Кешқұрым үйге көрші әйел кіріп келді. Таяуда ғана Тарбағатайға төркіндеп, бір айға жуық туыстарын аралап қайтқан еді. Шай үстінде енді Қап тауын көріп, Грузияға сапарлағалы отырғанын айтты.
– Тамыздың ортасында туған күнім емес пе. 65 жасқа толамын. Көршіколаң, құрбыларды шақырып, атап өтпекші едім, екі қызым жөн көрмеді. «Мама, кісі күтіп шаршап-шалдыққанша, жолдама сатып әперейік, жер көріп, ел танып қайт» деген ұсыныс жасады. Ары ойлап, бері ойлап, келістім. Бүрсігүні жолға шыққалы отырмын, – деді көрші әйел көңілдене сөйлеп.
Тыңдап отырған біз: «Бәрекелді! Жақсы жетіп, сау қайтыңыз», – деп тілектестік білдірдік.
Айтпақшы, көрші әйел екі жыл бұрын Тайландқа барып, базарлық ретінде экзотикалық жеміс ала келіп, бізге дәмін татырған. Ол жақтың адамға жайлы климатын, толқыған теңізін тамсана әңгімелеген.
Білмейтін біреу-міреу көрші әйелді дәулеті тасыған адам екен-ау деп ойлап қалуы ықтимал. Сол себепті көршінің екі қызын қалай жеткізіп, ел қатарына қосқанын баяндай кету дұрыс болар.
Жоспарлы экономика быт-шыт болып, халық нарықтық экономикаға икемделе алмай, тұрмыс жүдеген шақта күйеуімен ажырасып, екі шиеттей баламен көз жасын төгіп қалған көрші келіншек отбасын асырау қамытын киіп, бейнетті тәуір-ақ көрген-ді. Құрылыста еңбек етіп, ол кәсіпорын тарап кеткен соң, жеке үйлерде еврожөндеу жүргізіп, еш тыным көрмеді. Тапқан-таянғанын балаларының білім алуына жұмсады. Сөйтіп тұңғыш қызы ағылшын тілі мұғалімі, кіші қызы жобалаушы мамандығын меңгерді. Қазіргі уақытта екеуі де білікті маман санатында, тұрмыста. Күйеу балалары да енесін қадірлейді. Әйтсе де осы жайтты тілге тиек етудегі мақсат – көршінің жеке өмірін сөз ету емес, соны мысал ете отыра негізгі айтар ойға кілт табу.
Аға буын өздері көрген өмір салтымен қит етсе той жасауға құштар. Жиып-тергенін тойда шаша салуға бейіл. Қазақтың мәрттігін, жалғыз атын жайратып тастауға әзір жомарттығын паш ете-ете, дақпыртымыз дарақылыққа ұласқанын түсіне алмай жүрген тәріздіміз. Ал кейінгі буын – жастар – прагматик. Қазақы қалыпты сақтай отырса да, өзге елдердің өмір салтынан өнеге алуды теріс көрмейді. Туристік сапарларға шығу, саяхаттау үрдісінің жылдан-жылға қанат жаюына да жастар жағы серпін бергені анық. Өздері ғана емес, әлпештеп өсірген әке-шешелерінің шет елдерді көріп, шипажайларда тынығып, денсаулықтарын түзеп қайтуына түрткі болып, жолақысы мен жамбаспұлын көтеріп жүр. Балаларының перзенттік парыздың бір парасын осылайша өтеуін ата-аналарының да теріс көрмей, мақтана айтып отыруы жаңашыл сыйлықтың жанға жағымдылығын білдірмей ме?!
Десек те әңгімеге әу баста көрші әйел мен екі қызын арқау еттік емес пе. Қазақ ертеден ер баладан гөрі, қыз баланы жанашыр көрген. Әйтпесе былай деп айтпас еді:
– Жердің тайғақ болғанын мұздан көрдім,
Еттің ащы болғанын тұздан көрдім.
Жас күнімде «қыз бала» деп менсінбеуші ем,
Қартайғанда рахатты қыздан көрдім.
Ж.Сәдуақас








