Бүгінде Екібастұз қалалық мешітінің келбеті көркемделіп, айналасы мүлдем жаңарған. Мешіт маңындағы жолдар да жаңадан асфальтталып, жүргіншілер үшін де, көліктер үшін де ыңғайлы бола түскен. Жаңа түрге енген имандылық ошағында бас имам Нұрсейіт Омаровпен өрбіткен әңгімеміз өңірдегі жалпы діни ахуал жайында болды.
– Нұрсейіт Әбдімүтәлиұлы, осыдан жиырма шақты жыл бұрын, журналистік жолымызды жаңа бастаған жылдары, автобуста «Мешітке бара жатырмын, мешіттен келе жатырмын» дейтін әжелерді жиі кездестіретін едік. Ол жылдары мешіттен үзілмейтін тұрақты ақсақалдар тобы болатын, олар мешіт пен қоғам арасындағы көпір қызметін атқаратын. Қазіргі уақытта мешітке келушілер санына көңіл тола ма, жалпы халықтың дінге қарым-қатынас ахуалын қалай бағалар едіңіз?
– Мешіттен халық үзіліп көрген емес. Ағаларымыздың кейбірі: «Намазды осы жерде бастаған кезімізде 5-6 адам ғана бо-
латын едік», – деп еске алады. Құдайға шүкір, қазір жұма күндері намазға жиылған қауым мешітке сыймай кетеді, мұндайда мешітіміз тарлық еткендіктен, қаламызда екінші мешіт ашылғанына куә болдыңыздар. 31-шағынауданда орналасқан Әбу Ханифа мешіті Екібастұз қалалық мешітіне қарайды. Жұма күні тұрақты қалыптасқан жамағатымыз намазға жиылады. Ақсақалдар мен мешіт жамағатынан құралған мешіт алқасы бар. Алдағы уақытта біз қалалық ардагерлер кеңесімен және билер алқасымен келелі кеңестер өткізбекшіміз. Үлкендердің басын қосып, дін мен дәстүрге қатысты мәселелерді ортаға салғымыз келеді. Мәселен, қазіргі кезде қаламыздың ақсақалдарымен ас беру әдебін зерделеп жүрміз. Жастардың да дінге құлшынысын жоғары деп бағалаймын.
– Мешіт жамағаты ішінде салафиттер басым болып кеткен жоқ па?
– Жоқ, жамағат құрамында Ханафи мәзһабын ұстанатын азаматтар басым. Өндірістік қала болғандықтан, жұмысқа жаңадан тұрғандар бірін-бірі тартып, сондай бір себептермен бір жылдары салафит ағымын ұстанғандар жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптағаны рас, дегенмен қазір жағдай тұрақты. Бұл бағытта өз тарапымыздан жүйелі жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Жамағатқа дәстүрлі діни сенімнің тұтқасын берік ұстату мақсатында Ханафи мәзһабы мен Матруди сенім мектебінің арнайы кітаптарынан белгіленген уақыттарда дәрістер ұйымдастырудамыз. Бұл дұрыс діни иммунитетті қалыптастырып, жастардың адасуына тосқауыл болмақ.
– Солнечный кенті салафизмнің өршіп тұрған ошағы ретінде аталатын еді…
– Қазір Солнечный кентінде де жағдай тұрақты. Иә, ол жерде шетелде діни білім алған бір ықпалды азамат тұрып, соның жетегінде кеткендер көп болды. Кейін ол сотталып, түрмеден кейін басқа жаққа қоныс аударды.
– Елімізде жоғары білім беретін Нұр-Мүбарак университетінен басқа, тағы қандай сапалы діни оқу орындары бар?
– Қазақстанда Нұр-Мүбарак университетінен басқа, тоғыз медресе-колледжде діни білім беріледі, олар Алматы қаласы мен облысында, Астана, Орал, Ақтөбе, Тараз, Шымкент, Түркістан қалаларында орналасқан. Сонымен қатар, Павлодарда да бір медресе-колледж бар.
– Екібастұз қалалық мешітінде қандай дін қызметшілері еңбек етіп жатыр?
– Екібастұз қалалық мешітінде бас имамнан басқа, үш наиб имам, екі ұстаз (бір ер, бір әйел) және мешіттің азаншысы бар.
