5 тамыз күні Екібастұз қалалық мәслихатының кезектен тыс ХLҮІІІ сессиясының 2-пленарлық отырысы өткізіліп, қала әкімдігінің экономика және қаржы бөлімінің басшысы Салтанат Қорабаева «Екібастұз қалалық мәслихатының 2025 жылғы 19 желтоқсандағы №302/39 «2026-2028 жылдарға арналған Екібастұз қаласының ауылдық округтерінің, ауылдарының және поселкелерінің бюджеті туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы» хабарлама жасады.
Атап айтқанда, бұл жолы Солнечный және Шідерті кенттерінің биылғы бюджетіне ғана өзгерістер енгізілді. Сөйтіп депутаттардың мақұлдауынан кейін Солнечный кенті бюджетінің кіріс бөлімі 446690 мың теңге, шығыс бөлімі 456691 мың теңге көлемінде, Шідерті кенті бюджетінің кіріс бөлімі мен шығыс бөлімі 221052 мың теңге көлемінде бекітілді.
Кезектен тыс сессияда, сонымен қатар, «Екібастұз қаласы мәслихатының 2025 жылғы 19 желтоқсандағы №308/39 «Екібастұз қаласын дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған жоспары туралы» шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» мәселе де қаралып, ол жөнінде қала әкімдігінің экономика және қаржы бөлімінің басшысы Салтанат Қорабаева баяндап берді.
Нақтырақ айтқанда, бұған дейін қабылданған жоспарға тағы екі инвестициялық жобаны енгізу туралы әңгіме қозғалды. Бұл екі жоба 6 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартуға, 85 жаңа жұмыс орнын құруға, жергілікті бюджетті қосымша салық түсімдерімен толықтыруға мүмкіндік береді.
Енді сол жобалар жайлы айтар болсақ, біреуі – «Grappa Story» ЖШС темірбетон бұйымдарын шығаратын зауыт салу жобасы. Жобаны іске асыру 2026-2027 жылдарға жоспарланған. Тағы біреуі – академик Марденов көшесінде №9 шағын-ауданда көппәтерлі үш тұрғын үй салу көзделіп отыр. Аталмыш үйлер инвесторлар қаржысына 2027-2028 жылдары салынады.
Сөз болып отырған мәселені талқылау кезінде халық қалаулылары инвесторларға әрдайым қолдау жасайтындықтарын айта келе, бірақ темірбетон бұйымдары зауытының қаланың қай жағынан салынатынын білгісі келді. Өкінішке қарай, хабарлама жасаушы Салтанат Қойшыбайқызы бұл сұраққа жауап беруге әзір болмай шықты. Ал депутаттарды алаңдатқан мына жайт: қаланың батыс жағынан экологияға нұқсан келтіретін кәсіпорындар салу жөн емес. Өйткені біздің өңірде жел көбінесе батыстан шығысқа қарай соғады. Кеңес заманында осы мәселе зерделеніп, елді мекеннің батыс жағында кәсіпорындар құрылысы жүргізілмеген. Олай істеген жағдайда, әуе ластайтын қалдықтарды жел қала ішіне үрлер еді. Сондықтан жаңа кәсіпорындарға жер телімін бөлгенде мұны ескерген абзал.
Ж. Жәлелұлы








