Қызылша – адамнан адамға ауа арқылы өте тез жұғатын қауіпті инфекция. Әсіресе екпе алмаған балалардың бұл ауруды жұқтыру қаупі жоғары. Сондықтан мамандар қызылшадан сақтанудың ең тиімді жолы вакцина алу екенін ескертеді.
Бұл туралы қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының орынбасары Сандуғаш Қымызкенова баяндады.
Спикердің мәліметінше, Екібастұзда жыл басынан бері қызылшаның 80 жағдайы тіркелген. Оның 67-сі – 14 жасқа дейінгі балалар, 2-еуі – жасөспірімдер, 11-і – ересектер.
Ауру жұқтырғандардың басым бөлігінің вакцина алмағаны анықталған. Атап айтқанда, 50 адам екпе алудан бас тартқан. 12 бала жасына байланысты вакцина алмаған, бір адамға медициналық себеппен екпе салынбаған. Ал 9 адамның вакцина алған-алмағаны туралы мәлімет белгісіз.
Қызылша алғашында кәдімгі тұмау немесе суық тию сияқты көрінуі мүмкін. Адамның дене қызуы көтеріліп, жөтел пайда болады, мұрнынан су ағады. Көзі қызарып, жас ағып, жарыққа сезімталдық артады. Бірнеше күннен кейін денеде бөртпе пайда болады. Әдетте ол алдымен бет пен құлақтың артқы жағынан басталып, кейін денеге және аяқ-қолдарға таралады.
Аурудың жұқпалылығы өте жоғары. Қызылшамен ауырған адам бөртпе шыққанға дейін төрт күн бұрын және бөртпе пайда болғаннан кейін тағы төрт күн бойы айналасындағыларға вирус жұқтыруы мүмкін. Осы себепті бір адамның ауруға шалдығуы тұтас ұжымға қауіп төндіруі ықтимал.
Мұндай жағдайлар қаламызда да тіркеліп отыр. Атап айтқанда, қызылша 8 мектеп пен 4 мектепке дейінгі ұйымда анықталған. Аурудың әрі қарай таралуына жол бермеу мақсатында инфекция ошақтарында эпидемияға қарсы тиісті шаралар жүргізіліп, екпе алмаған балалардың өз ұжымдарына қосылуына уақытша шектеу қойылған. Сонымен қатар науқастармен байланыста болған адамдар медициналық бақылауға алынған.
Қызылшаны жеңіл ауру деп қарауға болмайды. Ол асқынып кеткен жағдайда өкпенің қабынуына, құлақтың қабынуына, миға зақым келуіне, сондай-ақ, көру және есту қабілетінің төмендеуіне әкелуі мүмкін. Әсіресе бес жасқа дейінгі балалар үшін аурудың қаупі жоғары.
Мамандардың айтуынша, қызылшаға қарсы арнайы ем жоқ. Ауру кезінде дене қызуын түсіру, сұйықтықты көп ішу және дәрігердің кеңесімен қажетті дәрумендерді қабылдау ұсынылады. Ал антибиотиктер ауруға бактериялық инфекция қосылған жағдайда ғана қолданылады.
Сондықтан ауруды емдегеннен гөрі, алдын алған әлдеқайда тиімді. Қызылшадан қорғанудың негізгі жолы – ҚПҚ вакцинасы, яғни, қызылша, паротит және қызамыққа қарсы екпе.
Егер бала жоспарлы екпені уақытында алмаған болса, ата-анасы тұрғылықты жері бойынша емханаға хабарласып, вакциналау мәселесін нақтылай алады. Қазір қызылшаның алдын алу мақсатында қосымша жаппай иммундау да жүргізілуде. Оның аясында 6 айдан бастап балаларға екпе салуға болады.
Мамандар ата-аналарды балаларының екпе алу мәртебесін тексеріп, вакциналауды уақытында жүргізуге шақырады.
ДІЛНАЗ СЕРІКБАЙ








