Өңіріміздің мәдени өмірінде тамыз айы ерекше рухани реңкпен өтіп жатыр. Қала көлемінде ұлы ақын, ойшыл, ағартушы Абай Құнанбайұлының туған күніне орай мәдени-әдеби шаралар ұйымдастырылуда. Солардың бірі – «Достық үйінде» өткен «Абай – түрлі тілдерде» атты этномәдени кеш.
Абай шығармашылығы – бір ғана халықтың емес, бүкіл адамзаттың ортақ рухани қазынасы. Ақынның өлеңдері мен қара сөздерінде білім мен еңбек, адамгершілік пен махаббат, ар-ұят пен адам болмысы терең зерделенеді. Сондықтан хакім мұрасы қай тілде оқылса да, өз мәнін жоғалтпай, әр ортаға жаңаша ой салып келеді.
Кештің шымылдығы Абайдың өмірі мен шығармашылығына арналған мазмұнды кіріспемен ашылды. Көрермендер ақынның бала кезінен білімге құштар болып, орыс және шығыс классиктерінің шығармаларынан сусындап, қазақ әдебиетіне жаңашыл серпін әкелгені туралы қызықты деректерді тыңдады.
Бұдан соң сахна төрінде Абайдың әуезді әндері шырқалды. «Асыл әжелер» вокалдық ансамблі Гете, Лермонтов және Абай шығармашылығын тоғыстырған «Қараңғы түнде тау қалғып» әнін әуелете орындады. Ал «Вечарынка» вокалдық ансамблі «Айттым сәлем, қаламқас», «Красуни» ансамблі «Бойы бұлғаң» әнін нақышына келтіре шырқап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Жас әнші Санжар Серік «Сегіз аяқ» туындысын орындаса, «Славяночка» вокалдық ансамблі көпшілікке сүйікті «Көзімнің қарасы» әнін ерекше жеткізді.
Кеш барысында Любовь Синько мен Марина Курганова Абайдың адам болмысы, ар-ұят, білім мен еңбек туралы тағылымды ойлары өрілген қара сөздерін оқыды. Ардагер ұстаз Раушан Рахматулина ақынның лирикалық өлеңдерін тебірене жеткізсе, Рауза Мұсабаева, Елизавета Майненгер және Людмила Щербакова көрерменге «Голос вечности» композициясын ұсынды. Ал «Беларусь» этномәдени бірлестігінің төрайымы Любовь Суржик ақынның «Жаз» өлеңін үш тілде орындап, кештің этномәдени сипатын айқындай түсті.
Кеш соңында жиналған қауым Абайдың жүрек қылын тербейтін «Көзімнің қарасы» әнін бірге шырқап, мерекелік шараны әсерлі нотада түйіндеді.
«Достық үйінде» өткен бұл кеште түрлі этнос өкілдері ұлы Абайдың мұрасын бірге дәріптеп, оның өлеңдері мен әндерін әр тілде орындады. Бір сахнада тоғысқан әр түрлі тіл мен мәдениет Абай шығармашылығының уақыт пен ұлт шекарасынан биік тұрғанын тағы бір мәрте айшықтайды.
ДІЛНАЗ СЕРІКБАЙ










