Павлодар облысында теміржол инфрақұрылымын жаңғырту бағытындағы жұмыстар аясында Шідерті станциясының теміржол вокзалы күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді.
Жаңартылған нысанның ашылу салтанатына Павлодар облысы әкімінің орынбасары Серік Түленбергенов, Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин, «ҚТЖ» ҰК» АҚ «Магистральдық желі дирекциясы» филиалы Павлодар магистральдық желі бөлімшесінің директоры Төлеубай Кенжебеков, сала ардагерлері мен теміржолшылар қатысты.
1954 жылы салынған Шідерті станциясының вокзалында жоба аясында кешенді құрылыс монтаж жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, шатыр толық жаңартылып, ғимараттың ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары аяқталды. Су құбыры, кәріз және жылу жүйелері жаңғыртылып, электр және әлсіз ток желілері толық ауыстырылды. Сонымен қатар вокзал аумағы абаттандырылып, жолаушылар платформалары жаңартылды. Ғимарат жаңа жиһаздармен және заманауи жабдықтармен қамтамасыз етіліп, жолаушылар мен теміржол қызметкерлеріне қолайлы жағдай жасалды.
Жалпы ауданы 269,37 шаршы метрді құрайтын нысанды жаңғыртуға 213 миллион теңгеден астам қаражат жұмсалды. Жобаның тапсырыс берушісі – «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ. Құрылыс жұмыстарын «Павлодар Рем Комплекс» ЖШС орындаса, жобалау жұмыстарын «Архпроект Plus» ЖШС әзірледі. Ал техникалық қадағалауды «СтройТех-PVL» ЖШС жүзеге асырды.
Салтанатты рәсімде Павлодар облысы әкімінің орынбасары Серік Түленбергенов сөз сөйлеп, елімізде теміржол вокзалдарын жаңғырту жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын атап өтті.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде теміржол вокзалдарын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Осы бастама аясында Павлодар облысындағы бірқатар вокзал кезең-кезеңімен жаңартылып жатыр. Бүгін Шідерті теміржол вокзалы тұрғындар игілігіне беріліп отыр. Бұл – жолаушыларға жайлы әрі қауіпсіз қызмет көрсететін заманауи нысан. Мереке қарсаңында өңірдің дамуына үлес қосып жүрген баршаңызға алғысымды білдіремін, – деді ол.
Бүгінде Шідерті станциясы арқылы Астана, Павлодар, Семей, Көкшетау, Қарағанды, Түркістан, Шымкент, Бейнеу және Маңғыстау бағыттарына қатынайтын сегіз жолаушылар пойызы жүреді. Вокзалдың жаңғыртылуы жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттырып, өңірдегі теміржол инфрақұрылымын дамытуға мүмкіндік береді.
Ділназ Серікбай









