Қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Екібастұз қаласы полиция басқармасы қоғамдық қауіпсіздік бөлімі бастығының орынбасары Дәурен Қарашашев кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Спикердің айтуынша, жыл басынан бері полиция қызметкерлері жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, олардың құқықтарын қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кешенді профилактикалық іс-шаралар жүргізуде. Соның нәтижесінде өңірде жасөспірімдер қылмысының деңгейі төмендеген.
2026 жылдың алғашқы алты айында кәмелетке толмағандардың үйден өз еркімен кету дерегі 7 рет тіркелген. Жасөспірімдердің барлығы дер кезінде табылып, отбасына қайтарылған. Мамандардың айтуынша, мұндай жағдайлардың негізгі себептері – балалардың ересектерше өмір сүруге ұмтылысы, достарымен қыдырып, үйге кеш оралуы және үйге ата-анасының ұрысынан қорқып қайтпай қалуы.
Аталған деректер бойынша ата-аналар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал жасөспірімдердің мінез-құлқы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның отырысында қаралып, оларды полицияның профилактикалық есебіне қою ұсынылды.
Есепті кезеңде баланың терезеден құлауына байланысты қайғылы оқиға да тіркелді. Белгілі болғандай, анасы асүйде болған сәтте бір жасар сәби бөлмеде ересектердің қарауынсыз қалып, үстелге шығып, бесінші қабаттағы пәтердің терезесінен құлап кеткен. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғадан кейін ювеналды полиция қызметкерлері көпқабатты тұрғын үйлерді аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізген.
Қазіргі таңда ювеналды полицияның профилактикалық есебінде 55 қолайсыз отбасы және құқыққа қарсы әрекеттер жасаған 10 кәмелетке толмаған жасөспірім есепте тұр. Сонымен қатар балаларды тәрбиелеу және асырау міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін 93 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында полиция қызметкерлері білім бөлімімен бірлесіп қала аумағында, жастар көп жиналатын орындарда және ойын-сауық мекемелерінде тұрақты рейдтік іс-шаралар өткізуде. Рейдтер барысында кешкі сағат 22.00-ден кейін заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз ойын-сауық орындарында болған 27 кәмелетке толмаған бала анықталды. Сондай-ақ, заң талаптарын бұзған 13 кәсіпкерлік субъектісіне қатысты әкімшілік хаттамалар рәсімделген.
Бұдан бөлек, түнгі сағат 23.00-ден кейін заңды өкілдерінің қарауынсыз тұрғын үйден тыс жерде жүрген кәмелетке толмағандардың ата-аналарына қатысты 339 әкімшілік іс қаралып, оларға ескерту түріндегі әкімшілік жаза қолданылған.
Полиция қызметкерлері «Қауіпсіз демалыс күндері» және «Балалар тұрғын үйден тыс жерде» жедел-профилактикалық іс-шараларын тұрақты өткізуде. Бұл шаралар түнгі уақытта балалардың қараусыз жүруінің алдын алуға, сондай-ақ, кәмелетке толмағандарға алкоголь мен темекі өнімдерінің сатылуына жол бермеуге бағытталған.
Брифинг соңында Дәурен Қарашашев кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да тұрақты бақылауда болатынын атап өтті.
Ділназ Серікбай








