Екібастұз қалалық сотында Павлодар облыстық сотының төрағасы Серік Төлегенов аймақтың судьялар қауымдастығына Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 29 шілдедегі № 1382 Жарлығымен соттардың төрағасы лаузымдарына тағайындалған судьяларды таныстырды. Облыстық сот төрағасы әріптестерін жаңа лауазымдарымен құттықтап, нәтижелі еңбек тіледі, сонымен қатар, сот төрелігін жүзеге асыру сапасын арттыру және біркелкі сот тәжірибесін қамтамасыз ету міндеттерін еске салды.
Екібастұз қалалық сотына Рауан Қуанышбекұлы Бейілғожин, Павлодар облысы № 2 мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына Ержан Ермекұлы Қалкен төраға болып тағайындалды.
Рауан Қуанышбекұлы Бейілғожин 1982 жылы наурыздың 24-і күні Павлодар облысы Успен ауданы Қаратай ауылында дүниеге келген. 2019 жылдың ақпан айынан бастап осы уақытқа дейін Екібастұз қалалық сотының судьясы лауазымын атқарды. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Сот Төрелігі академиясының магистратурасын тәмамдаған, құқық магистрі.
Рауан Қуанышбекұлы соңғы жылдары қалалық сот пен бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы ынтымақтастықты да ұтымды үйлестіре білді. «Отарқа» газетімен тығыз қарым-қатынаста болып, әріптестерінің газет оқырмандарының қатарынан табылуына ықпал етті, заңгерлік саладағы тың өзгерістердің оқырман қауымға жедел жетуі жолында дәнекер болды.
Ержан Ермекұлы Қалкен 1983 жылы 14 шілдеде Алматы қаласында дүниеге келген. 2025 жылдың ақпан айынан бастап осы уақытқа дейін Аққулы аудандық сотының судьясы қызметін атқарған.
Жаңа төрағаларды тағайындау отырысына Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин де қатысты.
Аян Уахитұлы басшыларға сәттілік тілей келе:
– Соттар жұмысының тиімділігіне азаматтардың мемлекетке деген сенімінің нығаюы, әділдікті сезінуі тікелей байланысты. Сіздердің білімдеріңіз, тәжірибелеріңіз бен жауапкершіліктеріңіз сот жүйесінің тұрақты жұмысын, заң үстемдігі принциптерін, ашықтықты қамтамасыз етеді деп сенемін. Жаңа қызметте табыс, салиқалы шешімдер мен жемісті еңбек тілеймін, – деді.
Отырысты қорытындылаған облыстық сот төрағасы Серік Төлегенов жаңа төрағаларға табыс тілеп, сот жүйесіндегі ең негізгі басымдық заң үстемдігін қамтамасыз ету, азаматтардың заңды мүдделері мен құқықтарын қорғау, әділеттілік сапасын арттыру және халықтың соттарға деген сенімін нығайту болып қала беретіндігін атап өтті.
Ж.ЖАПАРОВА









