Абай Құнанбайұлының туғанына 181 жыл толуына орай «Атамұра» мәдениет орталығының саябағында «Ұлт руханиятының темірқазығы» атты поэзия алаңы ұйымдастырылды. Бұл жолы ақынның шығармаларын сахнада емес, табиғат аясында оқу ұйғарылыпты. Оқушылар мен өнерге қызығушылық танытқан жастар ақынның өлеңдерін көпшілікке мәнерлеп жеткізді.
Ақынның туған күніне орай орталық кітапхана оның өмірі мен шығармашылығына арналған шағын көрме де ұйымдастырды. Көрмеге Абайдың шығармалары мен хакімнің өмір жолын танытатын кітаптар қойылды.
Поэзия алаңында әр қатысушы өзіне ұнаған шығарманы таңдаған. Қоянды ауылының оқушылары Ержанат Ерболат «Есіңде бар ма жас күнің» өлеңін, Ерасыл Сетерхан «Мәз болады болысың» шығармасын оқыды. Тай ауылынан келген Мансұр Қайырханов пен Мөлдір Игілікқызы «Ғылым таппай мақтанба» өлеңін оқыса, Бесқауға ауылынан Марал Шебентаева мен Сарықамыс ауылынан Мөлдір Манат Абайдың табиғат лирикасынан «Қыс» өлеңін таңдаған. №36 лицей-мектебінің оқушысы Аяна Серік «Жазғытұры» өлеңін мәнерлеп оқыды. Ал Айгүл Шакек ақын сөзіне жазылған «Сырымды тоқтатайын айта бермей» әнін орындап, поэзия алаңын әнмен жалғады.
Шарада Абайдың өлеңдерін жастайынан жаттап, ақын шығармаларын оқып, түрлі мәнерлеп оқу байқауларына қатысып жүрген Бесқауға ауылының оқушысы Марал Шебентаева да өз ойын бөлісті.
– Абай шығармаларының тақырыбы әр алуан болғанымен, барлығын біріктіретін ортақ ой бар. Ақын білім мен еңбекке ұмтылуға, адамдық қасиетті сақтауға, бос мақтаннан аулақ болуға үндейді. Табиғат туралы өлеңдерінің өзінен де адамның көңіл күйін, тіршіліктің тынысын байқауға болады. Сондықтан Абай шығармаларын оқу оның өлеңдерін жатқа айтумен ғана шектелмейді. Әр туындының мәніне үңіліп, ақынның ойын бүгінгі оқырманға жеткізу маңызды,– дейді ол.
ДІЛНАЗ СЕРІКБАЙ








