Бақытты отбасы дегенде көпшілігіміздің көз алдымызға қайратты әке, мейірімді ана, баланың шат күлкісі елестейді. Шын мәнінде, отбасы бақыты үшін көп дүниенің қажеті жоқ. Ең бастысы – өзара сыйластық, сүйіспеншілік, түсіністік пен бірлік. Қазақ халқы «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деп бекер айтпаған. Адамның мінезі де, дүниетанымы да, өмірлік ұстанымы да ең алдымен отбасында қалыптасады. Сондықтан ұлттық тәрбиені ұлықтап, ұрпағына адалдықты, еңбекқорлықты, үлкенге құрмет пен кішіге ізеттілікті үйретіп отырған өнегелі әулеттердің қоғамдағы орны әрдайым ерекше. Сондай шаңырақтардың бірі – Қуатхан отбасы.
Жақында өткен «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының қалалық кезеңінде бас жүлдені иеленген бұл әулет ұйымшылдығы, шығармашылық ізденісі және ұлттық құндылықтарды дәріптеудегі ұстанымымен көпшіліктің ықыласына бөленген еді.
Отағасы Қуатхан Солтанбай «Богатырь Көмір» кәсіпорнында дәнекерлеуші болып еңбек етеді. Жастайынан бауырларына қамқор болып өскен ол – бүгінде адал еңбегімен отбасының тірегіне айналған азамат. Ал жары Амангүл Халайжан – №13 жалпы орта білім беру мектебінде бастауыш сынып мұғалімі. Ұстаздықты өмірлік ұстанымына айналдырған ол шәкірттеріне сапалы білім берумен қатар, өз балаларының тәрбиесіне де ерекше көңіл бөледі. Оның айтуынша, жақсы тәрбие ең алдымен ата-ананың өзінен басталады.
Амангүлдің өзі де ұлттық тәрбиенің нәрін бойына сіңіріп өскен жан. Ол Моңғолия Республикасының Қобда қаласында дүниеге келіп, Семей қаласындағы қыздар гимназиясында білім алған. Ата-анасы 1991 жылы тарихи Отанына қоныс аударады да, Амангүл Қуатханмен шаңырақ көтерген соң, жас отбасы біраз жыл Моңғолияда тұрған. Кейін, 2017 жылдың шілде айында, Екібастұз қаласына қоныс аударып, осында тұрақтап қалған.
Осыдан жиырма бес жыл бұрын шаңырақ көтерген ерлі-зайыптылар – бүгінде бес бала тәрбиелеп отырған көпбалалы отбасы. Әулеттің ақылшысы – Халайжан Тохтар ақсақал мен ақ жаулықты әже Әлимаш Хавдолда. Қандай мереке болмасын, әулет болып бас қосып, үлкендердің ақ батасын алып, ақыл-кеңесін тыңдау бұл отбасының бұлжымас дәстүріне айналған.
Тұңғыш қыздары Жанерке анасының жолын қуып, ұстаздық мамандықты таңдаған. Қазір өзі де отбасын құрып, жолдасы Мұқараммен бірге екі ұл тәрбиелеп отыр. Екінші ұлдары Мақсат биыл Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін қаржы мамандығы бойынша тәмамдапты. Ал Жолбарыс №36 лицей-мектебінің 10-сыныбын аяқтап, дәстүрлі ән орындау шеберлігі және актерлік қабілетімен көзге түсіп жүр. Кенже егіздері Аружан мен Арайжан «Зерде» мамандандырылған лицей-мектебінің 7-сыныбында оқиды. Екеуі де білімге құштар, қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысып жүрген талапты оқушылар.
Бұл шаңырақта әр баланың қабілетіне құрметпен қарайды. Ата-анасы олардың қызығушылықтарын қолдап, таңдауларына кедергі келтірмейді. Керісінше, әр баланың өз жолын табуына бағыт-бағдар беріп, әрдайым жанынан табылады. Соның нәтижесінде балалары пәндік олимпиадаларда, шығармашылық және спорттық байқауларда, қоғамдық жұмыстарда жақсы нәтижелер көрсетіп келеді.
– Берекелі отбасы – бұл бір-біріне деген сыйластық, сенім, түсіністік пен мейірімге құрылған отбасы. Біздің басты ұстанымымыз – қандай жағдай болса да бірлігімізді сақтап, бір-бірімізге тірек болу. Үлкенді құрметтеп, кішіні ізеттеуге тәрбиелеу – шаңырағымыздың басты қағидаларының бірі, – дейді Амангүл Халайжан.
Бұл сөздердің шынайылығын олардың күнделікті өмірінен-ақ аңғаруға болады. Балалар сабақтан келген соң үй шаруасына қолғабыс жасап, бос уақыттарын пайдалы іске арнайды екен. Әрқайсысының өз міндеті бар. Өйткені ата-ана балаларының адал еңбекпен келген нанның қадірін түсініп өскенін қалайды.
Сондай-ақ, ұлттық құндылықтарды дәріптеу бұл отбасының басты өмір салтына айналған. Үлкенге сәлем беру, бата алу, жеті атасын білу, ұлттық тағам әзірлеу, қонақ күту әдебін сақтау – күнделікті тіршіліктің ажырамас бөлігі. Осындай тәлімді балалар ең алдымен үйдің үлкендерінен көреді. Амангүлдің айтуынша, Халайжан ақсақал немерелеріне жеті атасын, ата-баба шежіресін айтқызып отырады екен. Әсіресе, ұлттық өнерге жақын Жолбарыспен қазақтың тарихы мен салт-дәстүрі жайында ұзақ әңгімелескенді ұнатады.
Бұл әулеттің қалыптасқан дәстүрлері де баршылық. Мұнда әулеттің үлкені мен кішісінің туған күндері аталып өтеді. Сонымен қатар, Наурыз мерекесі, Аналар күні, балалардың мектептегі жетістіктері мен отбасы мүшелерінің өміріндегі әрбір айтулы сәт те назардан тыс қалмайды. Мұндай күндері кең дастархан жайылып, үлкендер ақ батасын беріп, жастарға ақылын айтады. Ал балалар бір-біріне тосын сый жасап, жылы лебіздерін білдіріп, отбасының жылулығын тереңірек сезінеді.
«Мерейлі отбасы» байқауындағы жеңіс те осы тәрбиенің, осы бірліктің жемісі. Бұл марапат – олар үшін жылдар бойы қалыптасқан құндылықтарының бағалануы.
Осы байқауға қатысуымызға – №13 мектептің директоры Маржан Шаймарданова себепкер болды. Бізге сенім артып, қабілетімізді бағалап, жеңіске жететінімізге кәміл сенгені үшін оған шынайы алғысымызды білдіреміз. Осындай сенім бізге үлкен күш-жігер мен шабыт сыйлады, – дейді Амангүл.
Осындай шаңырақтар көбейген сайын қоғамның да іргесі нығая түсері анық. Себебі ұлттың болашағы – өнегелі отбасында, ал өнегелі отбасының негізі – бірлік, мейірім, еңбек және ұлттық тәрбие.
Ділназ Серікбай








