Таяуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің шақыруымен Шанхайға жұмыс сапарымен барды. Қасым-Жомарт Кемелұлы «Жарқын болашақ үшін жасанды интеллект саласындағы серіктестік» тақырыбына арналған Дүниежүзілік жасанды интеллект конференциясына (WAIC) қатысты.
Жиында Мемлекет басшысы қатысушыларға Қазақстанның цифрлық трансформацияның басымдықтарын таныстырып, технологиялық ынтымақтастықтың негізгі бағыттарына тоқталды.
«Екібастұз қаласындағы Data Center Valley жобасына ерекше тоқталғым келеді. Бұл – еліміздің бірегей стратегиялық бастамасы. Аталған жоба Қазақстан мен бүкіл Орталық Азия цифрлық инфрақұрылымының негізгі тірегі болады деп санаймыз. Басты мақсат – деректерді өңдеу орталықтарын, бұлтты сервистерді және жасанды интеллект инфрақұрылымын дамытуға арналған халықаралық деңгейдегі платформа қалыптастыру. Инвесторларға толық жабдықталған алаңдар, заманауи инфрақұрылым ұсынылады. Олар тұрақты электр қуатын пайдаланып арнайы инвестициялық режим аясында жұмыс істей алады. Алайда осы бағыттағы ауқымды шаруа деректерді өңдеу орталықтарын салумен шектелмейді. Біз біртұтас инновациялық экожүйе қалыптастыруды көздеп отырмыз. Сол арқылы суперкомпьютердің қуаты, жасанды интеллект зертханалары, ғылыми-зерттеу ұйымдары, білім беру бағдарламалары, стартаптар мен экспортқа бағытталған цифрлық қызметтер бір арнаға тоғысады. Біз қытайлық серіктестерімізбен өзара тиімді ынтымақтастықты нығайта түсуге мүдделіміз», – деді Мемлекет басшысы.
Еске салсақ, еліміздегі ірі цифрлық инфрақұрылым қалыптастыруға бағытталған «Деректерді өңдеу орталықтары алқабы» жобасы Екібастұзда қолға алынған болатын. Жоба аясында инвесторлар тарту, энергетикалық база құру және арнайы жеңілдіктер енгізу жұмыстары басталған-ды.
Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың V отырысында берген тапсырмаларын орындау шеңберінде «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы» жобасының жүзеге асырылу барысы бойынша кеңес өткізген болатын. Кеңес барысында инвесторлар үшін қолайлы орта қалыптастыру мақсатында энергиямен жабдықтаудың жеңілдетілген тарифтік моделі бекітіліп, тиісті инвестициялық және салықтық преференциялар белгіленді.
Жобаға халықаралық технологиялық және инвестициялық компанияларды тарту бойынша жұмыстар жалғасып, АҚШ, Қытай және Үндістан елдерінен 20-дан астам hyperscale-компаниямен келіссөздер жүргізілген. Бұл компаниялар «бұлтты» есептеу, үлкен деректерді өңдеу және жасанды интеллект салаларында жұмыс істейді.
Келіссөздер нәтижесінде 100 МВт-тан жоғары қуатқа алдын ала сұраныс қалыптасты. Ал жобаның жалпы әлеуеті 1 ГВт-қа дейін жетіп, ірі «зәкірлік» клиенттерді орналастыруға мүмкіндік береді.
Жалпы алғанда, құрылысты толығымен 2033 жылға қарай аяқтау көзделіп отыр.
Облыстық әкімдіктің дерегінше, жоба кезең-кезеңімен іске асырылады. 2027 жылдың алғашқы жартысының соңына дейін қажетті инженерлік инфрақұрылымды тарту және қуаттылығы 125 МВт болатын алғашқы деректерді өңдеу орталығын салу жоспарланған. 2029-2033 жылдар аралығында келесі нысандар кезең-кезеңімен пайдалануға беріледі. Барлық кезең аяқталғаннан кейін кластердің жалпы қуаты 1 ГВт-қа жетіп, оның аумағында заманауи 10-ға дейін деректерді өңдеу орталығы орналасады.
«Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылып жатыр. Осы арқылы әлемдік жетекші гиперскейлерлердің қатысуымен Еуразия кеңістігіндегі ең ірі цифрлық кластерлердің бірін құру көзделіп отыр. Жобаны жүзеге асыру үшін 177 гектар жер телімі бөлінді. Оның ішінде 124,4 гектар алғашқы кезеңдегі нысандарды салуға арналған. Сонымен қатар МАЭС-1 стансасы аумағында цифрлық кластерді одан әрі кеңейту мақсатында жалпы көлемі шамамен 1300 гектар болатын қосымша жер учаскелері резервке қойылды», – деп мәлімдеді әкімдіктен.
Қ.Сәтбаев атындағы каналдан су алу нүктесі анықталып, сумен жабдықтау нысандарының жобалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кешеннің шаруашылық-тұрмыстық қажеттіліктері үшін тәуліктік су тұтыну көлемі 2300 текше метрді құрайды. Сондай-ақ өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін де қажетті су көлемі қарастырылған.
Жобаның алғашқы кезеңін электрмен жабдықтау үшін қуаттылығы 215 МВт болатын қолданыстағы қосалқы станса пайдаланылады. Бұл салынып жатқан деректерді өңдеу орталығының қажеттіліктерін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта алаңда дайындық жұмыстары басталған. Аумақты жоспарлау, жер жұмыстары жүргізілуде және қоршау орнатылды.
– «Деректерді өңдеу орталықтары алқабын» құру еліміздің цифрлық экономикасын дамытудағы маңызды қадам болады. Жоба халықаралық деңгейдегі заманауи цифрлық инфрақұрылымды қалыптастыруға, ірі технологиялық серіктестерді тартуға, еліміздің цифрлық хаб ретіндегі позициясын нығайтуға мүмкіндік береді. Біздің міндетіміз – барлық қажетті инфрақұрылымды уақытылы дайындап, туындайтын мәселелерді жедел шешу, – деп атап өткен еді Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов.
Жобаны іске асыру кезеңінде 1500-ден астам уақытша жұмыс орны және нысандар пайдалануға берілгеннен кейін 250-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтіліп отыр.
Ж.ӘБДІКӘРІМ







