Кейде бір ғана картина ұзақ әңгімеден артық сыр шертеді. Ал бір көрмеге топтастырылған ондаған туынды суретшінің жан дүниесін, өмірге деген көзқарасын, туған жерге деген сағынышын көрерменге үнсіз жеткізеді. Павлодарлық суретші
Айдана Мерғалиеваның қаламыздағы тарихи-өлкетану музейінде ашылған «Арман» атты жеке көрмесі осындай әсер сыйлайды.
Көрермен назарына қылқалам шеберінің 40-қа жуық туындысы ұсынылды. Экспозицияда Баянауылдың сұлу табиғаты, туған жердің тынысы, отбасы құндылықтары, аналық мейірім, жануарлар әлемі, портреттер мен өмірдің жарқын сәттері көркем бейнеленген. Кенепке майлы бояумен салынған картиналар мен акрил техникасында орындалған жұмыстар суретшінің өзіндік қолтаңбасын айқын танытады.
Көрмедегі ерекше туындылардың бірі – «Мыстан кемпір шатқалы». Автордың айтуынша, бұл картина туған жерге деген сағыныштан туған.
– Мен Баянауылдың тумасымын. Пленэрден кейін туған жердің әсерімен осы картинаны салдым. Жартастың арасынан өсіп шыққан карағай маған адамның өз тамырынан ешқашан ажырамайтынын еске салды. Адам қайда жүрсе де, туған жері жүрегінде сақталады, – дейді суретші.
Айдана Ардаққызы Баянауыл ауданындағы Қаныш Сәтбаев ауылында дүниеге келген. Алғашқы суретшілік білімін Екібастұз қаласының балалар көркемсурет мектебінде алып, кейін Торайғыров университетінде «Архитектура» мамандығын тәмамдаған. Оның шығармашылық жолының қалыптасуына Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі, ұстазы Зура Асылғазинаның тәлімгерлігі ерекше ықпал еткен.
Өнерге деген қызығушылығы бала кезінен басталған суретші алғашында ата-анасына арнап шағын ашықхаттар салып, кейін сурет өнері өмірінің ажырамас бөлігіне айналған. Бүгінде ол кенепке майлы бояумен сурет салумен қатар, матаға акрилмен сурет салу және қабырға кескіндемесімен де айналысады. Ұстаздық қызметті қатар алып жүрген Айдана Мерғалиеваның шәкірттері халықаралық шығармашылық байқауларда жүлделі орындарға ие болып жүр. Солардың бірі Париждегі ЮНЕСКО штаб-пәтерінде өткен халықаралық көрмеге қатысқан.
Суретшінің шығармалары бұған дейін де бірнеше көрмеде көпшілік назарына ұсынылған. 2024 жылы ол «Қимақ-Арт» республикалық пленэріне қатысып, Павлодар облыстық Н.Нұрмұхаммедов атындағы көркемсурет музейінде өткен Қазақстан Республикасы Суретшілер одағы мүшелерінің есептік көрмесіне және «Айна» галереясында ұйымдастырылған «Ұстаздан – шәкіртке» көрме жобаларына қатысан.
«Арман» көрмесі – суретшінің өмірге деген көзқарасы мен туған жерге деген сүйіспеншілігін бейнелейтін шығармашылық жоба. Әр туындының өзіндік айтар сыры бар. Сондықтан көрме қылқалам өнерін бағалайтын әрбір көрермен үшін әсерлі кездесу болмақ.
Ділназ Серікбай










