Өткен сенбі – 15 тамыз күні «Атамұра» мәдениет орталығының ұйымдастыруымен «Кеншілер» мәдени-демалыс саябағында «Қымызмұрындық» фестивалі өтті.
Қазақы танымға жүгінсек, қымызмұрындық – көктемде бие байлап, қымыздан алғаш дәм тату рәсімі. Бие сауылып, оның сүті қорланып ашытылған соң, ауыл ақсақалдары мен көршілер шақырылады. Алғашқы қымыздан көпшілік болып дәм татсын деген ниетпен дастархан жайылып, бата беріледі.
Мезгіл жағынан алғанда, тамыздың соңы – сірге жиярға жуықтаған шақ. Десе де көктем-жаз мезгілінде саябақ жөндеуде болғандықтан, қазақ дастарханының мән-маңызын насихаттауды мақсат тұтқан фестивальдің кештігі жоқ.
«Арудан асқан жан бар ма,
Жылқыдан асқан мал бар ма?!
Биенің сүті – сары бал – Қымыздан асқан дәм бар ма?!» деп Ақтамберді бабамыз жырлаған сусын төресі – қымызға кім құмартпайды дейсіз?
Бойға нәр берген, талай ақын жырға қосқан, кезінде қазақы қонақжайлықтың символы болған әрі дертке дәру ғажап сусынды насихаттауға төңіректегі ауылдардан арнайы келген адам көп болды.
Бәйет, Екібастұз ауылдық округтері, Сарықамыс, Ә.Марғұлан, Шиқылдақ, Құлакөл, Құдайкөл, Қоянды, Бесқауға, Зеленая роща, Ақкөл ауылдарының шеберлері мен өнерпаздары, Қоянды ауылының жеке кәсіпкерлері («Qymyz D-brand»), сарықамыстық «Бай өлке», Зеленая роща ауылынан келген «Секербай-Уахит» шаруа қожалығы қымызмұрындық мерекесіне жиылған жұртшылыққа ұлттық тағамнан дәм татырып қана қоймай, жылқы мәдениетіне қатысты салт-дәстүрді де паш етті. Ат әбзелдері мен жылқыға қатысты тұрмыстық бұйымдардан көрме ұйымдастырылып, ауыл өнерпаздары көпшілікке концерттік бағдарламаларын да ұсынды.
Ақкөл ауылы да фестивальда ерекше белсенділік танытып, ауыл шеберлері мен ұлттық өнерді дәріптеушілер дәмді ұлттық тағамдарымен, сән-салтанатымен көпшіліктің көңілінен шықты. Қолөнер шебері Аслан Қадыр дайындаған, сапасы мен әсемдігі келіскен ат әбзелдерінің көрмесі көрермен қауымның жоғары бағасына ие болды.
Фестиваль қорытындысында қазылар алқасының шешімімен 1-орынға Зеленая роща ауылының «Секербай-Уахит» шаруа қожалығы лайық деп танылды. 2-орын Ақкөл ауылының еншісіне бұйырса, 3-орынды Қоянды ауылы мен «Qymyz D-brand» жеке кәсіпкерлігі бөлісті.
Жеңімпаздармен қатар, фестивальға қатысқан өзге де ауыл өкілдері дипломдармен, алғыс хаттармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталды.
Жалпы, фестивальді тамашалауға жиылған жұрттың бәрі бірдей қымыздың қандай қиындықпен әзірленетінін біле бермесі анық. Биені оқтын-оқтын сауу былай тұрсын, пісіп баптау машақаты – бөлек әңгіме. Майшелек пен күбіні ыстаудың да әдістері түрлі-түрлі. Біреу қайыңның қабығымен ыстаса, біреу тобылғымен ыстайды. Осы тұста таяуда кездейсоқ құлағым шалған таксишінің әңгімесі де еске түсіп жатыр.
– Сіздер әдетте майшелекті ыстағаннан кейін қаймақпен майлайсыздар ғой. Өтініш: мен алатын қымызды баптағанда қаймақ орнына қазының майын жағыңызшы! – деп, таксиші қымыз иесіне тапсырыс беріп жатты…
Бүгінде қымыз қымбат сусынға айналды. Қаламызда биылғы жаз 1500-2000 теңгенің аралығында сатылды, десе де бәрі бірдей бұл бағаға лайық болды дей алмаймыз.
Ал жыл сайын қымызмұрындық шарасының басты ұйымдастырушыларының көш басынан табылатын ұлттық тағам шебері Қазына Алпысбаева болса қымыз түрлерін тарқатып берді:
– Саумал – жаңа сауылған шикі күйіндегі бие сүті. Көбіне емдік қасиеті үшін пайдаланылады. Саумалды аш қарынға ішудің пайдасы зор.
Сары саумал – шөптің піскен уағындағы саумал түрі.
Уыз қымыз – биені байлап, алғаш сауған сүттен жасалатын қымыз. Уыз қымызды сүрленген қазы, жал, құрт, айран, қатық, ашытылған көже қосып ашытады.
Бал қымыз – сүрленген қазы, бал, мейіз қосылып, әбден бабына келтіріліп пісілген қымыз. Басқа түрлеріне қарағанда қымыздың бұл түрі майлы, жағымды, сары, тұщы әрі қою болып келеді. Бал қымыз сырқат адамдарға, жас босанған әйелдерге және балаларға арналады.
Түнеме қымыз – ескі қымыздың үстіне саумал құйылып, келесі күні қотарылатын қымыз түрі.
Қорабалы қымыз – мол қордың үстіне күн сайын саумал құйылып отырып, бірнеше күн жиналған қымыз түрі.
Сары қымыз – шөптің әбден піскен уағындағы қымыз түрі.
Тай қымыз – дұрыс пісілген, пісуі жетіп, бір күн сақталған қымыз түрі.
Құнан қымыз – тай қымыздан сәл күштірек келетін, екі күн түнегеннен кейін ғана қотарылатын қымыз түрі.
Дөнен қымыз – үш күн пісіліп, ашытылып барып қотарылатын қымыз түрі.
Бесті қымыз – төрт күн ашытылатын, әбден ашыған қымыз түрі.
Қысырақ қымыз – бірнеше жыл қатарынан құлындап жүрген қулық биенің сүтінен ашытылатын қымыз. Қымыздың бұл түрі өзгелеріне қарағанда қуаттырақ болатын көрінеді.
Қысырдың қымызы – биені қыстай қолда ұстап, сауған қымыздың түрі.
Сірге жияр қымыз – бие ағытылар кездегі соңғы қымыз.
Жанаргүл ҚАДЫРОВА










