Сүйікті қаламыздың келбеті шырайлы болуын әрбір екібастұздық қалайды. Бұған қол жеткізуге 2025 жылдың желтоқсанында бекітілген Екібастұз қаласының дизайн-коды мүмкіндік бермекші. Қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қала әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы Рустам Сайділдин дизайн-код туралы егжей-тегжейлі әңгімелеп берді.
Дизайн-код ғимараттардың қасбетін безендіруді, маңдайша жазулары мен жарнама тақталары конструкцияларын реттейді. Сәулет және қала құрылысы бөлімі қазіргі уақытта талдау кезеңіне кірісіп, көше-жол торабын фотоларға, бейнежазбаларға түсіріп, проблемалық учаскелердің картасын жасапты. Сонымен бірге, бас көшелердегі жарнама тақталары мен сауда нысандарының есебі жүргізілген. Сөйтіп нысандардың меншік иелеріне жаңа стандарттарға көшудің шарттары түсіндірілген.
Жалпы, дизайн-код талаптарын жүзеге асыру кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Көрнекі ақпаратты орналастыру үшін кәсіпкерлер оның сызбасын сәулет бөліміне жіберіп, келісімін алады. Осылайша, жаңа көрнекіліктер жаңа стандарттарға сай жасалатын болады. Бұл мақсатқа бюджеттен қаражат бөлінбейді. Барлық шығынды меншік иелері көтереді. Көшпелі кезеңде ешқандай мәжбүрлеу болмайды, ескірген, тозған көрнекіліктер ауыстырылады.
Айтпақшы, осы уақытқа шейін М. Әуезов көшесіндегі бизнес нысанының, «Сенім» сауда үйінің қоршауындағы ескірген көрнекіліктер жаңартылыпты. Мұндай жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табады.
Ж. Жәлелұлы








