Ел намысын қорғап, олжалы оралған спортшыларды күтіп алу да ғанибет. 13 тамыз күні екібастұздық таеквондошылардың туыстары мен жанашырлары, сондай-ақ, қала әкімдігі мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің қызметкерлері Моңғолияның астанасы – Улан-Батор қаласынан сүйіншілеп жеткен спортшыларды стела түбінде тосып алып, гүл шоқтарын ұсынып, қуаныштарын бөлісті.
– 3-9 тамыз аралығында Улан-Баторда таеквондоның ITF нұсқасынан Азия чемпионаты өтті. Қазақстан құрама командасы сапында екібастұздық 9 таеквандошы өнер көрсетіп, соның 7-еуі спаррингтен жүлдегерлер атанды. Жалпыкомандалық есепте Қазақстан жүлделі үшінші орынға тұрақтады. Бұл жетістікке біздің жерлестеріміз де елеулі үлес қосты, – деді сұхбатында жаттықтырушы Азамат Шакилов.
Енді тарқатып айтар болсақ, ересектер арасында 47 кило салмақта Алина Шакилова қола медальға қол жеткізіпті. 16-17 жастағы жастар арасында Камила Будаева 46 кило салмақта, Расул Шакил 75 кило салмақта қола жүлде иеленсе, 14-15 жастағы жасөспірімдер ішінде 65 кило салмақта Рената Асабашвили – алтын, 55 кило салмақта Ахмет Сүлейменов күміс медаль еншілепті. 11-13 жастағы кадеттер арасында 50 кило салмақта Лина Кириченко – алтын, 45 кило салмақта Арина Дүйсекенова күміс медаль жеңіп алыпты.
Күтіп алушылар арасынан Лина Кириченконың әжесі Маргарита Кенжетайқызымен аз-маз әңгімелестік.
– Лина – №7 гимназия-мектебінің оқушысы. Таеквондомен 4 жылдан бері шұғылданады. Бапкер ауыстырып, Азамат Шакиловта жаттығып жүргеніне 1 жыл болды. Осы жолы Азия чемпионатында алтын жүлдеге ие болып отыр. Линаның сіңлісі Айлин де спорттың осы түрімен шұғылданады. Ол Ресейдің Омбы қаласында өткен жарыста жүлдегер болған еді, – деп әжесі немерелерінің жетістігін мақтаныш ететінін білдірді.
Айтпақшы, Азамат Шакиловтың секциясында 200-дей бала таеквондомен шұғылданады екен. Олардың арасынан әлі талай мықты спортшылар шығары анық.
Ж.Жәлелұлы








