Екібастұз қаласында «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы аясында 2800 балаға көмек көрсету жоспарлануда. Бұл туралы қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте білім бөлімі басшысының орынбасары Сұлушаш Ибраева әңгімеледі:
2026-2027 жаңа оқу жылында Екібастұз өңірінің білім беру ұйымдарында 23 350 оқушы білім алады. Жаңа оқу жылы қарсаңында елімізде дәстүрлі түрде өтетін «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы балаларға әлеуметтік қолдау көрсетіп, олардың мектепке қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуіне мүмкіндік беретін маңызды әлеуметтік жобаға айналды. 2026 жылы Екібастұз қаласы бойынша республикалық акция аясында 750 баланы демеушілік көмекпен қамту жоспарланып отыр. Қайырымдылық акцияға жергілікті кәсіпкерлер, кәсіпорындар мен ұйымдар, қоғамдық бірлестіктер және жанашыр азаматтар белсенді түрде атсалысуда. Акцияның демеушілері қатарында «Санлин» футбол клубы, «Шопоголик» дүкені, «Kaz Mineals Bozshakol» ЖШС, «Болат Нұржанов атындағы Екібастұз МАЭС-1» ЖШС, «Екібастұз МАЭС-2 станциясы» АҚ, «Богатырь Көмір» ЖШС, «Горэлектросеть» АҚ, Кешенді ферроқорытпа зауыты және Екібастұз қаласының жеке кәсіпкерлері бар.
Акцияға демеушілерді тарту жұмыстары жалғасуда. Акцияға қатысатын қайырымды азаматтар тізімі мен көрсетілетін көмектің көлемі нақты қолдау туралы растаулар түскен сайын толықтырылып, нақтыланып отырады.
– «Мектепке жол» акциясы тек материалдық көмек көрсету емес, бұл – балаларға қамқорлық, қолдау және тең мүмкіндік сыйлайтын ортақ игі іс. Жаңа оқу жылы қарсаңында әр баланың мектеп табалдырығын қуанышпен аттап, білімге құштарлықпен қадам басуы – баршамызға ортақ міндет, – деп қорытындылады Сұлушаш Қабдығалиқызы.
Ж.АЙТЫШ







