Мүмкіндігі шектеулі адам үшін күнделікті өмірдегі қарапайым әрекеттердің өзі қосымша қолдауды қажет етуі мүмкін. Біріне жүріп-тұруға көмек керек болса, енді біріне арнайы құрал немесе маманның қызметі қажет. Екібастұзда мұндай азаматтарға қандай көмек көрсетіледі? Бұл сұраққа қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Екібастұз қаласы әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік мәселелер бөлімінің басшысы Зейнеп Жақсыбаева жауап берді.
Соңғы мәліметке сәйкес, Екібастұзда 4612 мүгедектігі бар адам бар. Оның 730-ы – I топ, 1701-і – II топ, 1474-і – III топ санатында. Сонымен қатар 18 жасқа дейінгі 707 бала тіркелген.
Мүмкіндігі шектеулі азаматқа көрсетілетін әлеуметтік қызметтер оның жеке оңалту бағдарламасына сәйкес белгіленеді. Яғни адамның денсаулық жағдайы мен күнделікті қажеттілігі ескеріліп, қандай көмек керектігі анықталады. Соған сәйкес қажетті қызметтер мен техникалық құралдар ұсынылады.
Мәселен, есту қабілеті бұзылған азаматтарға ымдау тілі маманының қызметі көрсетіледі. Қазіргі таңда қалада осындай бес маман жұмыс істейді. Әр маманға жылына 60 сағат қызмет көрсету қарастырылған. Бұл қызмет есту қабілеті нашар адамдардың ақпарат алуына, түрлі мекемелермен байланысуына және күнделікті мәселелерін шешуіне мүмкіндік береді.
Ал қозғалысы шектеулі және көру қабілеті бұзылған I топтағы азаматтарға жеке көмекші қызметі ұсынылады. Қазір Екібастұзда 268 адамға жеке көмекші бекітілген. Бұл қызмет те жеке оңалту бағдарламасына сәйкес тағайындалады.
Әлеуметтік қолдаудың тағы бір маңызды бағыты – қажетті техникалық және гигиеналық құралдармен қамтамасыз ету. Олардың қатарында жөргек, жайма, және колостома жинақтары, катетер секілді қажетті құралдар бар. Мысалы, белгіленген нормативке сәйкес, бір адамға жылына 1460 дана жөргек, 360 жайма, 365 колостома жинағы және 12 несеп жинағыш беріледі.
Жүріп-тұруы қиын азаматтарға кресло-арба да беріледі. Егер ол жеке оңалту бағдарламасында көрсетілсе, азамат Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы өзіне қажетті кресло-арбаны таңдап тапсырыс бере алады. Оның үйге және серуендеуге арналған түрлері бар. Сондай-ақ электрлі әмбебап кресло-арбалар ұсынылады.
Кресло-арбалардың пайдалану мерзімі де белгіленген. Үйге арналған кресло-арба жеті жылға, серуендеуге арналғаны төрт жылға, ал электрлі әмбебап кресло-арба бес жылға беріледі.
Биыл кресло-арба алуға 118 өтініш түскен. Оның 106-сы орындалған. Қалған азаматтар қажетті құралдарын тапсырысқа сәйкес алады.
Бұдан бөлек, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жылына бір рет санаторлық-курорттық ем алуға мүмкіндік беріледі. Ол үшін азамат Әлеуметтік қызметтер порталына электрондық цифрлық қолтаңба арқылы кіріп, өзіне қолайлы санаторийді таңдай алады.
Көру қабілеті бұзылған азаматтарға тифлотехникалық құралдар да беріледі. Биыл мұндай көмекке 146 адам жүгініп, барлығы қажетті құралдармен қамтамасыз етілген.
Мүмкіндігі шектеулі жандарға көрсетілетін көмек арнайы әлеуметтік қызметтермен де толықтырылады. Қаладағы «Әлем» балаларды оңалту орталығы психо-неврологиялық аурулары бар балаларға жартылай стационар жағдайында қызмет көрсетеді. Қазіргі таңда мұнда 60 бала қамтылған.
Ал «Өмір» оңалту-шығармашылық орталығында осындай ерекшеліктері бар 60 ересек адам қызмет алады. Тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арнайы әлеуметтік қызметті де осы орталық көрсетеді. Қазір орталықта 25 адам қамтылған. Айта кетерлігі, аталған орталықтардың арнайы әлеуметтік қызмет көрсетуге лицензиясы бар.
Әлеуметтік қызметті үй жағдайында алатын азаматтар да бар. Бұл бағытта Халыққа әлеуметтік қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. Биыл жоспар бойынша 492 адамды қамту көзделсе, қазіргі таңда 518 адамға қызмет көрсетіліп отыр. Олардың қатарында жалғыз тұратын 329 зейнеткер, мүмкіндігі шектеулі 76 бала және 18 жастан асқан 113 азамат бар. Оларға әлеуметтік қызметкерлер мен әлеу-меттік педагогтар қажетті көмекті үйлеріне барып көрсетеді.
Әлеуметтік қолдау қиын өмірлік жағдайға тап болған азаматтарға да көрсетіледі. Мәселен, тұрақты тұратын жерінен айырылған немесе уақытша баспананы қажет ететін адамдар Қайта әлеуметтендіру орталығына орналастырылады. 50 орынға есептелген орталыққа жыл басынан бері 48 адам жүгінген. Олардың үшеуі – мүмкіндігі шектеулі азамат.
Мұнда әр адамның жағдайы жеке қаралады. Қажет болған жағдайда азаматты жұмысқа орналастыруға жәрдем көрсетіледі немесе тұрақты тұратын орнына, соның ішінде медициналық-әлеуметтік мекемеге орналастыру мәселесі қарастырылады.
Ділназ Серікбай








