13 тамызда «Шахтер» саябағында «Азаматтарды бірыңғай қабылдау күні» өтті. Ашық форматта ұйымдастырылған қабылдауға қала әкімі Аян Бейсекин қатысып, қала тұрғындарының өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады.
Қабылдауға мемлекеттік органдардың, коммуналдық қызметтердің және қалалық ұйымдардың басшылары мен жауапты мамандары қатысты. Осылайша тұрғындар өз мәселесін бірнеше мекеменің табалдырығын тоздырмай, тиісті сала өкілдеріне тікелей жеткізуге мүмкіндік алды. Қабылдау барысында коммуналдық қызмет, құқық қорғау, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жер қатынастары және жұмыспен қамту салалары бойынша кеңестер беріліп, қажетті түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Бір күннің өзінде 30-ға жуық тұрғын түрлі мәселемен жүгінді. Олардың қатарында теміржол саласының ардагері Ғабдолла Айтмағанбетов те бар. Оның көтерген мәселесі – Төртүй ауылында мешіт салу үшін жер телімін алу.
– Менің негізгі сұрағым Төртүй ауылында мешіт салуға жер алу жөнінде. Осы мәселе бойынша Павлодар қаласындағы діни мекемеге барып, қажетті келісімдерді алдым. Облыстық сәулет басқармасына да жүгіндім. Бүгін осы мәселені қала әкіміне айтып едім, қолдау білдірді. Мамандарға тапсырма беріп, жер мәселесін шешуге көмектесетінін айтты. Ертең жер қатынастары бөліміне барып, қажетті жұмыстарды жүргізетін болдым. Қабылдауда көтерген мәселемнің оң шешімін тапқанына ризамын, – дейді Ғабдолла Айтмағанбетов.
Тұрғындар тарапынан абаттандыру мен инфрақұрылымға қатысты мәселелер де көтерілді. Қала тұрғыны Ажар Мерғалиева Беркімбаев көшесі, 178-үй маңындағы ішкі жолдың жағдайына назар аударды. Оның айтуынша, жолдағы шұңқырлар тұрғындардың, әсіресе, арбамен жүріп-тұратын азаматтардың қозғалысын қиындатады.
– Әкімдікке арнайы келіп, өзім тұратын Беркімбаев көшесі, 178-үйдің аумағындағы ішкі жолдың жағдайын айттым. Жолда шұңқыр көп, арбамен жүру өте қиын. Екінші мәселе – ағаштарды ретке келтіру. Қатты жел кезінде бұтақтар сынып кетеді. Ал сол жерде балалар ойын алаңы орналасқандықтан, қауіпсіздікке алаңдаймын, – дейді Ажар Мерғалиева.
Тұрғындардың көтерген мәселелері назарға алынып, қала әкімі жауапты бөлімдерге тиісті аумақтарды зерделеп, шешу жолдарын қарастыруды тапсырды. Әр мәселе бойынша жауапты мамандарға нақты міндеттер жүктеліп, олардың орындалуы бақылауға алынбақ.
Қабылдау барысында тұрғындар қаланың абаттандырылуы мен соңғы жылдары жүргізіліп жатқан жұмыстарға қатысты оң пікірлерін де білдірді. Әсіресе жаңарған «Шахтер» саябағының көркіне көңілдері толатынын айтты.
– Қаламыздың абаттандырылып, көркейіп келе жатқаны қуантады. Жаңарған «Шахтер» саябағы да көңілімнен шықты. Қала әкімдігінің бақылауымен тұрғын үйлер салынып, жолдар жөнделіп жатыр. Екібастұздың қазіргі келбеті осыдан он екі жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда айтарлықтай өзгерген. Қаламыз көркейіп келеді. Осы жұмыстар үшін қала әкіміне алғысымды білдіремін, – деп пікірін білдірді қабылдауға келген тұрғындардың бірі.
Ділназ Серікбай








