Екібастұзда Теміржолшылар күні кең көлемде аталып өтті. Соңғы жылдары қала тұрғындары асыға күтетін айтулы мерекелердің біріне айналған бұл күн биыл да ерекше сән-салтанатымен есте қалды. Кешкісін орталық алаңға халық көп жиналып, мерекелік көңіл күй қаланы түгелдей баурады. Екібастұздықтармен қатар Павлодар, Астана, Қарағанды, Семей, Өскемен қалаларынан келген қонақтар да думанды кешке ортақтасты.
Жыл сайынғы дәстүрмен мерекені RWS KZ холдингі қала әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырды. Теміржолшылар күніне арналған шара ең алдымен еңбек адамдарына құрмет көрсетуден басталды. Салтанатты рәсімде өндірістің өркендеуіне үлес қосып жүрген қызметкерлер мен көп жылдан бері бір кәсіптің тізгінін ұстап келе жатқан еңбек әулеттері марапатталды. «RWS KZ Күміс жұлдызы» марапаты Пищенко, Каримановтар, Карташовтар, Вовчок, Мироненко, Абросимовтар, Маковецкийлер, Валиевтер, Сергеевтер, Хатамовтар және Карбаевтар әулеттеріне табысталды. Бірнеше буын бойы өндіріс саласында еңбек етіп келе жатқан бұл әулеттердің әрқайсысының еңбек өтілі 21 жылдан 32 жылға дейін жетеді.
Көп жылғы жемісті еңбегі үшін компанияда он жылдан астам уақыт қызмет атқарған мамандар да марапатқа ие болды. Олардың қатарында зертахана бастығының орынбасары Салтанат Әбілдинова, металл конструкцияларын құрастырушы слесарь Сергей Головко, өндіріс шебері Андрей Рыбальченко, электргазбен дәнекерлеуші Алмас Перваев, жөндеу-қызмет көрсету слесарі Александр Силантьев және өзге де қызметкерлер бар.
Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген RWS KZ холдингінің бас директоры Сергей Павлингер компанияның өндірістік әлеуеті жыл сайын артып келе жатқанын атап өтті.
– Мемлекеттің қолдауы арқасында Екібастұзды көпсалалы индустриялық орталық ретінде дамытудың жаңа бағытын қалыптастырып келеміз. Бүгінде теміржол холдингін дамытуға 1 триллион теңгеден астам инвестиция тартылды. Компанияда теміржол өнімдерінің 137 түрі өндіріледі, олардың басым бөлігі экспортқа шығарылады. Сонымен қатар «Жаңа Екібастұз» жобасын жүзеге асырып жатырмыз. Бұл бастама қаланың жаңа даму кезеңіне жол ашады, – деді Сергей Павлингер.
Мереке тек Екібастұзда ғана емес, холдингтің өзге өндірістік алаңдарында да қатар аталып өтті. Екібастұз бен Петропавл арасында тікелей бейнебайланыс ұйымдастырылып, көрермендер «RWS дауысы» корпоративтік шығармашылық байқауының финалын тамашалады.
Көпшілік асыға күткен сәттердің бірі дәстүрлі корпоративтік лотерея болды. Ұтыс ойынына холдингтің барлық кәсіпорындарының қызметкерлері қатысып, бірнеше жеңімпазға 500 мың теңгелік сертификаттар, бір қызметкерге 1 миллион теңгелік сертификат табысталды. Ал бас жүлде – жеңіл автокөлік Петропавлдағы RWS Wagon кәсіпорнының қызметкеріне бұйырды.
Салтанатты бөлімнен кейін мерекелік концерт басталды. Алғашқылардың бірі болып сахнаға «Ирина Кайратовна» тобы шығып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленген әндерін орындады. Артынша ресейлік «Руки вверх» тобының солисі Сергей Жуков сахна төріне көтеріліп, өткен жылдардың хит әндерін орындады. Әнге қосылған көрермендер орталық алаңды үлкен концерт алаңына айналдырды. Мерекелік кеште әнші Бауыржан Исаев та өнер көрсетіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Ал концерттің жүргізушілері – «Астана» КВН командасының мүшелері әзіл-қалжыңымен мерекелік кештің ажарын аша түсті.
Шара барысында компанияның алдағы жоспарлары да таныстырылды. Қазіргі уақытта жылына 1 миллион тонна болат өндіретін электрболат балқыту кешенінің жобалау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар жылына 1,5 миллион тонна ыстықтай брикеттелген темір өндіретін жаңа зауыттың құрылысы басталған. Бұл жобалар жүзеге асқанда үш мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, компания қызметкерлеріне арналған тұрғын үй кешенін, қонақүй, балабақша және техникалық колледж салу көзделген.
Кеш соңында Бауыржан Исаевтың орындауындағы әннен кейін жиналған жұртшылық Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін бірге орындады. Артынша түнгі аспан түрлі-түсті отшашумен көмкеріліп, мерекені әдемі қорытындылады.
Ділназ Серікбай












