Ғылым және жоғары білім министрлігі 46 жалған дипломды әшкерелеп, оларды заңсыз жасаған
20 интернет-ресурсты анықтады. Материалдар Ішкі істер министрлігі мен Мәдениет және ақпарат министрлігіне жолданды.
Ведомство 1991 жылдан бері берілген дипломдардың бірыңғай деректер базасы құрылғанын, қазір дипломдар бірегей нөмір мен QR-код арқылы рәсімделетінін хабарлады.
«Бұл белгілер болмаса, құжат жарамсыз болып танылады. Жүйені пайдалану құқығы осы модульде тіркелген, ресми түрде жауапты университет қызметкерлеріне ғана беріледі. Жалған диплом жасаған немесе пайдаланған азаматтар ҚР Қылмыстық кодексінің 385-бабына сәйкес жауапкершілікке тартылады. Дипломдарды генерациялау «Жоғары білім берудің бірыңғай платформасы» (ЖББП) ақпараттық жүйесіндегі білім алушылар туралы деректер негізінде іске асырылады. Егер білім алушы туралы ақпарат ЖББП-да болмаса, диплом нөмірін қалыптастыру мүмкін емес. Өзіндік үлгідегі білім туралы құжаттарда генерацияланған бірегей нөмір мен QR-код болмаған жағдайда мұндай құжаттар жарамсыз деп танылады» делінген баспасөз хабарламасында.
Сонымен қатар ведомсто Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ішкі істер министрлігінің де жалған дипломдарды дайындау мен сату фактілерін тұрақты түрде бақылап отыратынынан хабардар етті.
«Жоғары оқу орындары деректерді цифрландыру жұмысын жалғастырады. Ал жұмыс берушілер дипломның түпнұсқалығын https://epvo.kz сервисі арқылы тексере алады. Дипломның электронды нұсқасы электрондық үкіметтің («Цифрлық құжаттар») мобильді қосымшасында да бар» деп хабарлады Ғылым және жоғары білім министрлігі.
Атап өтерлік жайт, жыл басында спорт саласында еліміздің бірнеше өңірінде 278 қызметкердің жалған дипломмен жұмыс істеп келгені мәлім болған еді. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Данияр Бигайдаров мәлімдеген болатын.
Жауапты тұлғаның айтуынша, тәртіп бұзушылар арасында 9 басшы, 248 жаттықтырушы және 21 басқа да қызметкер болған. Мұндай жағдайлардың ең көп саны Түркістан облысында (44 жағдай), Атырау (30), Алматы (26), Жамбыл (22) және Ақмола (20) облыстарында тіркелген.
«Мысалы, Астана қаласында олимпиадалық резервтің балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің басшыларының бірі жоғары білім туралы жалған дипломмен жұмыс істеген. Оның оқу барысында басқа спорт ұйымында нұсқаушы қызметін атқарғаны анықталды», – деді Данияр Бигайдаров.
«Отарқа» газетінің тілшісі білім туралы құжаттардың цифрлық платформада тіркелу дерегін анықтап көрмек үшін кішігірім зерттеу жүргізіп көрді. «Каспий.кз» қосымшасындағы «Мемлекеттік қызметтер» бөлімінің «Құжаттар» ұяшығында тілшіміздің 1997 жылғы бакалавр дипломы, 2019 жылы алған магистрлік дипломы тіркеулі екен. Сонымен қатар білім туралы әлдебір құжатыңызды, мәселен, 8-сынып бітіргеніңіз туралы куәлігіңізді жоғалтып алған болсаңыз, оның қайталама нұсқасын алу үшін электронды цифрлы қолтаңбаңыздың көмегімен электронды үкімет платформасы арқылы өтінім бере аласыз – қызмет көрсету мерзімі он бес күнді құрайды. Дипломыңызды немесе оның қосымшасын қайта қалпына келтіру де тура осылай жүзеге асады. Яғни, өтінімді үйде отырып-ақ интернеті бар компьютерден немесе ұялы телефоныңыздағы eGov Mobile қосым-
шасы арқылы да беруге болады. Бұл қызметтердің бәрі, бір жағынан, азаматтардың уақытын үнемдеп, қағазбастылықты азайтса, екіншіден, жоғарыда аталған жалған құжат алу сияқты келеңсіздіктерге тосқауыл қояды.
Ж.БАЙМЫРЗА







