Шығармашылыққа құштар, жаңашыл жастар – қоғамның қозғаушы күші. Бүгінде өз идеяларын жүзеге асырып, қоғамдық өмірге белсене араласып жүрген жастар аз емес. Солардың шығармашылық қабілетін шыңдап, көшбасшылық қасиеттерін қалыптастыруда Жайдарман қозғалысының орны ерекше. Әзіл арқылы ой айтып, қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеретін бұл жоба бүгінде мыңдаған жастың басын қосып келеді. Екібастұзда да бұл қозғалыс жылдан-жылға қарқын алып, жаңа есімдердің танылуына жол ашуда.
Екібастұз қаласында қазақша КВН, яғни Жайдарман қозғалысы 2011 жылдан бері үздіксіз дамып келеді. Осы уақыт ішінде жүздеген жас сахнаға шығып, өз қабілеттерін шыңдап, үлкен өмірге жолдама алды. Екібастұз Жайдарман лигасының директоры Ардақ Алдабергеновтің айтуынша, қозғалыстың басты мақсаты – жастар арасында қазақ тілін насихаттап, оларды сахна мәдениетіне баулу әрі шығармашылық әлеуетін дамыту.
– Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, олардың шығармашылық әлеуетін дамыту – басты мақсатымыз. Бұл қозғалысқа қатысқан жастардың басым бөлігі өмірде өз жолын тауып, түрлі салада еңбек етіп жүр. Жайдарман олардың көпшілік алдында еркін сөйлеуіне, жауапкершілік пен сахна мәдениетін меңгеруіне, сондай-ақ командалық жұмыстың қыр-сырын игеруіне ықпал етеді, – дейді ол.
Бүгінде Екібастұз қалалық лигасында мектеп оқушылары, колледж және жоғары оқу орындарының студенттерімен қатар ұстаздар да өнер көрсетіп келеді. Әртүрлі буын өкілдерінің бір сахнада бас қосуы жастар мен аға буын арасындағы шығармашылық байланысты нығайтып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.
Соңғы жылдары Екібастұзда облыстық «Жайдарман» лигасы тұрақты түрде өткізіліп жүр. Жастардың бұл қозғалысқа қызығушылығы жоғары. Жыл сайын жаңа командалар құрылып, олардың қатары артып келеді. Қаладағы қазақша КВН қозғалысы Екібастұз қаласы әкімдігі мен қалалық ішкі саясат бөлімі жанындағы Жастар бастамаларын дамыту орталығының қолдауымен жүзеге асырылып, мектеп оқушылары мен студенттер арасында түрлі лигалар мен кубоктық ойындар ұйымдастырылуда.
Екібастұздың жайдарманшылары бүгінде республикалық додаларда да өңір намысын абыроймен қорғап жүр. Атап айтқанда, «Біз қазақпыз» командасы республикалық Жоғары лигада және телевизиялық жобаларда өнер көрсетсе, «Екібастұз ұстаздары» мен «Бәкелер» командалары «Qazaqstan CUP» жобасының қатысушылары атанды. Ал «ЕПК», «Бантиктер», «Қазақ қыздары», «One House» командалары республикалық аймақтық лигаларда бақ сынап, «Жайылма» командасы «Jaidarman Junior» ойындарында жоғары нәтижелер көрсетті.
«Жайдарман» қозғалысы алдағы уақытта да қарқынын бәсеңдетпек емес. 8 тамыз күні «Шахтер» саябағында республикалық жазғы кубок өтеді. Дәстүрлі додаға Екібастұз командаларына қоса Астана, Қарағанды және Семей қалаларынан республикалық деңгейде өнер көрсетіп жүрген командалар қатысады. Ардақ Алдабергенов мұндай жобалардың жүзеге асуына қолдау білдіріп келе жатқан Екібастұз қаласының әкімі Аян Уахитұлына алғысын жеткізді.
Жастардың шығармашылық әлеуетін шыңдап, олардың қоғамдағы белсенділігін арттыруға ықпал етуші «Жайдарман» қозғалысы бүгінде Екібастұз жастары үшін үлкен тәжірибе мектебіне айналды.
Ділназ Серікбай










