Есірткі қылмысы – қоғам қауіпсіздігіне, әсіресе, жастардың болашағына үлкен қауіп төндіретін өзекті мәселе. Онымен күрес – құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.
Екібастұз қаласында биылғы жылдың жеті айында есірткіге қатысты 27 қылмыстық іс тіркелді. Оның 4-еуі ауыр қылмыс болса, қалғандары есірткі заттарын заңсыз сақтауға байланысты. Көбіне мефедрон, «скорость» секілді синтетикалық есірткі түрлері кездеседі. Сонымен қатар, есірткі қолданған 97 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 2025 жылмен салыстырғанда есірткіге қатысты қылмыс санының артқаны байқалады.
Қазіргі уақытта қылмыскерлер жастарды есірткі бизнесіне интернет, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы тартуға тырысады. Кей жағдайда оларға оңай әрі тез ақша табуды ұсынады. Алайда мұндай ұсыныстардың соңы қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін. Олардың арасында телеграмм каналдары, ОLХ, т.б. сайттардағы жарнаманы көріп, «оңай олжа» іздеп келгендер аз емес. Полиция басқармасының жедел уәкілі Диас Смаковтың айтуынша, есірткі қолданушылар, таратушылар арасында жасөспірімдер де бар.
Есірткі қылмысының алдын алу мақсатында полиция қызметкерлері тұрақты түрде рейдтік іс-шаралар, тұрғындар мен жастар арасында кездесулер өткізіп жүр. Мұндай жұмыстардың басты мақсаты – есірткінің зияны мен заңсыз айналымының салдарын түсіндіру және қылмыстың алдын алу.
– Есірткімен күрестегі ең маңызды бағыттардың бірі – алдын алу. Ата-аналар, білім беру ұйымдары, полиция және қоғам болып бірлесіп жұмыс істегенде ғана жастарды есірткіден қорғап, қауіпсіз ортаны қалыптастыруға болады, – дейді полиция қызметкері.
Кенже ҚУАТ