– Азан демекші, азан дауысын естіп жатамыз. Азан үнемі дауыс зорайтқышпен оқылып жүр ме? Және бұған тұрғындар наразылық танытпай ма?
– Жоқ, тұрғындар тарапынан наразылық болып көрген жоқ. Азан бес мезгіл оқылады. Азан оқу заңмен бекітілген талаптарға сай орындалады, яғни, адамдар демалатын уақытта дыбысты бәсеңдетеміз.
– Мектептерде дінді насихаттуға рұқсат жоқ. Тіпті бір жылдары енгізілген дінтану пәні де алынып тасталды. Десе де діни білімге ынталы, құранға жетік балалар барын байқап жүреміз. Оларды мешітке қалай тартасыздар?
– Балалар негізінен ата-аналарының ықпалымен келеді. Облыстық мешіт ұйымдастыратын құран жарыстарында көзге түсіп жүрген балалардың ынтасы жоғары. Мұндай жарыстарға қатысып, жүлделі орын алған әйел, қыз шәкірттер де баршылық. Негізі, мешіт жанындағы діни сауат ашу курсы белсенді жұмыс істейді. Мешіттің сауат ашу курсындағы дәрістерімізге жастар да, жасы үлкендер де қатысуда. 2023 жылы ашылған қайырымдылық мекемесінде жастарға діни білім беріледі. Оқу ғимараты мешітке тиесілі. Дәрісті арнайы ұстаз жүргізеді. Дінге талабы бар балаларды оқу орындарына баулимыз. Мәселен, биыл Нұр-Мүбарак университетіне 5 талапкер (үш ер бала, екі қыз) құжат тапсырды. Төрт оқушы 9-сыныптан кейін Павлодардағы «Әбу Бәкір Сыддық» медресе-колледжіне оқуға түсті. Жалпы, мешіт қабырғасында 100 шақты әйел және қыз бала, 80 шақты ер бала және ересектер тұрақты түрде діни сауатын арттыруда.
– Түрлі ас беру, дұға дастархандарына қатысқан молдалардан көбінесе тозақпен қорқыту мағынасындағы уағыздарды ғана естиміз. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» екендігі, жәннатқа ата-анаға деген сый-құрмет немесе білім мен ізгілік дәнін себу арқылы жетуге болатындығы Абай, Шәкәрім, Мәшһүр, өзге де ғұламалардың мұраларында, қазақтың салт-дәстүрінде де сайрап тұр емес пе… Тағы бір айтпағым, қазіргі уақытта әйел адамдар жаназаға және ас дастарханына орамалсыз немесе шұлықсыз, жалаңаяқ та баратын болды – осыған «тәйт» дейтін адам жоқ сияқты…
– Әрбір жұма намазында мүфтият тарапынан бізге уағыз тақырыптары ұсынылады, соған орай біз қазақ ғұламаларының мұраларына оралып тұрамыз. Мешітте берілген тақырып аясында уағыз айтып, әрі қарай жүрген жерімізде насихат қыламыз. Жалпы, сіз атаған жайттарды мүмкіндігінше айтудай-ақ айтып жатырмыз.
– Сұхбатымызды мешіттегі жөндеу жұмыстарымен түйіндесек…
– Екібастұз қалалық мешіті 1998 жылы салынған. Одан бері жөндеу көрмегендіктен, өңі әбден ескіріп, ғимарат тозып кетті. 2025 жылы «Богатырь Көмір» ЖШС асхананы күрделі жөндеуден өткізді. Сырты жаңартылып, төбесі толық жөнделді. Кәсіпкер Серік Сәдуақасов қасбеті мен күмбезін жаңартуға қаржы бөлді. Одан соң қала әкімі Аян Бейсекиннің қолдауымен аула абаттандырылып, стритбол, тренажер, балалар алаңшалары салынды, беседка орнатылды, біздің ұсынысымызбен автотұрақ жасалды. Мешіт айналасындағы жолдар асфальтталып, тротуарлар толық жаңарды. Жөндеу жұмыстарының бәрі қала әкімінің қолдауымен жүзеге асырылды. Көмек қолын созған қайырымды азаматтардың баршасына Алла разы болсын дегім келеді.
– Сұхбатыңызға рахмет!
СҰХБАТТАСҚАН: ЖАНАРГҮЛ ҚАДЫРОВА








