – мәуліт иесі – Пайғамбарымыздың өзі. Мүслимнің риуаятымен жеткен хадисте: «Алла елшісінен дүйсенбі күнгі ораза жайлы сұралған еді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Бұл күні мен дүниеге келдім әрі елші болып жіберілдім немесе бұл күні маған Құран түсті», – деп жауап берген. Хадисте Алла елшісінің (с.ғ.с.) дүниеге келген күнінің ерекшелігі мен қасиеті, тіпті осы күні Ұлы Жаратқанға шүкір ету ниетімен ораза ұстаудың сауапты іс екені айтылған. Яғни, бұдан сол күнді атап өту деген мағына шығады. Әлбетте, оны ораза ұстау арқылы өткізесің бе, әлде біреуді тамақтандырасың ба, үйде дастархан жайып, мәуліт шариф оқытасың ба, Құран, хадистен, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмір тарихынан жарыстар ұйымдастырасың ба, Алла елшісінің өмірбаяны, ахлақ-әдебі жайында уағыз-насихат немесе Пайғамбарымызға салауат айтасың ба – тәсілі әркелкі болғанымен, бәрінде атап өту мағынасы бар.
– Мәулітті атап өтудің де сауабы бар дей аламыз ғой?
– Мәулітті атап өту – Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) деген сүйіспеншіліктің, жақсы көрудің белгісі. Бұхаридің риуаятында былай делінеді: «Расында Әбу Лаһабқа Пайғамбарымыздың дүниеге келгені жайлы сүйінші хабар жеткенде, қуанғанынан өзінің күңі Суайбаны азат еткені үшін әр аптаның дүйсенбі күні оның азабы жеңілдетіледі». Шариғатқа қарама-қайшы келмейтін әрбір жақсылық – діннен. Мәулітте Құран оқу, хадистерді адамдарға жеткізу, кедейлерге тамақ беру, тәтті тарату, тағы басқа да рұқсат етілген істердің барлығы – сүннет. Оларды іске асырған адам мол сауапқа кенеледі. Ибн Омардан жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді: «Алла Тағала бұл үмметті ешқашан адасудың үстіне жинамайды». Ибн Абидин былай деп айтқан: «Пайғамбарымыздың туған күнін атап өту рұқсат екенін әрдайым біліп жүрген ләзім. Бұл күні Алла елшісінің өмір жолы мен мұғжизаларын танып білу үшін жиналу – мұстахаб». Алла Тағала баршамызға Мәуліт мерекесін құтты етіп, жүрегіміздегі Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) деген махаббатты арттырғай! Алла елшісін жақсы тану арқылы, оның сүннетімен жүруді нәсіп етсін! Адамзаттың асыл тәжі, пайғамбарлардың имамы Мұхаммедке Жаратқан Иеміздің сансыз салауаты мен сәлемі болсын!
Сұхбаттасқан: Ж.АЙТЫШ







