Халықаралық жастар күніне арналған мерекелік бағдарлама кешкі уақытта «Шахтер» саябағында Жастар бастамаларын дамыту орталығы ұйымдастырған «JASTAR FEST» жазғы фестивалімен жалғасты.
Фестиваль аясында жастарға арналған мүмкіндіктер жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Жәрмеңкеде сала мамандары білім алу, жұмысқа орналасу, құқықтық сауаттылық және жеке даму бойынша ақпарат беріп, жастардың сауалдарына жауап берді.
Мерекелік кештің концерттік бағдарламасында Екібастұздың жас өнерпаздары: «Aikezbe», «Amaflow», «Meiram», «RVYN», «KUKA» және Нұрдәулет өнер көрсетті. Ал кештің арнайы қонақтары – жастар арасында танымал орындаушылар ALZABI мен Bellucci сахнаға шығып, көрермендерді әуен мен ырғаққа бөледі.
Мерекелік бағдарлама Жайдарман жазғы кубогының финалымен жалғасты. Ақтық кезеңге Астана, Қарағанды, Екібастұз, Павлодар қалалары мен Баянауылдан келген командалар қатысты.
Тартысты ойын қорытындысында үшінші орынға Астана қаласының «Евромикс» және «Айдай» командалары ие болып, 70 мың теңге көлеміндегі жүлдені иеленді. Екінші орын «Сейфулин» командасына бұйырып, 100 мың теңге табысталды. Ал бас жүлдені Астана қаласының «Тұмар» командасы жеңіп алып, 200 мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болды.
Сонымен қатар «Үздік ойыншы» номинациясы 50 мың теңге сыйақысымен бірге «Тұмар» командасының мүшесі Ұлпанға табысталды. Мерекелі шара жастардың би кешімен аяқталды.
Ділназ Серікбай








