Әр елді мекенде өрт сөндіру бекетінің болуы тұрғындар көңіліне сенімділік ұялатады. Осы орайда, 30 шілде күні Қоянды ауылдық округінің Бесқауға ауылында айтулы оқиға болып, жаңартылған өрт сөндіру бекетін салтанатты ашу рәсімі өткізілді. Айта кетерлігі, игілікті іс Төтенше жағдайлар министрлігінің «Ауыл құтқарушылары» салалық бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылып отыр.
Іс-шараға Павлодар облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Әсет Сердалин, Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары Қаныш Әділжанов, Екібастұз қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері мен ауыл тұрғындары қатысты.
Сөз болып отырған нысанды жаңарту шалғайдағы елді мекендерде өрт қауіпсіздігін арттыру және жедел әрекет ету мүмкіндігін күшейту мақсатында іске асырылуда. Жаңартылған өрт сөндіру бекеті Бесқауға мен Қоянды ауылдық округіне қарайтын елді мекендерге қызмет көрсетеді.
Өрт сөндіру бекеті заманауи талаптарға сай жабдықталған. Ғимаратта диспетчерлік пункт, өрт сөндіру техникасының гаражы, жеке құрам тынығатын және ас ішетін бөлмелер, санитарлық торап бар. Үздіксіз және тиімді жұмыс істеу үшін барлық жағдай жасалып, бекет үш өрт сөндіру техникасымен қамтамасыз етілген.
Өрт сөндіру бекеті тұрмыстық және далалық өрттерді сөндіру, тұрғындардың талап-тілектері бойынша жедел әрекет ету міндеттерін орындайды.
Ж.Бұланбай








