Қалалық коммуникациялар қызметінде өткен кезекті брифинге Екібастұз қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының аға инженері Темірлан Жұмабеков өңірдегі өрт қаупі кезеңінің барысы туралы баяндады.
Спикердің мәліметінше, жыл басынан бері Екібастұз өңірінде құрғақ шөптің жануына қатысты 31 оқиға тіркелген. Жалпы өрт шарпыған аумақ көлемі 215,2 гектарды құрайды. Оның ішінде алты өрт дала алқаптарында болып, 203 гектар жерді қамтыса, қала аумағында 25 оқиға тіркеліп, 12,2 гектар жер өртенген.
Тіркелген өрттің басым бөлігі дер кезінде оқшауланып, сөндірілген. Дала аймағындағы бір өрт мемлекеттік өртке қарсы қызметтің қатысуынсыз жойылса, бес жағдайда өртті сөндіру жұмыстары құтқарушылар мен өзге де қызметтердің бірлескен күшімен жүргізілген. Қала аумағындағы барлық өрт оқиғалары мемлекеттік өртке қарсы қызмет бөлімшелерінің күшімен толықтай сөндірілген.
Өрт қаупі кезеңіне дайындық аясында дала өрттері мен шалғай ауылдардағы өрттердің алдын алу және оларды сөндіру жөніндегі іс-қимыл жоспары әзірленген. Алдын алу жұмыстарын күшейту мақсатында үш мобильді топ құрылып, 55 рейд жүргізілген. Рейд барысында құрғақ шөпті заңсыз өртеудің 12 фактісі анықталып, кінәлі тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Брифинг барысында дала өрттерінің негізгі себептері ретінде отпен абайсыз жұмыс істеу және құрғақ өсімдіктерді өртеу факторлары аталды. Сонымен қатар шалғай елді мекендердің қашық орналасуы, сыртқы өртке қарсы су көздерінің жеткіліксіздігі және тұрғындардың өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамауы өзекті мәселелердің бірі екені айтылды.
Алдағы кезеңде профилактикалық жұмыстарды күшейту жоспарланып отыр. Оның аясында қосымша рейдтер ұйымдастыру, тұрғын үйлерді аралау және ақпараттық-насихат материалдарын тарату жалғасады.
Қазіргі таңда Қарасор, Шиқылдақ және Бесқауға ауылдарында үш өрт сөндіру бекеті ашылған. Жалпы Екібастұз өңірінде тоғыз өрт сөндіру бекетін салу жоспарланған. Олар Әлкей Марғұлан, Шиқылдақ, Төртқұдық, Қарасор, Төртүй, Ақкөл, Бәйет және Сарықамыс ауылдарында орналасатын болады.
Төтенше жағдайлар басқармасының мамандары тұрғындарды өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға, құрғақ шөпті рұқсатсыз өртемеуге және тілсіз жаудың алдын алу шараларына жауапкершілікпен қарауға шақырды.
Ділназ Серікбай








