Ағымдағы жылдың 29 шілдесінде Екібастұз қалалық мәслихатының экология мәселелері жөніндегі жұмыс тобының төрағасы Әмір Тәкішев пен жұмыс тобының мүшесі Арман Амургалинов «KAZ MineralsBozshakol» ЖШС және «KazferroLimited» ЖК кәсіпорындарында табиғатты қорғау іс-шараларының қалайша жүзеге асырылып жатқанына көшпелі мониторинг жүргізді.
Осы тұста бір айта кетерлік жайт, ағымдағы жылғы 15 шілдеде қала әкімдігінде экология мәселелері жөнінде кеңес өткізілген еді. Сол жолы қала әкімі өнеркәсіптік кәсіпорындарда табиғатты қорғау іс-шараларының іске асырылуына мониторинг жүргізіп отыруды тапсырған болатын. Содан бері қалалық мәслихаттың экология мәселелері жөніндегі жұмыс тобы іске кірісіп, бірнеше қабат кәсіпорындарды аралап, хал-ахуалды бағамдады. Осы жолы, жоғарыда айтылғандай, мониторинг екі кәсіпорынды қамтыды.
Мониторингтің негізгі мақсаты табиғатты қорғау іс-шараларының нақты іске асырылуымен танысу, кәсіпорындардың санитарлық қорғау аймақтарының жағдайын бағалау, отырғызылған көшеттердің жерсіну деңгейін талдау, сондай-ақ, қоршаған ортаға теріс әсерді төмендету бойынша қабылданып жатқан шараларды зерделеу болды.
«KAZ MineralsBozshakol» ЖШС-інде болғанда жұмыс тобының өкілдері кәсіпорынның аумақты көгалдандыру және санитарлық қорғау аймағын күтіп ұстауда жүргізіп жатқан жұмыстарымен танысты.
Кәсіпорынның ағаш-бұта өсімдіктерін жүйелі түрде отырғызатыны, жасыл желектерге күтім жасап, суару жұмыстарын үздіксіз жүргізетіні және көшеттердің жерсіну көрсеткішін арттыруға бағытталған агротехникалық іс-шараларды жүзеге асыратыны анықталды. Сонымен қатар, сапар барысында жасыл қорды молайту және табиғатты қорғау бағдарламаларының тиімділігін арттыру мәселелері қарастырылды.
«KazferroLimited» ЖК-де жұмыс тобының мүшелері өндірістік алаңдарды аралап, өндірістік экологиялық бақылау жүйесімен және атмосфералық ауаға ластаушы заттардың шығарындыларын азайту жөніндегі іс-шаралармен танысты. Кәсіпорын өкілдері өндірісті жаңғыртуға, экологиялық қауіпсіздікті арттыруға және табиғатты қорғау заңнамасының талаптарын сақтауға бағытталған экологиялық жобалардың іске асырылуы туралы ақпарат берді.
Мониторинг барысында экологиялық нормативтердің сақталуы, жүзеге асырылып жатқан табиғатты қорғау іс-шараларының тиімділігі, сондай-ақ, кәсіпорындардың экологиялық инфрақұрылымын одан әрі дамыту перспективалары мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Ж.СӘДУАҚАС








