10 тамыз – қазақ халқының ұлы ақыны – Абай Құнанбаевтың туған күні. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Абай күнімен құттықтап, «Ұлы ойшылдың шығармашылық әрі зияткерлік мұрасы әлемдік және ұлттық мәдениеттің асыл қазынасы қатарынан айрықша орын алады.
Абай ілімі – рухани шамшырағымыз, айнымас темірқазығымыз», – дей келе, «Абай қара сөздерінің тағылымы қазіргі Қазақстанның құндылықтарымен толық үндеседі. «Адал Азамат», «Таза Қазақстан», «Заң мен Тәртіп» тұғырнамалық идеялары – Абай армандаған берекелі қоғамның берік негізі. Сондықтан біз әділетті, озық әрі қуатты Қазақстанды құрып жатырмыз» деп ойшыл ақын мұрасының ешқашан ескірмейтінін еске салды.
Расында да, уақыт алға басып, заман өзгерсе де, адам да, қоғам да Абай шығармашылығынан өзіне қажетті нәрсені таба алады. Ол үшін хакімнің «жүрегінің түбіне терең бойлап», «Толық адам» ілімін зерделеп, түсініп, танып, өмірлік ұстанымымыздың ажырамас бөлігіне айналдыру ләзім.
Жылдағыдай биыл да Абай күні елімізде кең көлемде аталып өтті. Оған Екібастұз қаласы да үн қосып, қала әкімдігінің ішкі саясат бөлімі, жастар бастамаларын дамыту орталығы іс-шара ұйымдастырып, қала жұртшылығы мен жастар Абай мүсіні түбінде бас қосып, ұлы ақынның өлеңдерін оқып, шығармашылығы жайлы пікірлесті. Жиналған қауымды Қазақстанның Еңбек Ері Рышат Әміренов, қалалық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Гүлбаршын Сейітова Абай күнімен құттықтады.
Ұлағатты ұстаз Гүлбаршын Арқалыққызы ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың:
«Асыл сөзді іздесең,
Абайды оқы, ерінбе.
Адамдықты көздесең,
Жаттап, тоқы көңілге», – дейтұғын «Асыл сөз» өлеңін жатқа оқып, жастарды Абай ақынның шығармашылығынан сусындауға шақырды. Жас буын атынан сөз сөйлеген Білім-Инновация лицейінің оқушысы Қайрат Абылайхан замандастарын Абай айтқан «бес нәрсеге асық, бес нәрседен қашық» болуға үндеді.
Осыдан кейін Қазақстанның Еңбек Ерлері Рышат Әміренов, Мұрат Қайыргелдин, қалалық мәслихат депутаты Еркін Құсан, «Достық үйінің» директоры Архат Илеубаев және жастар Абай мүсіні түбіне гүл шоқтарын қойып, ұлы ақынға тағзым етті.
Негізі, Абай әлемі шексіз, түпсіз. Даналыққа толы мұрасын зерделеп танып білуге әлі де талпыныс жасалып жатыр. Абайтанушылар ғылыми еңбектер жазып, қаншама кітаптар жарыққа шығарылып, киногерлер көркем және деректі фильмдер түсіруде. Биылғы Абай күнінің жаңалығы – «Алғашқы кітап» деректі фильмінің көрсетілуі. Фильмде 1909 жылы Санкт-Петербургтегі Ілияс Борагинскийдің баспаханасында басылған Абай шығармаларының тұңғыш жинағының тарихы баяндалады. Осылайша, Абай мұрасы жылдан-жылға түгенделе бермек.
Бәлкім, осы жолы Абай мүсіні түбіне жиналған жастар ішінен де келешекте абайтанушылар шығып қалар…
Ж.Жәлелұлы









