Биылғы шілде айында бұқаралық ақпарат құралдары арқылы «Шаңдақсор мен Маралды көлдері жағажайларына ақылы кіру жойылды» деген ақпарат алаулатып-жалаулата тарағаны белгілі. «Жақсы болған екен!» – дестік. Себебі, Маралдыны біле қоймаймыз, іргеміздегі Шаңдақсор төңірегінен жаз мезгілінде айғай-шу арылған емес.
Ал енді прокуратура таратқан ресми ақпаратқа көз жүгіртсек. «Табиғатты қорғау прокуратурасы азаматтардың өтініштері бойынша жағажайларды ұйымдастыру кезіндегі заңдылықтың жай-күйіне талдау жүргізді. Екібастұз қаласының Солнечный кентіндегі Шаңдақсор көлінде және Шарбақты ауданындағы Маралды көлінде су заңнамасы талаптарын өрескел бұзу фактілері анықталды. Атап айтқанда, Су кодексінің 17-бабын бұза отырып, жағажайларды ұйымдастырушылар қоршауларды, күзет пункттерін және аумаққа кіру ақысын белгілеу арқылы халықтың жалпы пайдаланылатын су объектілеріне қолжетімділігін шектеді. Жекелеген жағдайларда балалар жағажайы жабдығының және кезекші медицина қызметкерлері, қажетті құралдар мен дәрі-дәрмектер бар алғашқы көрсетілген су қоймаларындағы қауіпсіздік қағидаларын бұзу фактілері анықталды. Табиғатты қорғау прокуратурасы анықталған фактілер бойынша уәкілетті органдарға қадағалау актілерін енгізді. Қадағалау шаралары бойынша Шаңдақсор және Маралды көлдері жағажайларының аумағына ақылы кіру жойылды, азаматтардың ортақ су пайдалану объектілеріне еркін қол жеткізу құқықтары қалпына келтірілді, қажетті құрал-жабдықтар қамтамасыз етілді, кінәлі тұлғалар әкімшілік және тәртіптік жазаға тартылды».
Шынымызды айтсақ, осы ақпаратпен танысқанда, көз алдымызға жағажайда ақылы қызмет көрсетіп тұрған кәсіпкерлердің күнқағар шатырларын жығып, асай-мүсейін арқалап көл жағасын тастап көшіп бара жатқаны елестеп кеткен. Сөйтсек, мүлдем олай емес екен: көл шетіндегі бекетке таяғанда алдымыздан қызыл түсті төлем терминалы бар қызметші шықты.
Жалпы, прокуратура ерекше жаңалық ашып, айды аспанға шығарды деуге келмес: коммуналдық жағажай Шаңдақсорда бір-екі жылдан бері бар. Ол «Екібастұз сервис» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының қарамағында. Біз барғанда бұл жағажайда ересегі бар, баласы бар 15-ке тарта адам шомылып, демалып жүр екен. Коммуналдық жағажайға келушілер үшін әріректе дәретхана орналасқан. Құтқару қызметі үшін шолу мұнарасы жасалған. Аумақта от жағып, кәуап қақтауға арнайы орын белгіленбегендіктен, бұл мақсатқа ағаш түбі пайдаланылатынын аңғару қиын емес. Аумақ таза: тазалықшылар өз жұмысына тыңғылықты болса керек. Сонымен қатар, медицина маманы да қарастырылған.
Енді жағажайда бірнеше жылдан бері ақылы қызмет көрсетіп келе жатқан және оны әрі жалғастыруға бейілді «Avantgarde Trade» ЖШС-іне тоқталайық. «Avantgarde Trade» ЖШС-інің ақылы қызметі кісі басына 2000 теңгені (балаларға – 1000 теңге) құрайды. Төлемді төлеп, қолыңызға арнайы білезікті тағу сізге шезлонгті, яғни, жатып күнге қыздырынатын бұйымды тегін пайдалану мүмкіндігін береді. Бұл білезікпен сіз суы бар, яғни, қаладағыдай жайлы жағдаймен қамтамасыз етілген, үнемі тазартылып тұратын дәретхананы пайдалана аласыз. Сонымен қатар, бұл жерде шатырлы беседкалар, мангал аумағы бар. Мангал аумағы кең: бірнеше топ немесе отбасы қатар жайғаса алады.
Айтпақшы, «Avantgarde Trade» ЖШС-нің ақылы қызметтері мүгедектігі бар азаматтар мен көпбалалы аналар үшін тегін.
Жазда мұнда демалушылар үшін катер мен «банан», құтқару қайығы, сонымен қатар, гидроцикл қызмет көрсетіпті. Ал қазір жағажайды күніне 3-4 демалушы ғана пайдаланады.
«Avantgarde Trade» ЖШС әкімгері Нұрлан Шәріповтен: «Жазда қауіпті оқиғалар болды ма?» – деп сұрағанымызда: «Коммуналдық аумақта өз басым суға батып кете жаздаған екі адамды құтқардым. Олар масаң күйде болды», – деп жауап берді.
– Құқық қорғау органының шектеулерінен кейін сіздер көл басында қызмет көрсетуді тоқтатпайсыздар ма?
– Біз мұнда 2021 жылдан бері қызмет көрсетіп келеміз, осы уақыт ішінде қызметіміздің артықшылығын бағалай білетін, жайлы демалыстың қадірін білетін өз клиенттеріміз қалыптасып үлгерді. Мәселен, ақылы автотұрақты тілге тиек етер болсақ, ондағы көліктер бірнеше камера арқылы бақыланады. Дәретханаларымыз үнемі таза. Арнайы мангал аумағы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Сонымен бірге, келушілер шатырлы жазғы дәмхана қызметін пайдалана алады, – деді Нұрлан.
Тағы бір артықшылығы: жазда бұл жерде балалар үшін аниматорлар жұмыс істеп, «көбікті кештер», жастар үшін дискотека ұйымдастырылып тұрады екен. Бір сөзбен айтқанда, кент балалары мен жастары үшін көңілді кеш өткізуге жайлы орын.
– Бізге Павлодар қаласының тұрғындары көп келеді, – дейді Нұрлан. Олардан: «Ертіс өзені тұрғанда неге бізді таңдайсыздар?» деп сұрағанымызда: «Өзеннің ағыны бар, балаларымыз үшін қауіпті болғандықтан, онда алаңсыз демала алмаймыз» деген жауап естиміз.
Бір қызығы, мұнда Америка, Норвегия, Грузия, Қытай елдерінен келген қонақтар да ат аялдатқан көрінеді.
Табиғаттың асыл алқасы сияқтанып Қ.Сәтбаев атындағы канал әр беріп, жасыл желекке бөленіп тұрған бұл аумақ – қадірін білген адамға тамаша демалыс орны. Балық әуесқойлары үшін де жайлы жер. Ақысын төлейтіндер үшін де, тегін демалғысы келетіндер үшін де мүмкіндіктер баршылық. Десе де тазалықты өз дәрежесінде сақтап, демалушы жұрт табиғатты аялай білсе жақсы ғой…
Ал енді прокуратура таратқан жаңалықтан соң не өзгерді дегенге келер болсақ, бұрын тегін шомылғысы келетін адамдар қоршаудың сол жақ қанатына (коммуналдық жағажайға) ғана баратын, енді қоршаудың оң жағында да суға ақысыз түсе аласыз. Ол тұста күнге қыздырынуға да тыйым жоқ, әлбетте. Бірақ ақылы білезік таққан азаматтарға ұсынылатын жайлылықтарға ортақтаса алмайсыз. Мәселенің мән-жайы осындай.
Ж.ӘБДІКӘРІМ








