Кәсіпкерлікті алға бастырудың ел экономикасы үшін маңызы зор. Сол себепті мемлекет бұл бағыттағы қолдауды жылдан-жылға пәрменді етіп келеді. Қолдаудың бір тетігі – «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ. «Даму» қорының филиалдары Қазақстанның барлық өңірлерінде жұмыс істейді. Кәсіпкерлермен, қоғамдық ұйымдар және атқарушы органдармен тығыз байланыс орнатып, көптеген бағдарламаларға қолдау көрсетіп отыр. Соның бірі – «Кең дала – 2» бағдарламасы.
Аталмыш бағдарлама «Аграрлық кредит корпорациясы» АҚ арқылы агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріне көктемгі егіс, егін жинау және дала жұмыстарын сапалы жүргізу үшін жеңілдетілген кредиттік ресурстар ұсынуға бағытталған. Бағдарламаның басты ерекшеліктерінің бірі – кепілзаттық қамтамасыз етілуі жеткіліксіз ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ тарапынан қарыз сомасының 85 пайызына дейін мемлекеттік кепілдік берілу механизмі қарастырылған. Ал қарыз алушы небәрі 15 пайыз мөлшерінде өз кепілзатын ұсынады.
Екібастұз өңірінде аталған бағдарлама аясында «Аграрлық кредит корпорациясы» АҚ арқылы 4 шаруашылықтың өтінімі мақұлданып, қаржыландырылды. Қаражаттың жалпы көлемі – 449,5 миллион теңге.
Тарқата айтар болсақ, «Аманат Агро – 2023» ЖШС – 25 миллион теңге, «Тұрсынбаева» жеке кәсіпкерлігі – 242 миллион теңге, «Кереку жер» ЖШС – 99,5 миллион теңге және «Компания Растр» ЖШС – 83 миллион теңге. Шарт бойынша сөз болып отырған несиелер биылғы жылы игерілуге тиіс. Осы орайда, несие алушы шаруашылықтардың хал-ахуалы нешік екенін білу мақсатында солардың ішінен «Кереку жер» ЖШС-нің иесі Сергей Журенкомен телефон арқылы хабарластық.
– Біздің шаруашылық Шідерті кенті мен Бәйет елді мекені аралығынан 650 гектар жер иеленген еді. Биыл көктемде соның 130 гектарына картоп отырғыздық. Соны жаз бойы күтіп-баптап, суардық. Қазіргі болжам бойынша әр гектарынан 30-35 тонна өнім жинауға болады деген үміт бар. Жиын-терім жұмыстарына маңайдағы елді мекендерден жұмыс күшін тартып, қолдағы техниканы жұмылдырамыз. Бәрі сәтімен болса, жинап алған картопты сатып, «Аграрлық кредит корпорациясы» АҚ-мен есептесуге тиістіміз. Осы орайда, кепілзат ұсынған «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-на да ризашылық білдіреміз, – деді Сергей Журенко.
Сөз басында кәсіпкерлікті дамытудың ел экономикасы үшін маңызды екенін айттық. Мемлекет қолдауына сүйенген жеке кәсіпкерлер мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер қатары көбейген сайын халықты сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету жақсара түспек.
Ж.Жәлелұлы







