Айлық табысының едәуір бөлігін азық-түлікке жұмсайтын тұтынушы, әрине, бағалардың қалта көтерерлік болуын қалайды. Өкінішке қарай, сауда нүктелерінде бағалар өспесе, төмендеуі неғайбыл.
Осы орайда, 11 тамыз күні қалалық коммуникациялар орталығында өткен брифингте қала әкімдігі кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы Әсемгүл Тоқтыбаева әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұру және тұрақтандыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайлы баяндап берді.
Ең алдымен мына бір жайтқа назар аударған жөн. Ағымдағы жылдың басынан азық-түлік тауарларының бағасын мемлекеттік реттеу механизмінде жүйелі өзгерістер орын алған екен. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрінің 2025 жылғы 23 желтоқсандағы «Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесін бекіту туралы» №362 НҚ бұйрығымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесі кеңейтіліпті. Сөйтіп, бұрын тізбеге 19 түрлі тауар енгізілсе, енді 31 түрлі азық-түлік тауары енгізілген. Мұның өзі халықтың әлеуметтік қорғалуын күшейтуге мүмкіндік бермек. Тізімге қызанақ, қияр, алма, сиырдың сүйекті және сүйексіз еті, тартылған ет, балық, қаймақ, қатты ірімшік, қара шай және басқа да өнімдер қосымша енгізілген екен. Алайда бұған дейін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына жергілікті атқарушы органдар тоқсан сайын белгілеп келген шекті бағаларды белгілеу Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрінің 2025 жылғы 30 қазандағы №306-НҚ бұйрығымен мемлекеттік реттеу механизмінен алынып тасталыпты. Осылайша, мемлекет бағаларды тікелей әкімшілік жолмен белгілеуден бас тартқан екен.
Десек те бақылаудың негізгі тетігі – сауда үстемесін шектеу сақталуда. Сауда субъектілері үшін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары тізбесіне кіретін өнімдерге сатып алу бағасынан 15 пайыздан аспайтын шекті сауда үстемесін қолдану талабы күшінде қалыпты.
Әсемгүл Тоқтыбаеваның сөзіне сүйенсек, кәсіпкерлік бөлімі белгіленген сауда үстемесінің асып кету фактілерін анықтау мақсатында «AMANAT» партиясы жанындағы партиялық бақылау комиссиясымен бірлесіп 200 дүкенде рейдтік іс-шаралар өткізіпті. Нәтижесінде тоғыз сауда нүктесінде белгіленген сауда үстемесінен асып кету фактісі анықталып, аталған кәсіпкерлік субъектілері әкімшілік жауапкершілікке тартылып, бағалар талапқа сәйкестендіріліпті.
Үстіміздегі жылы атқарылған тағы бір шаруа – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын 10%-дан аспайтын сауда үстемесімен сатуға міндеттеме алған серіктес дүкендердің тізімі кеңейтіліпті. Қазіргі уақытта мұндай 14 дүкен жұмыс істеп тұр. Аталмыш дүкендерден тұрғындар Тұрақтандыру қорының арзандатылған өнімдерін сатып ала алады. Жыл басынан бері Тұрақтандыру қорынан 185 тонна өнім жеткізіліп, дүкендер сөрелеріне түсіріліпті. Осы тұста айта кететін жайт, Тұрақтандыру қорында жоғарыда айтылған әлеуметтік маңызға ие 31 түрлі азық-түліктің бәрі бірдей бола бермейді. Көп жағдайда сөрелер бос тұрады.
Бағаларды тежеуде апта сайын сенбі күндері «Халық базары» аумағында өткізілетін ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкесінің маңызы зор. Спикердің сөзіне жүгінсек, жыл басынан бері мұнда 150 тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімі сатылыпты.
Түйіндей айтқанда, азық-түлік бағаларын тежеу маңызды. Олай болса, атқарушы билік бұл бағыттағы жұмысты әлі де болса ширата түскені абзал.
Ж.СӘДУАҚАС








