11 тамыз күні қала әкімі аппараттық кеңес өткізіп, онда Екібастұз өңіріне инвестициялар тарту және 2026 жылы негізгі инвестициялық жобаларды іске асыру жөніндегі жұмыстың ағымдағы жағдайы туралы маңызды мәселе қаралды. Баяндама жасаған – қала әкімдігі кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Медет Шоқан.
Биылғы жылдың 1 тамызына негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 215 млрд. теңгені құрағанын айтты. Бұл 2026 жылға белгіленген 495 млрд. теңге көлеміндегі жылдық жоспардың 43% пайызын және өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткішке қарағанда 131% пайызды құрайды екен. Өткен жылдың осы кезеңінде инвестициялар көлемі 164 млрд. теңге болған көрінеді.
Осылайша, өткен жылмен салыстырғанда инвестициялық белсенділіктің оң динамикасы байқалып отыр.
Енді Екібастұздың инвестициялық портфелі туралы сөз қозғар болсақ, онда жалпы құны 7,1 трлн. теңге болатын 33 инвестициялық жоба бар. Бұл жобаларды іске асыру нәтижесінде 8,6 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған.
Портфельдің негізгі бөлігі энергетика, металлургия және машина жасау салаларындағы ірі жобаларға тиесілі.
Павлодар облысының жалпы инвестициялық портфеліндегі 12,8 триллион теңгенің 7,1 триллион теңгесі Екібастұз қаласында жүзеге асырылатын жобаларға тиесілі екенін айта кету де ләзім.
Яғни, облыстағы барлық инвестиция көлемінің 56 пайызы Екібастұзға тиесілі.
Ал жобалар саны бойынша біздің қаланың үлесі шамамен 21 пайызды құрайды. Ескеретін жайт, жобалар саны салыстырмалы түрде аз болғанымен, Павлодар облысына тартылатын инвестицияның жартысынан астамы Екібастұз қаласына бағытталып отыр.
Инвестициялық белсенділіктің артып келе жатқанын соңғы бір жылдағы көрсеткіштер де дәлелдейді. Өткен жылдың өзінде жалпы құны 1,1 триллион теңгеден асатын 11 жоба инвестициялық тізімге енгізілді. Олардың ішіндегі ең ірі жобалар – деректерді өңдеу орталығын салу жобасы, қуаты 1 ГВт болатын жел электр станциясы, алюминий зауытының құрылысы, жұмыс істеп тұрған жылыжай кешенін кеңейту жобасы.
Бұл көрсеткіштер қаладағы инвестициялық белсенділіктің ауқымын айқын көрсетіп, Екібастұздың өнеркәсіп пен энергетиканы дамытудағы негізгі орталықтардың бірі екенін аңғартады.
Жобалардың құрылымын сөз етсек, жалпыұлттық инвестициялық пулға 28 жоба енгізілген. Олардың жалпы құны шамамен 7,1 триллион теңгені құрайды және 8 583 жаңа жұмыс орны ашылатын болады.
Өңірлік инвестициялық пулға 5 жоба кірген. Олардың жалпы құны, шамамен, 2,3 миллиард теңге, ал ашылатын жұмыс орындарының саны – 75.
Инвестициялардың негізгі бөлігі энергетика және металлургия салаларына бағытталған.
Ең ірі жобалардың қатарында мыналарды атап өтуге болады:
3-ші ГРЭС құрылысы – 3 триллион теңгеден астам;
Екібастұз ГРЭС-2 станциясын кеңейту және қайта жаңғырту жобасы – шамамен 1,28 триллион теңге;
Rail Way Steel электрметаллургиялық кешенінің құрылысы – 750 миллиард теңге;
қуаты 1 ГВт болатын жел электр станциясының құрылысы – 629 миллиард теңге.
Сонымен қатар, металлургия саласында да бірқатар ірі жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде жаңа ферроқорытпа және металлургия өндірістерін салу жобалары бар.
2025-2026 жылдары Жалпыұлттық инвестициялық пулдағы 6 жоба толық жүзеге асырылып, пайдалануға берілді. Олардың жалпы құны 142 миллиард теңгені құрайды. Нәтижесінде
1 477 жаңа жұмыс орны ашылды.
Олардың қатарында:
– EkibastuzFerroAlloys және Kazferro Limited ферроқорытпа зауыттары;
– Fonet Er-Tai Mining гидрометаллургиялық зауыты;
– Алиот-Сервис механикалық өңдеу учаскесі;
– Корн Агро көкөніс сақтау қоймасы;
– Аквилон Трейд логистикалық орталығы бар.
Енді іске қосылуы ағымдағы жылдың соңына дейін жоспарланып отырған жобаларға тоқталатын болсақ, ең алдымен «RailCast Systems» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұсталық-бандаж кешенін атап өтуге болады.
Жобаның құны – шамамен 73,3 млрд теңге, 535 жұмыс орнын құру көзделген.
Кәсіпорын қазіргі уақытта өндірістік қызметін жүзеге асыруда, осы тоқсанда толық іске қосу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, жыл соңына дейін «Greenhouse-Qaztomat» жылыжай кешенінің, Шідерті кентіндегі асфальт-бетон зауытының құрылысын, сондай-ақ, «Деповской сервис» ЖШС вагон жөндеу депосы жобасының екінші кезеңін (төрт кезеңнен тұрады) аяқтау жоспарлануда. Аталған жобалар аясында барлығы 700-ден астам (704) жұмыс орнын құру көзделген.
Баяндамасында Медет Шоқан инвестициялық жобаларды сүйемелдеу туралы да айтып өтті. Оның сөзіне қарағанда, инвестициялық жобаларды іске асыру барысында туындайтын және ведомствоаралық өзара іс-қимылды талап ететін барлық мәселелер тұрақты бақылауда екен. Инвестициялық штаб отырысында қаралған «Kazferro Limited» және «Деповской сервис» жобалары бойынша мәселелер жедел тәртіппен шешімін тауыпты. Ал «Санрайз-ЭК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен «Мотор Сити» жобасы бойынша туындаған мәселелер бақылауға алынып, тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр екен.
«Жыл соңына дейінгі негізгі міндет – жоспарланған жобаларды аяқтауды, инвесторларды жедел сүйемелдеуді және қаражаттың нақты игерілуі мен жұмыс орындарының құрылуын бақылау арқылы жаңа инвестициялар тартуды қамтамасыз ету», – деп түйіндеді сөзін Медет Шоқан.
Аппараттық кеңесте қаралған мәселені талқылаудан соң, қала басшысы Аян Бейсекин: «Екібастұздың инвестициялық орталыққа айналуы Үкімет пен облыс әкімінің қолдауының арқасында болып отырғанын атап өтіп, ендігі міндет инвестициялық жобаларды іске асырып, нәтижесін көру», – деді. Сол уақытта қала бюджетіне түсетін қаражат та молайып, оны әлеуметтік саланы одан әрі дамытуға жұмсауға болады.
Ж. СӘДУАҚАС







