3 тамыздан бастап елімізде амбулаториялық жағдайда көрсетілетін мамандандырылған медициналық көмекті алу тәртібі өзгерді. Жаңартылған қағидалар пациенттің емханаға қажетсіз қайта баруын азайтып, бейінді маманға қаралу мен қажетті тексерулерден өтуді жеңілдетуге бағытталған.
Бұл туралы қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Персоналды медицина орталығы» ЖШС медициналық қызмет сапасын бақылау жөніндегі орынбасары Татьяна Бай Юн Куй және «Дисконт» ПК бас дәрігерінің орынбасары Нұржихан Әбдрахманова айтып берді.
Бұған дейін пациент, бейінді дәрігердің қабылдауынан кейін қосымша талдау немесе тексеру қажет болса, қайтадан учаскелік дәрігерге барып, жолдама алатын. Содан кейін ғана қажетті зерттеулерден өтуге немесе басқа маманға жазылуға мүмкіндік туатын. Енді бұл тәртіп жеңілдетілді.
Жаңа қағидаға сәйкес медициналық көрсетілім болған жағдайда бейінді дәрігер қажетті қосымша тексерулер мен консультацияларға жолдаманы өзі бере алады. Демек, пациентке жолдама алу үшін учаскелік дәрігерге қайта барудың қажеті жоқ. Бір аяқталған жағдай бойынша үшке дейін әр түрлі бейінді маманның консультациясына жолдама беруге болады.
Мұндай өзгеріс ең алдымен тұрғындардың уақытын үнемдейді. Дәрігер пациентті қабылдау кезінде қандай тексеру қажет екенін анықтап, одан арғы емдеу бағытын белгілей алады.
Ал бейінді маманға алғашқы жүгіну тәртібі өзгеріссіз қалды. Диспансерлік есепте тұрмайтын пациенттер бұрынғыдай алдымен учаскелік дәрігерге жүгінеді. Дегенмен жаңа қағидада жолдамасыз тікелей бейінді маманға баруға болатын жағдайлар да қарастырылған. Олардың қатарында шұғыл жағдайлар мен жарақаттар, дерматовенерологиялық аурулар, сондай-ақ, жүктілік бойынша есепке қоюды қоспағанда, акушер-гинекологқа жүгіну бар.
Тағы бір өзгеріс – дәрігер қабылдауына алдын ала жазылу мерзімінің ұзаруы. Енді мамандардың қабылдау кестесі кемінде 60 күн бұрын ашылады. Бұған дейін тұрғындар көбіне 7–10 күн бұрын ғана бос уақыттарды көре алатын.
Қабылдау уақытына қатысты нормативтер де өзгерді. Көптеген консультациялар мен кейбір диаг-
ностикалық процедураларға, соның ішінде ультрадыбыстық зерттеуге 20 минутқа дейін уақыт қарастырылған. Ал алғашқы қабылдауға 30 минутқа дейін уақыт беріледі.
– Алғашқы қабылдау кезінде дәрігер науқастың шағымдарын тыңдап, анамнез жинап, қажетті қарап-тексеруді жүргізеді. Сонымен қатар қосымша зерттеулерді тағайындауы мүмкін. Сондықтан бұл қабылдауға көбірек уақыт қажет, – деді Нұржихан Әбдрахманова.
Жаңартылған тәртіпте пациенттің емдеу барысын бақылауға да баса мән берілген. Медициналық ақпараттық жүйеде ем нәтижесін бірыңғай мәртебелер арқылы белгілеу енгізілді. Мысалы, пациенттің жағдайы «сау», «сауығу», «жақсару», «өзгеріссіз», «нашарлау» немесе «ауырып жатыр» деген мәртебелердің бірімен көрсетіледі.
Егер емдеу курсы әлі аяқталмаса, пациентке «ауруы жалғасуда» мәртебесі қойылады. Мұндай жағдайда бейінді дәрігер пациентті қайта қабылдауға учаскелік дәрігердің жолдамасынсыз өзі жаза алады. Бұл да емдеу үдерісіндегі артық қадамдарды азайтады.
Қазіргі таңда Екібастұздың медициналық ұйымдарында жаңа талаптарды енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мамандардың қабылдау кестелері қайта қаралып, пациенттерді бағыттау тәртібі, медициналық ақпараттық жүйелермен жұмыс және құжаттарды рәсімдеу үдерістері жаңа қағидаларға сәйкестендірілуде.
ДІЛНАЗ СЕРІКБАЙ








