12 тамыз – Халықаралық жастар күніне орай Екібастұзда жастарға арналған ауқымды мерекелік іс-шаралар өтті. Мереке қарсаңында Екібастұз қаласының қоғамдық өміріне белсенді араласатын, білім, ғылым, мәдениет, спорт, өндіріс және басқа да салаларда нәтижеге қол жеткізген жастарға «Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы жастар белгісі» төсбелгісі табысталды.
«Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы жастар белгісі» – Екібастұздағы белсенді әрі талантты жастарды қолдауға бағытталған марапат. Жоба қала әкімі Аян Бейсекиннің қолдауымен жүзеге асып, биыл екінші рет табысталып отыр.
Үміткерлердің құжаттары 15 шілде мен 7 тамыз аралығында қабылданып, арнайы комиссия олардың жетістіктерін, қоғамдық белсенділігін және кәсіби нәтижелерін саралады. Нәтижесінде белгіленген номинациялар бойынша үздік жастар анықталды.
Салтанатты рәсім барысында Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары Бибігүл Иманғалиева жеңімпаздарды құттықтап, жастардың қаланың әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосып отырған үлесін атап өтті.
– Екібастұз өңірінде 41 мыңнан астам жас тұрады. Олар – елдің бүгіні мен болашағы үшін жауапкершілікті сезінетін, қабілеті мен таланты арқылы ерекшеленіп жүрген азаматтар. Олардың ішінде 20 мыңнан астам жас маман өңіріміздегі ірі қала құраушы кәсіпорындарда еңбек етіп келеді. Соңғы жылдары 3 мыңға жуық жас жеке кәсіпкер ретінде тіркелген. Бұл – біз үшін үлкен жетістік. Қаламыздағы Жастар бастамаларын дамыту орталығы арқылы жастарға арналған бірқатар жоба жүзеге асырылуда. Біз жастардың бастамаларын әрдайым қолдауға дайынбыз. Бұл марапат сіздер үшін жаңа мүмкіндіктер мен тың бастамаларға жол ашады деп сенемін, – деді Бибігүл Иманғалиева.
Шара барысында қазақстандық патриотизмді қалыптастыру ісіндегі қоғамдық-саяси белсенділігі мен жетістіктері үшін Қуаныш Әмірғалиев марапатталды. Қазақстан Республикасы ішкі істер және Қарулы күштері органдарының қызметкерлері арасынан Жаңылсын Сағадат, ал орта және кіші медицина персоналы қызметкерлері арасынан Алуа Болат жастар белгісіне ие болды.
Креативті индустрия саласында Захра Гулиева, білім және ғылым саласында Әділхан Құдайбергенов пен Әйгерім Аужанова марапатталды. Мәдениет пен өнер саласындағы жетістіктері үшін Айдын Бейсен, журналистика саласындағы еңбегі үшін Ділназ Серікбай жастар белгісіне лайық деп танылды.
Сондай-ақ, волонтерлік ұйымдар саласында Арлақ Алдабергенов, спорт саласында Айбын Уахитов, Нұрсұлтан Кәрімжан және Әлішер Канапин, өңдеу өнеркәсібі мен экономиканың басқа да өндірістік секторларында Нариман Нұртанов пен Томирис Абсаламова марапатталды. «Ең жас қатысушы» аталымы Рахыман Сапарға табысталды. Жеңімпаздар жастар белгісімен қатар ақшалай сертификаттарға ие болды.
Ділназ Серікбай








