«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы кәсіпкерлерге арналған «Адал азамат» республикалық байқауына өтінім қабылдауды бастады.
Байқауға қызметін кемінде үш жыл жүзеге асырып келе жатқан микро, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілер қатыса алады.
Конкурс бизнесті адал жүргізу, әлеуметтік жауапкершілік, ашықтық, экологиялық мәдениет, қайырымдылық қызметі және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қағидаттарды насихаттауға бағытталған.
Қатысушылар қоғамдық және экологиялық бастамаларға, соның ішінде «Таза Қазақстан» акциясына қатысу, экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған жобаларды жүзеге асыру, табиғи апаттардың салдарын жоюға атсалысу немесе қайырымдылық және әлеуметтік бастамаларды қолдау сияқты өлшемшарттардың біріне немесе бірнешеуіне сәйкес келуі тиіс.
Байқау екі бағыт бойынша өтеді: бизнестің экологиялық жауапкершілігі; бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі. Әр бағыт бойынша түрлі санаттағы қатысушылар арасында үш жеңімпаз анықталады.
Өтінімдер 2026 жылғы 1 қазанға дейін altynsapa.kz сайтында электронды түрде немесе өңірлік кәсіпкерлер палаталары арқылы қағаз форматында қабылданады. Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі 31 желтоқсанға дейін өтеді.
Сонымен қатар 1 тамыздан бастап қазақстандық кәсіпкерлерден «Ұлы дала елі» ұлттық қолшатыр брендін пайдалану құқығын алуға арналған өтінімдер де қабылдануда. Бағдарлама экспортқа бағдарланған отандық өнім өндірушілерді қолдауға және Қазақстан брендін халықаралық нарықта ілгерілетуге бағытталған.
– «Адал азамат» конкурсына қатысу – Екібастұз кәсіпкерлері үшін өзін бүкіл елге танытудың тамаша мүмкіндігі. Бүгінде қаламызда дамып жатқан шағын және орта бизнес – экономикалық қозғаушы күш қана емес, Екібастұз тұрғындарының өмір сүру сапасын өзгертетін қуат. Екібастұзда мыңдаған ШОБ субъектілері қарқынды дамып келеді: олар жаңа жұмыс орындарын құрады, абаттандыруға, экологиялық акцияларға және әлеуметтік жобаларға белсенді түрде қатысады. Бұл тұрғыда «Адал азамат» конкурсы дұрыс бағдар беретіндігімен маңызды: бизнес тек пайда табуды көздемей, адал, әлеуметтік әрі экологиялық тұрғыдан жауапты болуы тиіс. Біздің кәсіпкерлер сын сағаттарда қала мен ел тағдырына бей-жай қарамайтынын сан мәрте дәлелдеді. Екібастұздың бизнес-қоғамдастығы конкурстан сырт қалмай, өз тегеурінін дәлелдей түседі деп сенемін. Өз табыстарыңызды көпшілікке паш етіп, қаламыздың беделін нығайтуға үлес қосыңыздар! – дейді Екібастұз қаласы әкімдігі кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Медет Шоқанов.
Ж.ӘБДІКӘРІМ








