Солнечный кенті таяу күндері 40 жылдық мерейтойын тойлағалы отыр. Мерейтой қарсаңында елді мекеннің тыныс-тіршілігімен таныспаққа барып қайттық.
Дәп осы күні кенттегі полиция қызметіне жаңа басшы тағайындалып жатыр екен. Полиция майоры Қанағат Кәкеновтің құқық қорғау саласында қызмет етіп келе жатқанына 10 жылдан асыпты. Жаңа басшыны активке таныстыру жиынында басшылық тарапынан тұрғындармен профилактикалық әңгімені көбірек жүргізу қажеттігі айтылды. Құқық қорғаушылардың айтуынша, алаяқтық оқиғаларда білместікпен жауапкершілік арқалаған төрт дроппер осы кенттен екен. Демек, ақпараттық жұмысты күшейту қажет-ақ. Атап өтерлік жайт, мұндағы полиция бөлімшесінде басшыдан басқа төрт полиция қызмет етуде.
Былтырғы жылдың шілдесінде кентте өткен қала әкімінің тұрғындар алдындағы есеп беру кездесуінде солнечныйлықтар билік өкілдерінен кенттің мерейтойына назар аударуды сұраған болатын. Сонымен қатар, Абай алаңының жөндеуге зәру екендігі, Конституция көшесі, 13 мекенжайындағы балалар алаңшасы тілге тиек етілгені есімізде.
Қала билігі мерейтой қарсаңында кентті құралақан қалдырмапты. Тарқата айтсақ, Конституция даңғылы, Тәуелсіздік өтпе жолы, Жамбыл көшебағы – жалпы алғанда, 21 696 шаршы метр аумақ асфальтталыпты. Кварталішілік жолдардан Достық, 5 пен Абай, 2 мекенжайына ортақ аула және Әуезов, 6 және 14-үйлердің басын қосатын тағы бір аула жөндеуден өтіпті: 15 119 шаршы метр бұл аумақтардағы жұмысты қала бюджетінен бөлінген қаржыға «Диас-Дар» ЖШС атқарған.
Сонымен қатар, Конституция даңғылы, 10, 13, 28, Әуезов көшесі, 2 және 6-үйлер ауласына ұзын-ырғасы бес балалар алаңшасы салыныпты, мердігер – «ZNH Group» ЖШС.
Кенттің белсенді жастары да мерейтойға өз үлестерін қосқан жайы бар. Олар қайырымдылық қаражат есебінен Достық, 5, Абай, 2 мекенжайларындағы көпқабатты екі үйдің сыртын әктеп, сырлауға күш салыпты. Қазір бұл үйлер кенттің шырайын кіргізіп, алыстан менмұндалап тұр. Кент көркін кетіріп тұрған бұрынғы балабақша ғимараты да жөнделуде екен. Жекеменшік нысанды қайта қалпына келтіріп болған соң иесі қандай мақсатқа қолданарын уақыт көрсетеді.
Кентте пошта тұрақты жұмыс істеп тұр: штатта 4 қызметкер бар.
Кенттегі екі мектептің бірі – №16 мектепте былтырғы жылы павлодарлық «Альянс Строй Стиль» ЖШС 15 841 728 теңгеге гардероб пен кіреберісті ағымдағы жөндеуден өткізгенінен хабардармыз. Сондай-ақ «Endeavour ПВ» ЖШС 83045, 609 мың теңгеге терезелерді ауыстырған болатын. Асханаға да 2924429 теңгеге ағымдағы жөндеу жүргізілген. Биыл аталған мектептің мәжіліс залы («Досова Л.М.» жеке кәсіпкерлігі – 8347,1 мың теңге) және кітапханасы («Қапал» ЖК – 3693,3 мың теңге) ағымдағы жөндеуден өтті. Абай атындағы №28 мектепте де футбол алаңшасы (6506,7 мың теңге), спорт залдың ішкі төбелері (2975,8 мың теңге), шатыры (6240,1 мың теңге) ағымдағы жөндеуден өтті. Мердігер – «СтройКар» жеке кәсіпкерлігі.
