Жыл сайын 1 тамыздан бастап елімізде дәстүрлі «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы басталады. Акцияның басты мақсаты – қиын өмірлік жағдайға тап болған балаларға қолдау көрсетіп, әрбір оқушының жаңа оқу жылын қажетті мектеп құралдарымен толық қамтамасыз етілген күйде және өз қатарластарымен тең жағдайда бастауына мүмкіндік жасау. Акция аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балаларына, жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, сондай-ақ, әлеуметтік қолдауды қажет ететін өзге де санаттағы балаларға көмек көрсетуге бағытталған.
Өткен жылы Екібастұз өңірінің тұрғындары, кәсіпкерлер, кәсіпорындар мен ұйымдардың басшылары, қоғамдық бірлестіктер, қайырымдылық ұйымдары және жанашыр азаматтардың қолдауымен екі мыңнан астам бала жаңа оқу жылына дайындалуға көмек алды. Бұл – игі іске бей-жай қарамай, өз үлесін қосқан жандардың жанашырлығының нәтижесі.
– Екібастұз қаласының білім бөлімі өңір тұрғындарын, шағын және орта бизнес өкілдерін, кәсіпорындар мен ұйымдардың басшыларын, жеке кәсіпкерлерді, меценаттарды, еріктілерді және барлық жанашыр азаматтарды дәстүрлі республикалық «Мектепке жол» қайырымдылық акциясына қатысуға шақырады. Көмек ретінде төмендегі керек-жарақты ұсынуға болады: мектеп формасы мен спорттық киімдер; аяқ киім; мектеп сөмкелері; кеңсе тауарлары; оқу құралдары; қажетті заттарды сатып алуға арналған ақшалай қаражат. Қайырымдылық көмегі Екібастұз қаласының білім бөлімінде және өңірдегі барлық білім беру ұйымдарында қабылданады. Қалаған азаматтар нақты бір балаға немесе қолдауды қажет ететін отбасына атаулы көмек көрсете алады. Акцияға қатысу мәселелерімен келесі байланыс телефондарына хабарласуға болады: +7 775 677 95 45, 8 (7187) 75-63-09. Балаға жаңа оқу жылын қуанышпен бастауға мүмкіндік беру оның өзіне деген сенімін арттырып, жақсы көңіл күй сыйлап, білімге деген ынтасын оятады. Бірлескен күш-жігермен Білім күнін әрбір бала үшін нағыз мерекеге айналдыра аламыз. «Мектепке жол» қайырымдылық акциясына қосылыңыздар! Балалардың жаңа оқу жылын жарқын көңілмен бастауына жол ашып, жақсылық пен жанашырлықтың қоғамымызды біріктіретін құндылық екенін тағы бір мәрте дәлелдейік! – деп үндеу тастады Екібастұз қаласы білім бөлімінің басшысы Лаура Дисюпова.
Өңірімізде жыл сайын аталған акцияға белсенді үн қосып келе жатқан кәсіпорындар баршылық. Солардың бірі – «KAZ Minerals Bozshakol» ЖШС. Бұл кәсіпорын «Шідерті жалпы орта білім беретін мектебі», «Төртқұдық жалпы орта білім беретін мектебі», «Бозшакөл негізгі жалпы білім беретін мектебі» КММ оқушыларына қолдау көрсетіп келеді.
– Компанияның әлеуметтік жауапкершілігі мен қайырымдылық көмегінің арқасында оқушылар жаңа оқу жылын қажетті оқу құралдарымен және көтеріңкі көңіл күймен қарсы алуда. Мектеп ұжымдары «KAZ Minerals Bozshakol» ЖШС-іне көпжылдық ынтымақтастығы, өскелең ұрпаққа көрсетіп отырған қамқорлығы және игі істері үшін шынайы алғысын білдіреді. Бірлескен еңбектің арқасында балаларға тең мүмкіндік беріліп, олардың өз күшіне сенімі артып, армандарына жетуге деген құлшынысы нығая түсуде, – деп ризашылығын білдірді Лаура Аманқызы.
Атап өтерлік жайт, 2026-2027 жаңа оқу жылында Екібастұз өңірінің білім беру ұйымдарында 23 350 оқушы білім алғалы отыр.
Ж.ӘБДІКӘРІМ