Сапар барысында былтыр ашылған «SUN-SITY-2024» АӨК наубайханасына бас сұқтық. Күніне 150-200 бөлке нан пісіріп, аптасына екі рет Ақкөл және Зеленая роща ауылдарына да тасымалдайтын наубайханадан біз де ыстық нан алдық. Былтырғы баға – 140 теңгеден қымбаттаған өнімді балаларымыз да ұнатып жегенін атап өту ләзім.
Былайғы жұрттың айтуынша, Солнечный кентінде пәтер қымбаттапты: бұл фактор кентке сұраныс барын айғақтаса керек. Кент келешегінің жарқын екендігін мұндағы ұжымдарға жаңадан қосылып жатқан жастар қатарынан да байқауға болады. Абай атындағы №28 мектепке жұмысқа орналасқан Ерхан Беклан Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетін химия пәнінің мұғалімі болып тәмамдапты. Ал М.Қанапьянов атындағы жоғарғы колледж түлегі Аяжан Айкен мен Б.Ахметов атындағы Павлодар педагогикалық колледжінен түлеп ұшқан Нұрай Жахия №16 мектепте бастауыш мектеп балаларына «Әліппе» танытатын болады.
Жігерлі жастар жұмысқа құлшынып жатса, қарттар жағы мемлекет жасаған қамқорлықтың игілігін сезініп, денсаулықтарын нығайтуда. Мәселен, зейнеткерлер А.Тұманбаев, А.Жақсылықова, А.Әсембаева және мүгедектігі бар К.Дарбаев «Ардагер» оңалту орталығы мен «Черноярская жемчужина» ЖШС-інде сауықтыру бағдарламасынан өтіп келіпті. Бірқатар қариялар жеке көмекшінің көмегіне жүгініп, үйде көрсетілетін әлеуметтік қызметке иек артуда. Жалпы, кентте мүгедектігі бар 147 азамат бар екен, олар мемлекет тарапынан тиесілі қоларба, тифло, сурдоқұралдар, тағы басқа қажетті заттармен қамтамасыз етілген.
Кенттің қарт тұрғындарының бірі – Любовь Исаенко (Шеховцова) болса өтінішін жерге тастамаған атқарушы және өкілетті билік өкілдеріне газет арқылы алғысын жолдады.
– Тамаша жандар – кент әкімінің орынбасары Сәния Жұмашеваға жүрегінің тазалығы үшін, сөзімді жерге тастамағаны үшін, кәсіпкер Исламбек Құлтұмановқа жомарттығы үшін, Мәрзия Айтмағамбетоваға қиналған сәтімде көрсеткен қамқорлығы үшін алғыс білдіремін! – дейді кейуана. Исламбек Махмерұлы қарияның тоңып-жаурауына себепші болған ақаулы терезені ауыстырып берген көрінеді, ал әкімдік қызметкерлері қарт ананың өтінішін жеткізуге дәнекер болыпты.
Кенттегі мәдениет ошағы – «Мақпал» мәдениет үйінің атауы Мақпал Жүнісованың есімімен байланысты. Биыл да әнші мұнда концертін беріп, өзін сағына күтетін жұртшылықты әсем әуенге бөлеген болатын. Атап өтерлік жайт, мәдениет үйін жөндеуден өткізуге жобалық-сметалық құжаттама дайын тұр, көзделген мақсатқа жету үшін демеушілер іздестірілуде.
6777 тұрғыны бар, үш ай бұрын ғана сайланған су жаңа әкім Асфандияр Тұрлыбеков басқарып отырған, атауы аракідік алуан ойға жетелеп қоятын Солнечный кентінің біз көрген тірлігі осындай…
Жанаргүл ҚАДЫРОВА







